Чемпиондар лигасының жаңа маусымына қатысатын Қостанайдың «Тобылы» жеребеге сай алғашқы айналымда Мажарстанның «Ференцварош» клубымен кездесетін болды.
Іргетасы 1899 жылы қаланған Будапешт қаласының клубы бүгінге дейін Мажарстан чемпионатында 33 мәрте топ жарған. Сондай-ақ 24 мәрте Мажарстан кубогында жеңімпаз атанған, 6 рет суперкубок додасында дара шыққан. 1964 жылдан бері Еурокубок бәсекелерінің тұрақты қатысушысына айналған «Ференцварош» 1964-1965 жылғы футбол маусымында бұрынғы Жәрмеңке кубогы, қазіргі Еуропа лигасы турнирінде жеңімпаз атанған. Әзірге бұл Мажарстан клубтары арасындағы Еурокубокта атой салған жалғыз команда.
«Ференцварош» қазіргі таңда УЕФА рейтингінде 101-орында тұрса, «Тобыл» 310-сатыға жайғасқан. Команданы 58 жастағы ресейлік маман Станислав Черчесов жаттықтырады. «Тобыл» мен «Ференцварош» клубтары арасындағы бірінші айналымның алғашқы матчы 5 шілдеде Қостанайда, қарымта кездесу 12 шілдеде Будапештте өтеді.