• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Маусым, 2022

Сот беделі – мемлекет беделі

303 рет
көрсетілді

Адамдықтың асқарына арлы ісімен есімдерін жазған жандар­дың арасынан ойып тұрып өз орнын еншілеген бір арда азамат бар. Ол аймағымыздағы сот саласының ардагері – Орынбасар Тастанбаев.

Бүгінде Орынбасар Тастанбаев деген атауға қосымша бір түсінік­тің қажеті жоқ секілді. Бұл кісіні еңкейген кәріден есін жиған жас балаға дейін біледі десек, артық емес. Оны қалың жұртқа танымал еткен – үздіксіз еңбегі, адамдармен тез тіл табысып, жат жұртқа да өз кісісіндей еркін еніп кететін жайдары мінезі.

Орынбасар ағаның өмір жолы­ның өзі өзгелерден мүлдем бөлек. Балғын балалық шағы «арғы бетте» өтті. Кешегі Кеңес заманының содыр саясаты тұсында қалың қазақ балапан басына, тұрымтай тұсы­на күй кешкенін тарихтан жақсы білеміз. Сол бір аласапыран уақытта қазақ үдере көтеріліп, бірі Қытай, бірі Ауған асып жатты. Орекеңнің ата-бабалары да қызыл өкіметтің қыспағынан Қытайға қашуға мәж­бүр болған еді. Орынбасар сол Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында өмірге келді.

Әлі есінде, бала кезінде әжесі марқұм алыстан мұнартқан тау сілемдеріне қарап тұрып мұңлы жүзімен, жарықшақтана шыққан дауысымен «есіңде болсын балам, анау таудың арғы жағында біздің атамекеніміз бар. Қазақ даласы деген кең жазиралы жеріміз бар. Ертең, есейіп, ер жеткен шағыңда сол ата жұртқа оралудың қамын жаса», деп отыратын.

Әкесі малшы болғаннан кейін Орынбасардың үйі жазда жайлау­ға, қыста қыстуға жиі көшетін. Сон­дай көш кезінде әжесі көрсете­тін жол таудың етегімен жүретін. Сол кезде Орынбасар тауды асып, арғы беттегі атамекенді бір көргісі келетін. Ол ойын әкесіне де айтатын. «Е балам, ол – осы жақтағы исі қазақтың басты арманы ғой. Кім біледі, күн туып жатса атажұртқа да жетерміз», деп ауыр күрсініп, тауға қарап ұзақ отырып қалатын.

Әкесі айтқан сол күн туды. Ақ түйе­нің қарны жарылды. 1963 жылы Қытайдағы қазақтарды Қа­зақ­стан­ға қайтару туралы келісім бол­ды. Ел ағылып, Қытай үкіметінің жер­гілікті кеңсе­сінің алдында кезекте тұрды. Орын­басардың әкесі де сол ұзын сонар кезекке тіркеліп, ақыры рұқсат қағазын алды-ау. Бұл 1963 жыл еді. Бұл кезде Орын­басар 13 жас­тағы ойын баласы болатын. Әке-шешесімен бірге бұрынғы Жезді ауданының (қазіргі Ұлытау ауданы) Қарақұм ауылына келіп орналасты. Шалғайдағы ша­ғын ауыл Орынбасар үшін жұ­мақ төріндей көрінді сол кезде. Әжесі айтқан ата жұртқа табаны ти­геніне қуанды. Әке-шешесі мал ша­руашылығымен айналыс­ты да Орынбасар Қарақұм орта мек­тебінде оқуын жалғастырды. 8 жыл ауыл интернатында жатып білім алды. Одан кейін аудан орта­лығы Жезді мектеп-интернатына келді. Осы интернатта жатып 1970 жылы 10 жылдықты бітірді. Енді оны алда асқақ арман күтіп тұрды.

Есейіп, ақыл тоқтата бастағанда Орынбасар өзін заңгер болуға дайын­дай бастады. Заң саласы, сот туралы ақпараттар жинап, әде­биеттер оқуды дағдыға айналдыр­ды. Ақыры, мектеп бі­тірген жылы Алматыға барып Қазақ уни­вер­ситетінің заң факультетіне құжат­тарын тапсырып, күндізгі оқу бөлі­міне оқуға түсті.

Осы оқу ордасынан дипломын алып шыққан оны сол жылдары ашылып, қалыптаса бас­таған Жезқазған облысына жол­­дамамен жіберді. Бір жылдай заң саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған жас жігіт алғашқы күннен бастап-ақ өзінің біліктілігін, ісіне мығымдығын көр­сетті. 1975 жылдың 24 қыркү­йегінде Халық сотының құрамына тағылымдамадан өтуші болып ха­лық судьясы лауазымына алынды. Ал бір жылдан кейін, яғни 1976 жылдың 12 сәуірінде бүкіл қалалық соттардың сайлауында Жезқазған қаласының халық сотының судьясы болып сайланды. Тағы бір жылдан соң, облыстық соттың қылмыстық істер бөліміне ауысты.

Кеңес өкіметі кезінде кадрлық саясат коммунистік партияның қа­таң бақылауында болатын. Сон­дай қатал сүзгі жұмыс істеп тұр­ған тұста қысқа мерзімде мұндай қызметтік сатылармен көтерілуге тек іске мығымдар ғана қол жет­кізетін. Орынбасар да өзінің іскер­лігінің арқасында Жезқазған об­лыстық сотының қылмыстық іс­тер жөніндегі алқасында табаны кү­ректей 15 жыл қызмет істеді. Жал­пы еңбек өтілі – 38 жыл. Осы жыл­дар ішінде ол қанаттас жатқан қос қала – Жезқазған мен Сәтбаев қа­ла­­ларында сот қызметінің сатыла­рынан өтті. 1989 жылы Жезқазған қа­лалық сотының төрағасы болды. Сол жылы Никольский (қазіргі Сәт­баев) қалалық сотына судья бо­лып келіп, бірер айдан соң осы сот­тың төрағасы болып сайланды. Ке­шегі тоқсаныншы жылдардағы оңтай­лан­дыру кезеңдерінде де Орынбасар Тастанбаев Жезқазған қалалық соты төрағасының міндетін атқару­шы, Жезқазған қалалық сотының төрағасы сияқ­ты қызметтерді мін­сіз атқарып, 2013 жылы отставкаға шықты.

Орекеңнің өз ортасында ғана емес, Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі халықтың арасында абыройы асқақ. Өңірдің зиялыларының ортасында сыйлы. Әрине, сот болған соң ғана емес, қанына біткен қасиеті – кішіпейілділігі, мәдениеттілігі, сыпайылығы, жұмысына жауап­кершілігі, адамгершілігімен де елдің қошеметіне бөленіп, қалаулысына айналды. «Қоладан құйғандай» дейтін сөз осы Орекең сияқты аза­маттарға арналып айтылған ба дер­сіз. Ол кісінің сабырлылығы мен сал­мақтылығы осы қоладан құй­ғандай ауыр, орнықты. Ол кісіні еш нәрсемен елітіп, еліктіре алмайсыз.

«Біз үшін ең ауыр нәрсе – үкім шығару. Іс қаралып, айыптаушы бұлтартпас айғақтарымен кінә­сін нақтылап, қорғаушы барлық мүмкін деген қорғау әрекеттерін айтып, шыр-пыр болады. Сот ісі аяқталады. Ол процесс қана аяқ­талған. Енді біздің ішкі арпалысымыз басталады. Бірнеше күн, тіпті бірнеше ай бойғы қаралған істі оңаша отырып тағы ой елегінен өткіземіз. Тіпті қылмысты жасауға итермелеген себептерді де елеп, ек­шейміз. Үкімді содан кейін ба­­рып шығарамыз. Өйткені біз­дің бір ауыз соңғы сөзіміз бен бал­ға­мыз­дың ұрылуынан артында адам тағдыры тұр. Оның келешегі тұр», дейді Орынбасар аға ағынан жарылып. Бұл еш бүкпесі, қоспасы жоқ шындық.

Кешегі тоқсаныншы жылдар­дың топалаңы сот саласына да өзі­­нің салқынын тигізбей қойған жоқ. Біресе қысқартылды, біресе кеңей­тілді. Он түрлі оңтай­лан­ды­ру­лар­дан өтті. Сан мәрте реформа­ларды бастан өткерді. Міне, сол қым-қуат заманда да Орынбасар Тастанбеков өзінің оң жолынан тайған жоқ. Сәтбаев қалалық сотының төрағасы болып қызмет атқарып жүргенде жап­пай оңтайландыру жылдары бас­талды. Маман тапшылығы да сезі­ліп жатты. Осындай кездері Оре­кең жас заңгерлерге ақыл-ке­ңес беріп, дұрыс жол таңдауға үйрет­ті. Кейін Жезқазған қалалық со­ты­­­ның төрағасы болып қызмет ат­қарған кездері де ақ сөйлеп, әділ үкім шығарып, қоғамның қауіп­­сіздігін, елдің тыныштығын, заң­ның әділдік құруын басты назарында ұстады.

Орынбасар Тастанбаев – өзінің саналы ғұмырын заң саласына, оның ішінде сот саласына арна­ған жан. 2013 жылы зейнеттік де­ма­лысқа шыққанша осы салада адал әрі әділ жұмыс атқарды. Осы жылдар ішінде ол заң қызметін көрсетудің үздік үлгісін көрсетіп, өңір жұртшылығына өз ісінің кәсі­би маманы, білікті басшы, адалдық, тазалық, туралық деген өмірдегі ұстанымынан айнымайтын азамат ретінде танылды. Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бұл кісінің қарамағында жұмыс жасаған сол кездегі қаншама жас бүгінде тәжі­рибелі де, білікті заңгер, судья болып қалыптасты.

Орекең зейнет жасына шыққан­нан кейін де қол қусырып қарап отыр­мады. 2013 жылдың күзіне де­йін сот кеңесшісі, облыстық адво­каттар алқасының шешімімен Жезқазған аймақтық заң кеңесі­не меңгеруші болып қызмет етті. Содан осы күнге дейін Жезқаз­ған аймақтық заң кеңесінде жұ­мыс істеп келеді. Әрине, мұн­дай жетістіктері мен еңбектері еске­русіз қалған жоқ. Тиісті орындар­дан жоғары бағаланып, түрлі ма­ра­паттарға ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығының мерейтойлық мемлекеттік медальдары, «Үш би» медалі және Қарағанды облысы бойынша алғаш болып «Құрметті судья» шенінің берілуі – осы көп жылғы адал әрі абыройлы еңбектің бағасы. Бұл марапаттар мен атақтар адаспай өз иесін тапты. Ол өзінің әу баста тағдыры сыйға тартқан арлы адалдық пен тақуа тазалыққа апаратын жолынан ауытқыған жоқ.

«Ең бастысы, салиқалы судья өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен соттың беделін өсі­реді. Олай болмаған жағдайда судья керісінше беделін түсіреді. Сот беделі – мемлекеттің беделі. Ал мемлекеттің бедел-абыройы қо­­ғамның дамып гүлденуінің ал­ғы­шарты. «Бірінші кезекте өз ар-ұжданы алдында шыншыл болу керек, ал іс жүргізудегі кемшіліктер­­ді жоюға болады, тәжірибе жыл­дармен келеді.... Егер адал бол­саң, қор­қатын ешнәрсе жоқ!» Бұл – Орынбасар Тастанбаевтың өмір бойғы ұстанымы. Өзінің осы өмірлік кредосын сот жүйесінің ардагері жастарға, қазіргі қызметте жүрген судьяларға айтып, үйретіп, кеңес беріп отырады. Өз бойындағы осы адами қасиеттерді кейінгілердің санасына сіңіріп, қызметтегі, жалпы өмірдегі тура жолымен үлгі болған ағаның көпшілік білетін бітім-бол­мысы, міне, осындай.

 

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Қарағанды облысы