Мексиканың Леон қаласында ұйымдастырылған ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты қазақстандық спортшылар үшін табысты аяқталды.
Мұхиттың арғы бетінде өткізілген додада Қазақстан құрамасының тоғыз спортшысы өнер көрсетіп, соның жетеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Ерасыл Сәулебеков (67 кг), Едіге Емберді (73 кг), Денис Полубояринов (81 кг) және Никита Абдрахманов (102 кг) Мексикада Әнұранымызды шырқатса, Надежда Ли (64 кг) күміс, Ерасыл Омаров (55 кг) пен Александра Беленко (40 кг) әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Осылайша, бір аптаға жалғасқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар төрт алтын, бір күміс және екі қола медальмен жалпыкомандалық есепте топ жарды. Сондай-ақ төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль олжалаған Колумбия спортшылары екінші орынға ие болса, екі алтын, үш күміс, үш қола жүлде жеңіп алған Түркия құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Мексикадағы чемпионатта барлығы 22 елдің өрендері жүлдеге ілікті.