Әлемнің 33-ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева Ұлыбританияның Истборн қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Жарысты екінші айналымнан бастаған Путинцева әлемнің 40-ракеткасы испаниялық Сара Соррибес-Тормомен шеберлік байқасып, тартысты өткен бірінші партияда Юлия 7:5 есебімен басым түсті. Екінші сетте де отандасымыз қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, 6:1 нәтижесімен жеңіске жетті. Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы грекиялық Мария Саккари немесе дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған украиналық Ангелина Калининаның біреуімен таласады.
Сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина осы турнирдің екінші айналымында рейтингте 114-сатыдағы украиналық Леся Цуренкомен кездеседі. Ал ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик Истборн АТР 250 турнирінің екінші айналымында әлемнің 86-ракеткасы, Astana Open 2020 жарысының чемпионы аустралиялық Джон Миллманмен шеберлік байқасады. Бублик бірінші кезеңде америкалық Фрэнсис Тиафодан үш сетте басым түсті – 7:5, 7:6 (7:4), 6:0.