Швейцарияның Ньон қаласында футболдан УЕФА Конференция лигасының бірінші және екінші іріктеу кезеңдерінің жеребесі тартылды.
Былтыр ғана тұсауы кесілген аталған турнирдің биылғы маусымында Қазақстанның үш командасы өнер көрсетеді. Атап айтқанда, ел біріншілігінің күміс жүлдегері – «Астана», қола жүлдегері – «Қайрат» және Қазақстан кубогының иегері – «Қызылжар» клубтары. УЕФА-ның ұпай коэффициентінде Қазақстан өзге елдерге қарағанда жоғары орында тұрғандықтан, қазақстандық командалар Конференция лигасының іріктеу бәсекелерін екінші кезеңнен бастайды.
Жеребе қорытындысы бойынша, елорданың «Астанасы» екінші айналымда Польша чемпионатының күміс жүлдегері «Ракув» ұжымымен кездессе, Алматының «Қайратына» Мажарстан біріншілігінің екінші орын иегері «Кишварда» клубы қарсылас атанды. Ал Петропавлдың «Қызылжары» Хорватияның ең үздік командаларының бірі – «Осиекпен» кездесетін болды. 21 шілдеде өтетін алғашқы матчты «Қайрат» пен «Қызылжар» Қазақстанда өткізсе, «Астана» турнирді сырт алаңдағы ойынмен бастайды. Қарымта кездесулер 28 шілдеге жоспарланған. Айта кетейік, Конференция лигасының алғашқы маусымында Италияның «Рома» клубы жеңімпаз атанған болатын.