• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 13 Маусым, 2022

17 жыл күттірген жүлде

305 рет
көрсетілді

Бұл күндері Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде семсерлесу мен қылыштасудан Азия чемпионаты өтіп жатыр. 15 маусымда мәресіне жететін Сары құрлық бәсекесінде 20 елдің спортшылары өнер көрсетуде.

Спортты дамыту дирекциясының бас­пасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, чемпионаттың алғашқы күні қылыштасу бәсе­кесінде отандасымыз Артем Саркисян араға 17 жыл салып қола медаль жеңіп алды. Бұл сында Қазақстан құрамасының спортшылары ең соңғы рет 2005 жылы Малайзияда өткен Азия чемпионатында үздік үштіктің қата­рынан көрінген еді. Яғни сол жылы Игорь Цель де қола медаль иеленген болатын.

Жалпы, Сеулде ерлер арасында барлығы 62 спортшы қылыштасты. Артем іріктеуде 3 жекпе-жекте жеңіске жетіп, 1/64-ке жолдама алды. Сосын 1/32 айналымда ирандық Али Пакдаманды 15-9 есебімен ұтса, кейін қытайлық Сяо Линнен басым түсті – 15-14. 1/8 финалда отандасымыз қарсыласын дәл сондай есеппен жеңіп (15-14), үздіктер қатарына қосылды. Жартылай финалда алаң иесі Ку Бон Гильге 10-15 есебімен есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.