Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (17-0, 8 КО) кәсіпқой бокстағы кезекті кездесуін аргентиналық боксшымен өткізіп, жыл басында жеңіп алған WBO International белдігін бірінші рет қорғады. Сонымен қатар Ақтауда ұйымдастырылған аталған бокс кешінде 2019 жылғы әуесқой бокстан әлем чемпионы, бүгінде кәсіпқой бокс шаршы алаңында өнер көрсетіп жүрген жартылай ауыр салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов (5-0, 1 КО) кезекті рейтингтік жекпе-жегінде қарсыласынан басым түсті.
Жергілікті Adal Promotions компаниясының ұйымдастыруымен өткен Ақтаудағы дүбірлі доданың басты айқасында Мейірім Нұрсұлтанов пен аргентиналық Себастьян Орасио Папески шаршы алаңға шықты. 30 жастағы Папески 2014 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Ол бүгінге дейін 21 жекпе-жек өткізіп, оның 18-інде қарсыласын қапы қалдырған. Тек үш кездесуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан. Аргентиналық боксшы карьерасындағы 21 айқастың 20-сын өз елінде өткізген болса, былтыр алғаш рет шетелде жұдырықтасты. Панамада өткен бокс кешінде ол мексикалық қарсыласын ұпай санымен жеңіп кетті. Шетелдегі екінші кездесуін Қазақстанда өткізген Себастьян Орасио бұл жолы сәтсіздікке ұшырап, тәжірибелі отандасымыздан оңбай жеңілді.
Орта салмақтағы WBO International белдігі сарапқа салынған Ақтаудағы айқас әуелде 10 раундқа жоспарланып, кездесу небәрі бесінші раундта мәресіне жетті. Бірінші раундтан бастап жекпе-жек тізгінін өз қолына алған Нұрсұлтанов қарсыласын бесінші үш минуттықта кескен теректей сұлатып салды. Аргентиналық бір бұрыштан келесі бұрышқа шегініп бара жатып отандасымыздың хук соққысын өткізіп алды. Мейірімнің оң қолымен жасаған жойқын соққысынан кейін Себастьян Орасио ұзақ уақыт есін жия алмай, төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.
Осылайша, Мейірім Нұрсұлтанов ақпан айында жеңіп алған орта салмақтағы WBO International белбеуін алғаш рет сәтті қорғады. Бұл – отандасымыздың кəсіпқой бокстағы 17-ші жеңісі. 2016 жылдан бері кəсіпқой рингте жұдырықтасып келе жатқан Мейірім осы уақыт аралығында 16 мəрте шаршы алаңға көтеріліп, барлығында жеңіске жетті. Тоғыз бəсекесін мерзімінен бұрын аяқтаған еді.
Əуесқойлар арасындағы əлем чемпионы Бекзат Нұрдəулетов кəсіпқой рингтегі бесінші кездесуін қазақстандық боксшы Михаил Коханчикпен (4-1, 4 КО) өткізді. Әуесқой бокста да бір-бірімен жұдырықтасқан ескі таныстар бұл жолы кәсіпқой шаршы алаңда қолғап түйістірді. Екі боксшы 2017 жылғы бокстан Қазақстан чемпионатының жартылай финалында жолығып, кездесу Бекзаттың жеңісімен аяқталған еді. Бұл жолғы айқаста да Нұрдәулетовтің мерейі үстем болды. Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жекте Бекзат төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.