• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

ҰСТАЗ

1323 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұр­шайықов: “...Рафиқа Нұртазина орыс-украин жұр­тының Лев Толстойы, Ушинскийі, Мака­рен­косы, Сухомлинскийі, қазақтың Ыбырай Ал­тын­сарины, Спандияр Көбейі, Құмаш Нұрғалиевы сияқты аса атақты педагогтар қатарына қосы­ла­ды. Осы алтауының орнын қазақ ұстаз-әйел­дерінің арасынан шыққан Рафиқа Бекенқызы толтырды десек, артық айтқандық болмаса керек” дей келе: “...Қара тасты қақ жарып, шыңға шыққан еңлік гүлдей, қазақ әйелдерінен ұстаз-ғалым, ұстаз-жазушы, ұстаз-қайраткер болып, қоғамның биік баспалдағына көтерілген аналардың бірі де, бірегейі де осы – Рафиқа Бекенқызы” деп ұстазға үлкен баға берген... Зерек те талапшыл маманның еңбек жолы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін­дегі қызметінен басталады. Рафиқа Бекенқызы бұл білім ордасының дамуына сол білім ошағын басқарған кезінде зор үлесін қосты. Мектеп ұжымы мен Р.Нұрта­зинаның жаңа­шыл ойлары Үкімет пен педа­гоги­ка­лық қауымнан жоғары бағасын алды. 1984 жылы республикадағы ең үздік мектеп ретінде танылып, Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің Құрмет грамо­та­сы­мен марапатталып, 1985 жылы КСРО ХШЖК-нің қола медаліне ие болды. Рафиқа апай Қазақстанның ұстаздар қауы­мының арасында қиындығы мен қызығы қатар жүретін мектептен қол үзбей, өзінің сүйікті ма­ман­дығын ғылыммен ұштастыра отырып, елі­міздің педагогтар көшін бастады. Соның дәлелі, 1974 жылы апай еңбек жолының ғылыми-әдістемелік тәжірибесі жинақталған және орыс тілін меңгеруде коммуникативтік уәждемені дамыту бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Осылайша Рафиқа Бекенқызы елімізде алғашқылардың бірі болып, оқушыларға дәріс бере жүріп, ғылым биігін мектептен қол үзбей ұштастырды. Ұстаздың ғылыми және әдістемелік-педа­гогикалық қызметінің негізі – орыс және қазақ тілдері мен әдебиеттері, оларды қазақ мектебінде оқыту мәселелері болып табылды. Мәселен, қазақ мектебінің 6-шы сыныбына арналған “Книга для чтения по русскому языку”, 10 сы­ныпқа арналған “Русская советская литература” бір­неше рет қайта басылған оқулықтар қата­рында. Ол кісі қазақ мектебінде орыс тілі мен әдебиетін оқыту барысында қолданылатын қы­зық­тыру формалары мен амалдарының тео­рия­лық, педагогикалық және әдістемелік негіздерін қалауға бар күшін салды. 1964 жылы ана тілінің ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тілінің негізгі тараулары бой­ын­ша жұмбақ түрінде жа­сал­ған дидактикалық ой­ындар, шаралар, сөз­жұм­бақтар, ребустар, т.с.с. жи­нақталған се­рия­ның ал­ғашқы кітаптары шықты. Р.Нұртазина мектепте еңбек еткен жылдары тіл­дік материалды меңге­руде үлкен көмек бола­тын жаңа дидактикалық және интеллектуалдық ой­ындар да ойлап шы­ғарды. Өз бетімен жасал­ған бақылау мен талдау және жинақталған тәжі­ри­бе, бұған дейін шық­қан үш кітаптың ма­те­риалдары, басылымдарда жарияланған мақа­лалар, баяндамалар жинағы өз алдына “Зани­мательная грамматика” (Алматы, “Мектеп”, 1973) деген ат­пен жарық көрді. Бұл кітап үнемі жаңа ма­те­риалдармен толықтырылып, жетілдіріліп, қайта басылып отырды, соңғы басылым 1996 жылы шықты. Жарты ғасырға жуық қарқынды, әрі жемісті еңбек ету барысында оқушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп, шәкірттері мен әріп­тес­те­рінің құрметіне бөленді. Атақты ұстаз оқытып-тәрбиелеген шәкірттер бүгінде білім беру, денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету, өнер, ауыл шаруашылығы, т.б. салаларда және билік пен басқару органдарында жемісті қызмет етуде. Ғалым-ұстаз 1989–1991 жылдар аралығында мемлекеттік телерадио комитетінің тапсыруымен “Таня мен Болатқа арналған радиосабақты” жүргізді. Күнделікті таңертең және кешке өтетін радиосабақтар нақты қарым-қатынас орнатумен және алған білімі мен қалыптасқан дағ­дыларын радио арқылы тексерумен байланысты бол­ған­дықтан, үлкен аудитория тапты. Сабақ берудің бұл түрі елге танымал болғаны сонша­лық, Қа­зақ­станда алғаш рет 12 әуен таспасы бар 101 са­бақ­тан тұратын “Қазақша сөйлейік” (Алматы, 1991) атты кітабы жарық көрді. Артынша қазақ ті­лінің аясын кеңейтіп, өмірдің барлық салала­рын­да қолданылуына ерекше көңіл бөліну ке­зеңінде Э.Сүлейменовамен бірге дайындаған “Раз­го­вор­ник для общения в сфере обс­лу­жи­ва­­ния” (Ал­маты. Ана тілі, 1991) атты тілдескішін шығарды. Сондай-ақ 75 жылдық мерейтойы қарса­ңын­да “Продолжение урока” (Ал­­маты, 1996) кітабы дү­ниеге келді. Онда мектептегі педа­го­гикалық қызметті ұйымдастыру нәтижелері, әдістемелік кабинеттер мен бір­лес­тіктердің жұмысы, бұқа­ра­лық ақпарат құрал­дарының мүм­кін­діктері мен оқу материалдарының негізінде оқушылардың танымдық әрекеттерін туғызу, пәнаралақ бай­ла­ныс, т.б. мәселелер қозғалған. Р.Нұр­тазинаның педагогикалық қызметі мен жаңашыл идеялары және де ұстаздың өзі туралы төрт жүзге тарта туынды жазылды. Мысалы, Д.Фарбер “Жизнь – в детях”, Н.Карашева “Мы обучаем русскому языку”, сон­дай-ақ 1998 жылы Сорос-Қаз­ақстан қоры гранты мен Білім және ғылым министрлігінің “Басқа тілдерде сөйлеуші­лерге арналған қазақ тілі” атты сайыстың жүлдегері атанған “Мирастың кітабы”, Л.Асқармен бірге жазған мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған еңбектері дүниеге келді. Міне, осындай халқына қалтқысыз қызмет жасаған қадірлі ұстаз, аяулы ана, ағарту саласын­дағы көрнекті тұлғалардың бірі Р.Бекенқызының еңбегі әр кез аталып өтіліп, лайықты бағасын алды. Қазақстанның халыққа білім беру саласының үздігі, Алматы қаласының “Құрметті азаматы” атанған педагог апамыздың Ленин, екі мәрте “Құрмет Белгісі” ордендерін алғанын да айта кеткеніміз жөн болар. Иә, мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиет­­­тер­дің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұс­таз­дық қасиетке барынша адалдық танытып, бар са­налы ғұмырын осы салаға арнаған, ұс­таз­дардың ұстазы Рафиқа апай жайында қандай мақтау, мадақ айтсақ да артықтық етпейді. Алмагүл СЕЙСЕНОВА, филология ғылымдарының кандидаты,  доцент.