Санаулы күндерден кейін астанада бокстан халықаралық деңгейдегі «Елорда кубогы» турнирінің жалауы желбірейді. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеге 10 елдің құрамасы қатысуға өтініш білдірген.
Атап айтқанда, әлемнің бокс державасы саналатын Куба, сондай-ақ Үндістан, Жапония, Өзбекстан және тағы басқа да алыс-жақыннан келетін елдердің былғары қолғап шеберлері бар. Ал бұл жарыста Қайрат Сәтжанов бастаған Қазақстан құрамасы сапынан 40-қа жуық боксшы өнер көрсетеді. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері, әлем және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы мен жүлдегерлері бар. Мәселен, елорда шаршы алаңында ел намысын Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов, Айбек және Нұрбек Оралбай, Махмұд Сабырхан секілді боксшылар қорғамақ.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Нұр-Сұлтанда Жапония және Қырғыз Республикасының таңдаулы боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Бәсеке қорытындысы бойынша үздік шыққан боксшылар биыл күзде өтетін бокстан Азия чемпионатына қатысады.