Футболдан ел біріншілігі араға ай салып қайта жалғасты. Екінші айналымдағы 14-тур ойындарынан кейін турнир кестесінде ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ.
Қазақстан чемпионатының алты дүркін жеңімпазы «Астана» бұл турда Павлодардың «Ақсу» командасын қабылдап, 5:0 есебімен біріншілік дебютантының тас-талқанын шығарды. Маңызды үш ұпайына қол жеткізген елорда клубы 24 ұпаймен турнир кестесінде қайта топ басына шықты. Ал бұған дейін үздіктер көшін бастап тұрған Ақтаудың «Каспийі» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылынан» жеңіліп (1:0), екінші орынға сырғыды. Өз жанкүйерлерінің алдында жеңіске жеткен «Тобыл» 21 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ биылғы чемпионатта тәуір нәтиже көрсетіп келе жатқан «Тараз» сырт алаңда «Ордабасыдан» жеңіліп қалды. Аса тартысты өткен оңтүстік дербиінде бес гол соғылып, шымкенттік команда 3:2 есебімен басым түсті. Бірінші айналымда сүреңсіз ойын өткізіп, турнир кестесінде жағдайын қиындатып алған «Қайрат» бұл турда «Мақтааралды» 1:0 есебімен жеңді. Сонымен қатар 14-турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атырауды» (2:0), «Қызылжар» Қарағандыда «Шахтерді» (2:1) ұтты. Ал Түркістандағы «Тұран» мен «Ақжайық» матчы 1:1 есебімен тең аяқталды.