Қатар астанасы – Дохада мәресіне жеткен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар екі медаль жеңіп алды.
Жазғы Универсиаданың (2019) күміс жүлдегері Нариман Құрбанов Дохадағы сары құрлық біріншілігінде де күміс жүлде еншіледі. Ат снарядында өнер көрсеткен отандасымыз 14.800 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Бұл сында иорданиялық гимнаст (15.255) жеңіске жетсе, қытайлық спортшы (14.600) қола медальға ие болды. Сондай-ақ 2019 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Милад Карими кермедегі жаттығудан 14.133 балл жинап, қола жүлдегер атанды.
Осылайша, спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының екі спортшысы биыл 28 қазан – 6 қараша аралығында Ливерпульде (Ұлыбритания) өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.