Қазақстандық жас теннисшілер өткен аптада Еуропаның бірқатар елінде және Қазақстанда ұйымдастырылған халықаралық турнирлерде өрелі өнерлерімен көзге түсті.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша Арсений Требухин Грузияның астанасы Тбилисиде ұйымдастырылған 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өткен үшінші санаттағы жарыстың абсолютті жеңімпазы атанды. Алматы теннис мектебінің түлегі саналатын А.Требухин жекелей сынның финалында осы турнирдің бірінші ракеткасы ресейлік Артем Семеновті екі сетте – 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл – отандасымыздың Еуропадағы ең алғашқы ірі жеңісі. Сондай-ақ Требухин аталған турнирдің жұптық бәсекесінде де топ жарды. Ол алматылық Родион Лукашовпен бірге жұп құрап, бас жүлде үшін өткен матчта ресейліктер Иван Макаров пен Мирослав Морозовтан айласын асырды – 7:5, 6:2.
Сонымен қатар Тбилисидегі 16 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы додада ақтөбелік Демид Горбачев финалға дейін жетіп, шешуші ойында Еуропаның 15-ракеткасы ресейлік Сава Рыбакинге жол берді – 4:6, 6:7 (3:7). Дегенмен Д.Горбачев жұптық сында топ жарды. Мансұр Шәкенмен бірге ол финалда ресейліктер Владимир Кадобине мен Антон Катарцевтен айласын асырды – 6:2, 6:0.
Латвияның бас шаһары – Ригадағы екінші санаттағы Еуропа додасында 12 жасқа дейінгілер арасында Жантөре Санжарұлы жекелей және жұптық сынның финалисі атанды. Жекелей сынның финалында ол финляндиялық Алекс Тоумоллинге есе жіберсе (0:6, 3:6), жұптық сында ұлыбританиялық Хаким Камалмен бірге латвиялық Густавс Бритц пен А.Тоумоллиннен ұтылып қалды – 1:6, 2:6.
Ал Черногориядағы 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF турнирінде қазақстандық Сати Әубәкірова да жұптық сында финалға дейін жетіп, жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Қытайлық Ифей Хуангпен бірге жұп құраған Сати Әубакірова италиялықтар Анастасия Бертаччи мен Франческа Гандолфиден жеңіліп қалды – 0:6, 4:6.
Сондай-ақ Шымкенттегі ATF (Азия теннис федерациясы) сериясы бойынша 16 жасқа дейінгілер арасында халықаралық жарыс өз мәресіне жетті. Мұнда бозбалалар арасында елордалық Вячеслав Куфельд жеңіс тұғырына көтерілсе, жұптық сында ақтөбелік Святослав Буреев пен шымкенттік Иманғали Рахымбаевтың бағы жанды. Қыздар арасында алматылық Полина Слепцованың мерейі үстем болды. Жұптық сында шымкенттік Әдемі Аманкелді мен өзбекстандық Шахзода Артықбаева чемпион атанды.