• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Маусым, 2022

Жігерлі құраманың жеңісі

428 рет
көрсетілді

Қазақстандық футболшылар кейінгі екі аптада жергілікті жанкүйерлерді былай қойғанда, дүние жүзінің аузы дуалы футбол мамандары мен сарапшыларының таңдайын қақтырумен болды. Ұлттар лигасы аясындағы доп додасында өнер көрсетіп жатқан жерлестеріміз апта бұрын әлемдік рейтингте 45-орында тұрған (Қазақстан 125-орында) Словакия құрамасын сырт алаңда сан соқтырып кетсе, енді, міне, өз жерімізде өткен қарымта кездесуде де басым түсті.

Ұлттар лигасының жеребесі тартылған бетте футбол сарапшылары Словакияны «С» ди­ви­зионындағы үшінші топ­тың көш­басшысы екенін айтып, оларға мерзімінен бұрын «В» диви­зионының жолда­масын беріп қойған еді. Себебі Сло­вакия, жо­ғарыда айтып өт­кен­дей, әлем­дік рейтингте топ­тағы өзге елдермен салыстыр­ғанда әлдеқайда биік тұрған жоғары деңгейдегі құрама саналады.

Мәселен, наурыз айындағы ФИФА рейтингінде Беларусь құрамасы 93-орынға жайғасса, Әзербайжан футболшылары 129-орынға тұрақтаған. Сонымен қатар Словакия құрамасында доп тебетін футболшылардың дені Еуропаның ТОП-5 чемпионатында өнер көрсетеді.

Атап айтар болсақ, қақпашы Доминик Грейф пен қорғаушы Мартин Вальент Испанияның «Мальоркасында» ойнаса, Марек Родак Англияның «Фулхэм» клубының қақпасын күзетеді. Ал Юрай Куцка «Уот­фордтың» шабуылшысы. Милан Шкриньяр («Интер»), Станислав Лоботка («Наполи»), Давид Стре­лец («Спе­­ция») Италия А серия­сы­ның ойын­шылары. Одан бөлек, Гер­мания, Нидерланд, АҚШ, Түр­кия чемпионаттарында да бақ сынайтын футболшылары же­терлік. Ал Қазақстан құра­ма­сында шетел біріншілігінде доп те­бетін екі-ақ ойыншы бар. Бірі – Нұрәлі Әліп («Зенит», Ре­сей), екін­шісі – Ян Вороговский (RWDM, Бельгия).

Дей тұрғанмен, біздің жігіт­тер үздік футболшылармен жасақ­талған, Еуропаның сарапшылары мақтаған азулы Словакияны екі ойында да қалпақпен ұрып алды. Алдыңғы дүйсенбіде Трна­вадағы «Сити Аренада» өт­кен бірінші матчта Қазақстан Ми­лан Шкриньяр бастаған алаң қо­жайын­дарын 1:0 есебімен тізе бүк­тірді. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды кездесудің 26-минутында «Астананың» жар­тылай қорғаушысы Аслан Дара­баев соқты. Бұл жеңілісті слова­кия­лық футбол жанкүйерлері де, сол елдің футболға жауапты мамандары да ауыр қабылдады. Сөйтіп, матчтың ертесі күні Словакия футбол федерациясының басшылығы бас жаттықтырушы Штефан Тар­ковичті қызметінен алып тастады. Бұрындары, әдетте, жеңілістен көз ашпайтын Қазақстан құрама­сының бапкерлері бірінен соң бірі қызметінен кетіп жататын. Енді, міне, кезек қарсыластарға да жеткен сияқты.

Араға апта салып елордадағы «Астана Арена» стадионында ұйым­дастырылған қарымта кездесуде жерлестеріміздің жі­герлі жеңісімен аяқталды. Өз жерінде, жанкүйерлерінің ал­дында рейтингте екінші жүз­діктің қатарында орналасқан Қа­зақстаннан жеңіліп, қолда тұрған маңызды ұпайынан айырылған Словакия футболшылары елор­даға есе қайтару үшін және өзде­ріне тиесілі болған алты ұпай­дың ең құрығында үшеуін олжалау мақсатында келгені анық еді. Алайда Қазақстан құра­ма­сының намысты жігіттері қар­сы­­ластарына үш ұпай былай тұр­сын, соқыр ұпай да ұстатқан жоқ.

Жалпы айтқанда, Магомед Адиевтің ұлттық құрамаға келуі­мен біздің жігіттердің ойыны да, нәти­желері де жақсара бастады. Бас бапкер құрамаға тәжірибелі ойыншылармен қатар жас футболшыларды шақырып, жастарға се­нім білдірді. Өз кезегінде олар Адиев­тің сеніміне селкеу түсір­меді. Кешегі матчтағы Елхан Ас­танов пен Рамазан Оразовтың ойындарына жанкүйерлер де, бапкерлер құрамы да дән риза. Сондай-ақ ресейлік маман өзінің өзгерістерден қорықпайтын тәуе­келшіл және бәрін алдын ала болжай алатын мықты стратег бапкер екенін байқатты.

Мәселен, маусым айындағы төрт ойында да қарсыластарды қате­лестіру үшін барлық матчта бес қорғаушымен ойнады. Бір­ақ сырт алаңдағы кездесулерде қар­сы шабуылға, үйдегі ойындарда ша­буылға көбірек көңіл бөлді. Айталық, кешегі Словакиямен болған кездесуде әдеттегідей бес қор­ғаушымен ойнаса да, сол қап­­талдың қорғанысына Ти­­мур Дос­­мамбетовті жауапты етіп қойды да, жартылай қор­ға­нысқа, яғни оның жоғары жа­ғы­на осы қанат арқылы шабуыл­дайтын тағы бір қорғаушы Ян Вороговскийді шығарды. Ал оң қапталға Михаил Габышевты, одан жоғарыға Елхан Астановты қой­ды. Орталық жартылай қор­ғаныста Асхат Тағыберген мен Аслан Дарабаев, шабуылда Абат Айымбетов ойнады.

Қарсыластың қорғаушылары көп сәтте Айымбетов пен орталық жартылай қорғаушыларды тұ­сап ұстауға тырысты да, қаптал­дағы футболшыларымызды ұмыт қал­дырды. Алғашқы гол соғы­лар сәтте Словакияның екі қор­ғаушысы Айымбетовті «жабуға» ты­ры­сып, Вороговскийді қа­раусыз қалдырды. Сөйтіп, Ян еш қиын­дықсыз допты қақпаға енгізді. Байқасаңыздар, кешегі ойындағы біздің құраманың екі голы да, шабуылдары да қаптал арқылы ұйымдастырылды. 10 күн бұрын ғана ұлттық құрамада дебют жа­саған Елхан Астанов төртінші матч­тағы тұңғыш голын тағы да сол қапталдан ұйымдастырылған шабуылдан кейін соқты.

Екінші таймда физикалық тұрғыда шаршай бастаған Қа­зақ­стан құрамасы басымдықты словакиялықтарға беріп қойды. Нәти­жесінде, қонақтар екінші тайм­ның басында Матуш Берон­ның голынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Ойынның қалған уа­қы­тында да қарсыластар Игорь Шацкий қорғаған қақпаға толассыз шабуыл ұйымдастырғанымен, оның бірде-біреуін голға айналдыра алмады.

Осылайша, Қазақстан құра­масы Словакияны екі ойында да жеңіп, тарихи нәтижеге қол жет­кізді. Төрт ойыннан кейін 10 ұпай жинаған жерлестеріміз «С» лига­сының үшінші тобында жеке-дара көш бастады. Екі жеңісі бар Словакия алты ұпаймен екінші орнын сақтап қалса, топтағы екін­­ші ойында өз алаңында Бела­русь құрамасынан басым түскен Әзер­байжан төрт ұпаймен үшінші са­тыға көтеріліп алды. Бір ғана ұпайы бар Беларусь соңғы орында қа­лып қойды.

Енді Ұлттар лигасының қалған екі ойыны қыркүйекте өтеді. Егер, Магомед Адиев шәкірттері осы екі матчтың біреуінде жеңіске жетсе немесе екі бәсекеде тең нә­ти­жеге қол жеткізсе, аталған тур­­­нирдің келесі маусымында «В» лигасында өнер көрсетеді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық ке­зеңіне жолдама же­ңіп алуына қосымша мүмкіндік береді. Қазақ­стан құрамасы келесі ойынын 22 қыркүйекте елордадағы «Ас­тана Аренада» Беларусь, 25 қыр­күйекте сырт алаңда Әзер­бай­жан футболшыларымен өткізеді.

Турнир кестесі

Құрама

Ойын

Жеңіс

Тең

Жеңіліс

Доп айырмасы

Ұпай

1

 Қазақстан

4

3

1

0

6-2

10

2

 Словакия

4

2

0

2

3-3

6

3

 Әзербайжан

4

1

1

2

2-3

4

4

 Беларусь

4

0

2

2

1-4

2