Сеулде өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Командалық сайыста сынға түскен Қазақстан әйелдер құрамасы қылыштасу бағдарламасында қола жүлде жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Татьяна Приходько, Анастасия Гулик өнер көрсететін біздің команда ширек финалға дейінгі қарсыластарынан еш қиындықсыз басым түскен. Ширек финалда Гонконгпен өткен аса тартысты кездесуде жерлестеріміз 45:43 есебімен жеңісті жұлып алғанымен, жартылай финалда Оңтүстік Корея құрамасына дәл сондай жігер көрсете алмады. Жерлестеріміз жарыс қожайындарына 35:45 нәтижесімен есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Артем Саркисян қылыштасу бәсекесінде қола медальға қол жеткізіп, Қазақстан үшін 17 жыл күткен Азия чемпионатындағы жүлдені жеңіп алған еді.