Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір «Еңбек қауіпсіздігінің экономикалық проблемалары және Қазақстан Республикасындағы сақтандыру механизмін институционалды түрлендіру» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде 2023 жылы 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарының 12-1 тармағына сәйкес, Өндірістегі жарақаттың алдын алу және өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыру тетіктерін жетілдіру жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасы әзірленеді», деді Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан мүгедек болып қалған тұлғаларды әлеуметтік қорғау мақсатында үш көзден әлеуметтік төлем қарастырылған. Республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек қабілетін жоғалтуына байланысты әлеуметтік төлем және зардап шегуші «Жұмысшының еңбек міндеттемесін орындау барысында жазатайым оқиғалардан зардап шеккен жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға сәйкес сақтандырылған жағдайда сақтандыру көлемі жүзеге асыратын залалды өтеу төлемі жасалады.
Ал егер зардап шегуші сақтандырылмаған жағдайда залалды өтеу төлемін жұмыс беруші өтейді.