• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2022

Киіктің киесі бар, жердің иесі бар

1202 рет
көрсетілді

Ақбөкендерді атуға рұқсат ету туралы заң жобасы ашық талқылауға ұсынылғалы ел ішінде бүгінде шектен тыс көбейіп кеткен киіктің ауыл шаруашылығына келтіріп жатқан зияны туралы жиі айтыла бастады. Өйткені сайын даланы еркін төстеп, 50 млн жылдан бері адамға азаттығын алдырмай келе жатқан дала еркесі мен қолға үйреніп қоңырқай тіршілікке мойынсұнған төрт түліктің арасындағы бәсеке жыл санап ушығып барады.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инс­пек­циясы басшысының орынбасары Жәнібек Ерсұлтановтың айтуынша, былтыр Қостанай, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында әрі-бері жөңкіле көшіп-қонып жүрген Бетбақдала киіктерінің саны 285 мың болған. Түз жануарлары бір жылдың ішінде 71,3 пайызға көбейіп, бүгінде 489 мыңға жетті. Осыдан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жанынан ауыл шаруашылығына киіктен келген зиянды анықтайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар.

Осылайша, аталған жұмыс тобының облыстағы өкілдері маусым айының 6-сы мен 8-і аралығында Амангелді, Жан­гелдин, Науырзым аудандары мен Арқа­лық қаласының маңайын шолып қайт­ты. Аталған аудандардың әкімдіктері Бетпақдала киіктері мекендейтін аумақ­тар мен олардың миграциялық жолында жатқан егістіктер мен шабындықтарға қауіп төніп тұрғанын алға тартып отыр. Мысалы, Амангелді ауданында 83 мың гектар егістік пен 449 жайылым, Жангелдин ауданында 27 мың гектар егіс алқабы мен 16 мың гектар жайылым, Науырзым ауданында 117 мың гектар егістік, ал Арқалық өңірінде ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылып отырған 71 мың гектар жерге киік тұяғы тисе, адам да, мал да азықсыз қалуы мүмкін. Бірақ комитет жанынан құрылған комиссия жүргізген мониторинг барысында бүгінге дейін киіктен зиян келген ешқандай ауылшаруашылық алқабы анықталмаған. Жұмыс тобына шаруалар тарапынан да ешбір шағым түспепті.

– Аталған аудан әкімдіктерінің мамандарымен кездестік, әрі қарай ауыл­шаруашылық алқаптарының бәрін арала­дық. Дәл қазіргі таңда егінге де, жайы­лымға, шабындыққа да киіктен келген зиян жоқ. Алайда алда қауіп жоқ емес. Қазірше көк бар, су жеткілікті. Ал ертең бір-бір жарым айдан кейін күн ысып, құрғақшылық күшейіп, жердің оты қашып, су мен ылғал азая бастаған шақта киіктердің де егістікке кіру қаупі күшейеді. Енді біз осы уақытқа дейін ақбөкендерді мемлекеттің күшімен қорғап, сұқ қолдан сақтап, көбейтуге тырыстық қой, – деді аумақтық инспекция басшысының орынбасары Жәнібек Сапарғалиұлы.

Киіктің киесі бар болғанымен, жердің иесі бар. Облыстың оңтүстік аудандарында егін егіп, бидай өсіріп отырған шаруа қожалықтарының жанайқайына құлақ түрмесе болмайды. Мысалы, Жангелдин ауданына қарасты Бидайық ауылының шаруалары ақбөкендер егіс алқаптарын таптап жатыр деп шырылдап жүр. Бұл өңірдегі астық шығымы онсыз да төмен. Биыл Бидайықта 10 мың гектарға дән сепкен алты шаруа дақылды күтіп-баптаудың орнына алқапты киіктен қорумен күн өткізіп жатқанын айтады.

– Киік бізге орны толмас зиян келті­ріп жатыр. Өзіміз 6 шаруашылықпыз. Осы шаруашылықтардың басшысы да, жұмысшысы да дәл қазір егінді киіктен қорғап жүр. Киік қуып тастағанға көнсе жақсы ғой. Бір жағынан қуып жатсаң, айналып келіп екінші жағынан кіріп жатады. Киікті көлікпен де, басқамен де қуып жету мүмкін емес. Біздің қорғанып жатқанымызға көнетін киік жоқ. Енді олар егіннің үстінен бір өткенде, түгелдей тып-типыл етіп кетпегенімен, өсіп тұрған 10 сабақтың үш-төртеуін тұяғымен таптап сындырып кетеді. Бидайықтағы алты шаруашылыққа тиесілі 1 600 гектардай жердің үстімен киік өтті. Бір рет өтіп қана қойған жоқ, айналып келіп қайта кіріп жатыр. Былтыр біз қуаңшылықтан бір, киіктен екі зардап шектік. Толып жатқан несиеміз бар. Ол жай тұтынушылық несие емес, техника алу, егін себу, егін жинау, жерді өңдеу үшін алынған несие. Өкінішке қарай, оны төлейтін қаржымыз киіктің тұяғында кетіп жатыр. Былтыр Фермерлер одағына, бірқатар депутаттар­ға шағым айтып едік, әлі күнге дейін ешбір көмек болған жоқ. Киіктен қорғану­дың жалғыз жолы – алқаптарды қоршау. Оған қыруар қаржы қажет. Сондықтан бұл жұмысты мемлекеттің көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Былтыр есеп­тегенімде, өз жерімді қоршау үшін 125 млн теңге қажет екен. Бұл – екі ком­байнның құны. Мысалы, шетелде аңды қорғайтын заң қабылдағанда, ауыл шаруа­шылығы мақсатында пайдаланылып отыр­ған алқаптардың бәрін мемлекет өз қар­­жысымен қоршап береді. Бізге де осын­дай қолдау көрсетілсе, біздің киікте, киіктің бізде шатағы болмас еді. Киікті үркітіп, қуып тастау мүмкін емес. Жүйрік жануардың жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді. Даламен қуғанда оған көлік жете алмайды. Мен қазір төрт көлікпен егіннен қуып шыға алмай отырмын, – дейді ашынған шаруаның бірі Қайрат Райысов.

Науырзым өңірінің диқандары да биыл алқапқа ақбөкен кіріп, тақырға отырғызып кете ме деп алаңдап отыр. Өлең­ді ауылындағы шаруа қожалығының бас­шысы Дмитрий Исаевтың айтуынша, қазір егістікке киіктің 40-50 бастан тұратын шағын отарлары ғана кіріп жүр екен. Алайда алқаптан 2-3 шақырымдай жерде мыңдап өріп жүрген көрінеді.

– Киіктер қазір біздің жайылымда ­сиырлармен бірге өріп жүр. Енді бидай сабағы сәл көтеріліп, дән бүр жарып, балаусаның жұпар иісі шыға бастаса, иіс сезгіш жануарлар алқапты түгел жайпап кетеді. Қазірдің өзінде Буревестник жақтағы шаруа қожалықтарының егіндерін таптап кетіп жатыр, – дейді шаруа.

Осылайша, киікті атуға рұқсат беретін заң­ның қабылдануын қолдап отырған ша­­руалар тек дала жануарларының азайып­ немесе шектен тыс көбейіп кетпеуін ба­қы­­лап, заң күшімен реттеп отыру қажет екенін жеткізді.

Кәсіби аңшы, кәсіпкер Батыр Сейкенов Бетпақдала популяциясына жататын киік­тердің саны ресми орындар айтып отырған 485 мыңнан 2-3 есе көп екенін айтады.

– Ақбөкен аса өсімтал жануар. Қазір Орал мен Үстіртті қоспағанда, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды облыстары­ның аумағындағы Бетпақдала киіктерінің өзі миллионның сыртына шығып кетті. Олар тіршілікке төзімді, өміршең келеді. Мамонттың замандастарының 50 млн жыл жасап келе жатқаны соның айғағы ғой. Киік өмірінде 6 рет төлдейді. Мамырда туған құралайлар желтоқсанда текеден қашады. Алғашқы жылы біреуден, келесі жылы екеу-үшеуден лақтайды. Ал енді ақбөкендер соңғы жылдары қалайша ша­мадан тыс көбейді? Оған ешкім талдау жасаған жоқ, оның қалай жасалатынын қазір ешкім білмейді де. Көбеюдің кесірі құрғақшылықтан зардап шегіп отырған халыққа әсер етпей қоймайды. Киіктер мал жайылымына ортақтасады. Шабындық­ты таптап, егінге түседі. Сондықтан, киіктерді атуға рұқсат берілуі керек. Босқа арам өліп, браконьерлердің жемтігіне айналғанша, ел етін азық қылып, мүйізі мен терісін сатып, пайда тапсын. Бизнестің көзіне айналсын. Ол үшін бұл мәселе әбден зертте­ліп-зерделеніп, ғалымдар жұмыс істеуі шарт, – дейді Батыр Сейкенов.

Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қазіргі заң жобасын әлі де жетілдіріп, оның кейбір баптарын өзге де заң тармақтарымен сәйкестендіру қажет.

– Қазіргі ережеге сәйкес, аңды көлікпен қуып, түнде жарыққа қамап атуға рұқсат жоқ. Ал киікті күндіз қуып жүріп атсаң, қашып, денесіне тер сіңіп, еті жеуге жарамай қалады. Оны тек түнгі уақытта көліктің шамымен жарыққа қамап, аяғынан немесе басынан атып алу керек. Сонда еті де бұзылмайды, мүйізі де кәдеге асады. Ет пен мүйізді, жануардың терісін кәдеге асыру үшін өндіріс ашу керек. Оған арнайы тоңазытқыш, етін мүшелеп бөлетін арнайы сою цехтары қажет. Киіктің етінің ең өтімді мүшесі артқы саны мен белдемесі ғой. Қалғанын өңдейтін өндіріс ашу керек. Оны ешкім білмейді. Білетін мамандар керек. Сондықтан алдымен осының бәрін үйреніп алу керек. Табиғат жанашырлары егер киіктің мүйізін алуға рұқсат берілсе, текесі жойылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Оның бәрі бос сөз. Менің АҚШ-та тұратын бір досым кезінде мынадай ақыл айтты: «Егер сен қандай да бір жануардың жойылып кетпеуін ойлап, қорғағың келсе, оның маңдайына доллардың суретін салып қой», дейді. Түсіндіңіз бе, егер халық киіктен пайда көре бастаса, оның құрып кетуіне ешқашан жол бермейді, – деді кәсіби аңшы.

 

Қостанай облысы