• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 20 Маусым, 2022

Жаңа Қазақстан һәм отандық ғылым

1198 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Соның бір дәлелі – Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы. Сондай-ақ Президенттің Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беруі де тегін емес. Ел басшысы Жаңа Қазақстанды құруға ғалымдар да белсене атсалысып, маңызды әрі тарихи сәтте зор жауапкершілік танытарына сенім білдіріп отыр.

Президент Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде «Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс» деген болатын. Мемлекет басшысының отандық ғалымдарға қаншалықты жауапкершілік жүктеп отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Қазіргі жағдайда Қазақстан ғылымы қандай бағытты ұстануы керек? Ғалымдар нені ескеруі тиіс? Біз бұл сұрақтарды біршама жыл шетелде шыңдалып, саналы түрде елге оралып, қазір отандық ғылымға олжа салып жүрген білікті мамандарға қойып көрдік. Атап айтқанда, біздің сұрақтарға «Астана» ұлттық зертханасының басшысы Дос Сарбасов, Назарбаев университетінің профессоры Алима Бисенова, Материалдарды перспективалық зерттеу және лазерлік технологиялар зертханасының директоры Жандос Өтеғұлов, Назарбаев университеті президентінің кеңесшісі Қанат Байғарин жауап берді.

Жаңа Қазақстан жағдайында отандық ғылым қандай бағытты ұстануы керек?

Дос Сарбасов: Өзгеріс сөзбен емес, нақты іспен жасалады. Сондықтан бұл реформаларды өткізу және тыңғылықты жоспарлау секілді маңызды бағыттан тұратын мемлекеттің ұзақ мерзімді қадамына байланысты. Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы ел дамуының жаңа нұсқасы ретінде жағдайдың күрделілігін толық көрсете алмайды. Өйткені, Қазақстан дамыған ел боламыз ба әлде болмаймыз ба деген өтпелі кезеңде тұр. Бұл процесте ғылым маңызды рөл атқарады. Мәселе жаңа технологияларды әзірлеумен шешілмейді. Экономиканың өнеркәсіптік секторы үшін қажетті мамандарды даярлау және оқыту да маңызды. Ғалым ретінде айтарым, тек мықты зерттеу бағдарламалары бар ел ғана бәсекеге қабілетті.

Алима Бисенова: Қазақстан ғылымы еліміз тәуелсіздік алған соң ұзақ уақыт бойы өзінің даму жолын іздегені баршаға мәлім. Бұл ретте отандық ғалымдар әлемдік ғылымның үздік тәжірибесін игеруге тырысты. Сондай-ақ ел билігі студенттерді шетелге оқуға жіберуді қолға алды. Қазір әлемнің үздік мектептерінен тәжірибе жинадық, өзімізге керектіні алдық деп толық айта аламыз. Енді өз жүйеміз үшін жұмыс істеп, өзімізге қажетті бағытты таңдаудың, өзімізге тиімді дүниелерге назар аударатын уақыт келді.

Ғылым елде туындаған сын-қатерлерді сапалы түрде жеңуге көмектесуі тиіс. Бұл ретте әлемдік ғылыммен байланысты бұзуға болмайды. Жаһандық сипат пен бәсекеге қабілеттілікті естен шығармау маңызды. Сондықтан мемлекеттің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесін дамыту қажет. Осының аясында Үкімет елдің болашақта табысты дамуы үшін маңызды мәселелер мен міндеттерді алға қоюға тиіс те, ал ғалымдар оларды шешуге міндетті. Мектептері, зерттеу орталықтары бар жетекші университеттердің көп болғаны жақсы. Ғылыми кластерлер дамуы керек. Міндет ауқымды болып көрінгенімен, қорықпау керек. Қайта соған ұмтылған жөн.

Жандос Өтеғұлов: Қазақстанда ғылымды дамытудың басымдықтарын айқындау үшін ең алдымен, бізде және шетелде қазіргі күні экономика мен қоғамда қандай өткір проблемалар барын анықтау қажет. Ол үшін әрбір 5 жыл сайын қолданбалы және іргелі ғылымдардағы ғалымдар шешуі тиіс міндеттерді айқындау мақсатында барлық сала бойынша форсайттық SWOT-талдамалық зерттеулер жүргізу керек. Мұндай талдаумен жергілікті және шетелдік ғалымдардың басын біріктіріп отырған белгілі бір орталық айналысқаны дұрыс. Аталған ғалым-аналитиктер ғылым мен жаңа технологиялардағы ұлттық және әлемдік трендтерді де қадағалайтын болады.

Төртінші өнеркәсіптік революцияні өткеріп жатқан әлемде физикалық, цифрлық, биомедициналық, әлеуметтік ғылымдар мен технологиялардың түйіскен жерінде әрекет ететін пәнаралық бағытқа ойысу үрдісі байқалып отыр. Болашақта ең маңызды ғылыми жаңалықтар да осы бағыттардың бірігуінен пайда болады деп ойлаймын. Мәселен, біздің алдымызда судың жетіспеушілігі, соның ішінде таза ауыз су, дем алатын ауаның ластануы, елдің оңтүстігінде электр энергиясының жетіспеушілігі, ұлттық қауіпсіздік сияқты күрделі мәселелер тұр. Өзекті әлеуметтік проблемалардың қатарында ажырасу мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің көптігі де бар. Біз бұл мәселелерге аса мән бермей келдік. Енді олай істеуге болмайды. Экономика мен қоғамдағы мәселелерді шешуге әртүрлі саладағы ғалымдардың күш-жігерін бағыттау қажет.

Қанат Байғарин: Қазіргі әлемнің дамуын негізгі бағыттар бойынша ғылым мен озық технологиялар қалыптастырады. Сондықтан еліміздің болашақтағы жетістіктері үшін іргелі ғылыми зерттеу бағдарламалары керек. Әлемдік экономиканың дамуына түрткі болған инновациялардың шамамен 85%-ы дәл осы іргелі ғылыми зерттеулерге негізделген. Өткен ғасырдың ортасы мен соңынан бастап атом ядросын, жоғары энергиялық физиканы, астрономияны, есептеу математикасын, топологияны, генетиканы, химияны зерттеу көптеген игілікке жол ашты. Аталған салалардағы жетістіктер негізінде лазерлер, радарлар, телекоммуникациялық құрылғылар, интернет, заманауи техниканың бірнеше буыны, роботтар, медициналық жабдықтар, жаңа материалдар, дәрі-дәрмектер және басқа да инженерлік технологиялар пайда болды. Нанотехнология мен нано-бөлшектер, оптикалық, радио және басқа да диапазондардағы ультра сезімтал сәулелену детекторлары, тіпті жасанды интеллект дүниеге келді. Сондықтан Қазақстан уақыттан қалыспай, әлемдік ғылыми орталықтармен бірге іргелі ғылымдар саласындағы зерттеулермен айналысуы қажет.

Сондай-ақ біздің ел әлемдік нарыққа түсетін қазақстандық өнімнің құнын арттыруы үшін табиғи ресурстардың шикізат түрінде сатылуынан алшақтауы тиіс және оларды өңдеу деңгейін барынша тереңдетуі керек. Ол үшін қолданбалы ғылымдарды дамыту және заманауи технологиялар мен ғылымның соңғы жетістіктеріндегі қазақстандық ғалымдардың сарапшылық деңгейін арттыру маңызды. Ғылыми жаңалық пен оны іс жүзінде қолдану арасындағы уақыт өте қысқа. Сондықтан мемлекет экономика мен индустрияның нақты секторына заманауи жетекші ғылыми жетістіктерді, технологиялар мен практиканы қабылдауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруда сапалы жұмыс істеуі керек. Осы аталған бағыттар отандық ғылымның және тұтастай алғанда елдің табысты дамуына елеулі үлес қоса алады. Тиісінше халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да да мүмкіндік бар.

Қазақстан үшін ғылыми тұрғыдан дамудың қандай жолы тиімді?

Дос Сарбасов: Ғылыми дамудың басымдығы дегеніміз – елдегі тұрғындардың әл-ауқаты, оның ішінде өмірдің экономикалық және сапалық параметрлері. Ғылыми дамудың негізгі міндеті – ел экономикасының барлық саласында, сондай-ақ денсаулық сақтауда алдыңғы қатарлы және бәсекеге қабілетті технологияларды енгізу әрі қолдау. Бәсекеге қабілетті ғылым қысқа мерзімде қомақты және үздіксіз қаржыландырудың нәтижесінде ғана дами алады. Бұл ретте аумағы үлкен ел ретінде ерекшеленетін Қазақстан үшін халық саны шектеуші фактор болып саналмайды.

Алима Бисенова: Ең алдымен ғылым қоғамдық сұраныспен, елдің пайдасымен байланысты болуы керек. Егер бізде мал және өсімдік шаруашылығы жақсы дамып жатса, онда ғылым осы салалардың сұраныстарына сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Егер елімізге психологтар немесе мұғалімдер қажет болса, онда ғылым мемлекетке аталған мамандарды сапалы дайындауға көмектесуі керек. Сондай-ақ ғалымдардың мемлекетке толыққанды ақпарат беруін реттеу маңызды. Яғни сапалы өзара диалогты жолға қою қажет. Әлемде және біздің қоғамда не болып жатыр, болжамды сценарийлер қандай, қоғамда қандай құндылықтар қалыптасуы мүмкін, бұл елдің дамуына қалай әсер етеді деген сұрақтар жауапсыз қалмауы тиіс.

Жандос Өтеғұлов: Мемлекет қаржылық тұрғыдан бірқатар дүниеге назар аударуы керек. Біріншіден, елімізде белгілі бір деңгейде «өсу нүктесі» бола алатын Назарбаев университетіне ұқсас тағы екі зерттеу университетін құру керек. Ол үшін қазірдің өзінде аталған университеттер үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы болашақ профессор-зерттеушілерді даярлаудың стратегиялық бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл оқу бағдарламасы ұзақ мерзімді болуы керек және кем дегенде 12 жылдық дайындыққа арналуы шарт: 4 жыл бакалавриат + 2 жыл магистратура + 4 жыл докторантура + кем дегенде 2 жыл постдокторантура.

Екіншіден, Scopus және Web of Science базаларындағы жетекші журналдардағы жарияланымдар арқылы белсенді ғылыми қызмет нәтижелерін көрсететін еліміздің профессор-оқытушылар құрамын, зерттеушілері мен студенттерін материалдық тұрғыдан ынталандыру керек.

Үшіншіден, пәндік олимпиадаларда ғана емес, сонымен қатар ұлттық және халықаралық ғылыми-инженерлік және жобалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болған жоғары сынып оқушыларын материалдық тұрғыдан ынталандыру қажет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, балалардың осындай байқауларға ерте жастан қатысуы олардың ғылыми мәдениеті мен ғылыми креативтілігін қалыптастырады.

Төртіншіден, елде қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын әрі ғылымды қажетсінетін өндірістер құруға ықпал ету маңызды. Олар жоғары білікті ғылыми-инженерлік кадрларды даярлауға жол ашады. Мәселен, Қазақстанда коммерциялық АЭС құру елде ядролық технологиялар мен материалтану саласындағы ғылыми мектептердің дамуына мүмкіндік береді. Мұнай сервистік, геологиялық барлау және тау-кен компаниялары үшін лазерлік-оптикалық аспаптар шығаратын өндірістерді құру мұнай мен пайдалы қазбаларды алу коэффициентін арттыруға бағытталған жаңа лазерлік-оптикалық технологиялар құруға бастайды. Қатерлі ісік диагнозына арналған жаңа оптикалық құрылғылар еліміздің денсаулық сақтау деңгейін жаңа белеске көтереді. Фотоника саласында ғылымды қажет ететін осындай өндірістерді құруға, мысалы, микро немесе нано-электрониканы дамытуға аса бір қомақты қаржылық инвестиция қажет емес.

Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты кейбір беларусьтық, ресейлік және украиналық жоғары технологиялық компаниялар Қазақстанда өз өндірістерін ашу мүмкіндігін қарастырары анық. Бұл біздің елде ғылымды қажетсінетін индустрияны одан да тез қалыптастыруға және біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға ықпал етпек.

Қанат Байғарин: Өкінішке қарай, қазір Қазақстанның нақты экономикасы мен отандық ғылым бір-бірімен қабыспай тұр. Бизнес пайда табады, ал мемлекет ғылымның мүмкін деген үлесін ескерместен ұлттық табысты қалыптастырады. Алға жылжу үшін елімізге ғылымды, нақты өндірісті және бизнесті басқару процесін айтарлықтай өзгерту қажет. Қазақстан үшін оңтайлы модель – үш жыл ішінде ғылымды қаржыландыруды қазіргі деңгейден (0,12%-дан) ішкі жалпы өнімінің 1%-ына дейін мақсатты түрде ұлғайту. Алдағы бес жылда бұл үлесті 3%-ға дейін арттыру қажет. Мұндай қадам бізге ғылымның бәсекеге қабілетті дамуына және табысты индустриялық болашақ құруға жол ашады.

Елдегі ғылыми моделдің тиімділігін қалай өлшеуге болады? Жалпы бұл мүмкін бе?

Дос Сарбасов: Мемлекет экономикасы дамыған елге айналса, демек аталған мемлекеттегі ғылымның бәсекеге қабілетті және тиімді болғаны. Бұл қарапайым ғана формула. Кез келген дамыған мемлекеттің жүріп өткен жолына үңілсеңіз, ондағы ғылымның қаншалықты мықты әрі бәсекеге қабілетті екенін аңғару қиын емес. Ғылым заманауи құралдар мен технологияларды дамытады, ал Үкімет жеке секторға оларды жүзеге асыру тетіктерін ұсынады.

Алима Бисенова: Қазақстанның ғылымға қанша қаражат жұмсайтынын және одан қандай дивидендтер алатынын ескере отырып, отандық ғылымның жай-күйін жаман емес деп бағалауға болады. Біздің жағдайымыз Орталық Азияның көптеген жетекші жоғары оқу орындарына қарағанда жақсы және академиялық ашықтықты енгізу өз нәтижесін беруде. Сондықтан отандық ғылым дұрыс бағытта жүріп келе жатыр деп ойлаймын. Ең бастысы, ғылым мен білім беруді мемлекеттік қолдаудың қазіргі жағдайын жоғалтпау керек. Керісінше оған қарқын қосу немесе қазіргі деңгейді сақтау маңызды.

Бірден айтайын, Америкамен теңесу міндет емес. Ол жақта бәрі жақсы деп айта алмас едім. Онда да ғылым мен білімнің өз қиындығы бар. Мәселен, Америкадағы білім өте қымбат. Айви лигасының университеттерінде бакалавр дәрежесін алу орташа есеппен 60 мың долларға түседі. Адамдар үшін бұл баға тым жоғары. Әсіресе, пандемия білім беру тенденцияларын өзгертті. Соның ішінде білімді интернет арқылы алу алдыңғы орынға шықты. Қажетті білім интернетте қолжетімді болса, артық шығын шығарудың қандай қажеті бар?!

Күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе – алған білімді бағалау. Адамның әлеуетін дипломмен және ондағы бағалармен өлшеу біртіндеп келмеске кете бастайды. Әлемнің жетекші компаниялары тестілеу арқылы жұмысқа үміткерлердің практикалық дағдысы мен білімін бағалауға бет бұрып жатыр.

Жандос Өтеғұлов: Қазіргі уақытта ғалымның жетістігі көбінесе оның халықаралық рецензияланған журналдардағы жарияланымдарының саны мен сапасына байланысты. Ғалымның еңбектері жыл сайын жақсы журналдарда жарияланса және басқа ғалымдар оның жұмысына жиі сілтеме жасаса, оның ғылыми ортадағы мәртебесі соғұрлым жоғары болады. Ғылыми еңбектің сапасы мен өнімділігін өлшеу үшін әлемнің көптеген ғылыми орталықтары мен университеттері ғалымдардың еңбегін бағалаудың сандық көрсеткіштерін, мысалы, Хирш индексін пайдаланады. 95 пайыздық жағдайда аталған ғылыми метрикалық тәсіл шындықты көрсетеді. Өкінішке қарай, өзара келісіп, рейтингтегі орнын жасанды түрде көтеруге ұмтылатын ғалымсымақтар да жоқ емес.

Тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелермен жұмыс істейтін ғалымдардың еңбегін бағалаудың міндетті критерийі – жариялаған ғылыми жұмыстардың негізінде жасалған өнертабыстарға халықаралық патент алу. Егер дамыған технологияны сатуға, технологиялық стартап-компанияларды құруға және сатудың белгілі бір пайызына қол жеткізуге лицензиялық келісімдері болса, өнертапқыш ғалымның беделі де арта түседі. Елдегі және әлемдегі университеттердің жұмысын бағалауда мемлекеттер әртүрлі рейтингтерді пайдаланады. Меніңше, әлемдегі зерттеу университеттерін бағалаудың ең перспективалы халықаралық рейтингі – US News Best Global Universities. Өкінішке қарай, Қазақстаннан Назарбаев университетінен басқа бірде-бір жоғары оқу орны аталған рейтингке іліккен емес.

Қанат Байғарин: Өкінішке қарай, әзірше өлшей қоятындай ерекше ештеңе жоқ. Әрине, жай ғана есептеуге болады. Ол туралы әріптестерім жоғарыда айтты. Алып-қосарым шамалы.

Қазір ғылым дегенде Назарбаев университеті ойға оралады. Қалай ойлайсыздар, аталған университет еліміз үшін үлкен жетістік пе, әлде шығын ба?

Дос Сарбасов: Назарбаев университеті – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістік үшін ауқымды инновация. Қысқа уақыт ішінде нөлден бастап мықты білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламалары бар университет құру – үлкен жетістік. Басқаша айту мүмкін емес. Иә, оны құру үшін қомақты шығын жұмсалды. Бірақ алынған нәтиже әрбір салынған теңгені ақтауға тұрарлық. Университет жыл сайын өзінің зерттеу әлеуетін кеңейту арқылы күшейе түсуде. Рас, университетті ұстап тұру қымбатқа түседі. Бірақ отандық білім мен ғылым жүйесіндегі серпіліс үшін қаржыдан тарылудың реті жоқ. Университет ел дамуының катализаторына айналуы үшін бизнесмендер мемлекетке көмектесуі тиіс. Яғни, қаржыны қаптаған құрылысқа ғана емес, білім және ғылымды қажет ететін жобаларға, медицинаға салған да дұрыс.

Алима Бисенова: Бұл сұраққа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар тұрғысынан жауап беруге тырысайын және өз пәнімнің үлесі бойынша бағалап көрейін. Антропология адам мен адамзат дамуының әртүрлі аспектілерімен айналысады. Ол эволюцияны, модернизм мен прогресс ұғымдарының пайда болуын, қазіргі әлемдегі осы ұғымдардың өзгеруін зерттейді.Назарбаев университеті ашылғанға дейін бірде-бір отандық университет «Антропологияға» маманданған емес. Назарбаев университеті аталған мамандық бойынша мамандарды дайындап қана қоймай, сонымен қатар антропологиялық перспективамен байланысты мамандықтарды байыта түсуде.

Жандос Өтеғұлов: Кез келген елде халықаралық деңгейдегі зерттеу университетін құру қашанда шығынды бағыт саналады. Бірақ оны желге ұшқан қаржы деп айтуға келмейді. Бұл – Қазақстан ерте ме, кеш пе жасауға тиіс стратегиялық қадам. Инвестициялар қазірдің өзінде өз жемісін беруде. Назарбаев университеті әлемнің алғашқы 2000 зерттеу университетінің қатарына енген Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Ол біздің елде халықаралық стандарттарға негізделген жаңа ғылыми мәдениеттің пайда болуына жол ашты. Егер мемлекет ғылымды халықаралық деңгейде дамытуды көздесе, дәл осындай бірнеше зерттеу университетін ашқаны дұрыс. Мен – оптимист адаммын. Сондықтан Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ғылымның жарқын болашағына сенемін.

Қанат Байғарин: Ғылымда жылдам нәтиже болмайтынын түсіну керек. Ғылым елдегі жоғары технологиялық индустрияны дамытуға негіз болуы үшін жас ғалымдарды тарта отырып, қуатты және бәсекеге қабілетті инфрақұрылымды құрып қана қоймай, оны жоғары деңгейде ұстап тұру және басқа елдердің ғалымдары үшін тартылыс орталығына айналдыру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев университетінің шоқтығы биік. Осыны ұтымды пайдалану керек. Назарбаев университеті халықаралық деңгейдегі көп бейінді ұлттық университет құрудың алғашқы тәжірибесі екенін атап өткім келеді. Сондықтан бұл тәжірибені елдің игілігі үшін кәдеге жарату маңызды. Яғни, осы секілді жоғары оқу орындарының қатарын көбейту қажет.