Аса ауыр салмақтағы WBA Super, IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы украиналық Александр Усик (19-0, 13 KO) пен британиялық Энтони Джошуа (24-2, 22 KO) арасындағы қарымта жекпе-жек тамызда өтетін болды.
Екі боксшының да ісін жүргізетін Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы кеше кәсіпқой бокстағы екі алыптың арасындағы реванш айқасы тамыздың 20-сы күні Сауд Арабиясының Джидда қаласында өтетінін ресми мәлімдеді. Әзірге жекпе-жекте кімнің қанша гонорар алатыны жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Джошуа мен Усик арасындағы бірінші айқас 2021 жылдың қыркүйек айында Лондондағы (Англия) 80 мың жанкүйер сыятын «Уэмбли» стадионында өткен еді. Ол кезде Усик төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жеткен болатын.