• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Маусым, 2022

Батырды тұқыртқан тылсым

414 рет
көрсетілді

Қарағанды облысына қарас­ты Қарқаралы ауданында ерекше көл бар. Аты ғана емес, заты да жұмбақ. Шай­танкөл! Табиғаттың бұл тамаша тартуының тылсымына бойлаймыз деп бағзыдан бүгінге дейін талай ғалымдар тер төккен. Алайда әлі күнге дейін өзінің өзгеше күйінен сыр алдырмай келе жатқан су айдынының шынымен де ішіне бүккен құпиясы көп сияқты...

Иә, қалай десек те Шайтанкөл жайын­да аңыз да, әңгіме де көп. Соның бірі осы өлкеден шыққан қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров есі­мімен байланысты. Бұл турасында кезінде үшінші жақтан көп жазы­лып, айтылды да. Бірақ ол оқи­ғаның нақты мән-жайын батырдың өз аузынан жазып алудың сәті бізге бұйырыпты. Оны Тоқтар Оңғар­байұлы бізге былай әңгімелеп берді:

– Жас күнімде шешей марқұм: «Балам, Шайтанкөлге ешқашан шомылма», деп үнемі айтып отыратын. Бірақ себебін түсіндірмеді. Балалыққа салып мен де дендеп сұрамаппын. Әрине, анамның сөзін ойыма түйіп алдым. Арада жылдар өтті. Шешей мәңгілік мекеніне бет бұрды. Алматыдан астанаға көшіп келгеннен кейін жаз айының бір демалысында Қарқаралы жаққа жол түсті. Күн тас төбеге шығып алған, қайнаған ыстық. Қасымда достарым бар, қарақұрым халықпен бірге Шайтанкөлге көтерілдік. Ыстықтан діңкелеп келе жатқан жұрт келе сала суға лап қойды. Мен де солармен бірге сүңгідім. Анамның айтқаны есімнен мүлдем шығып кетіпті. Содан сапарымызды сәтті аяқтап, жексенбі үйге келдік. Дүйсенбі – жұмыс, ертерек демалуға жатып қалған едім. Түнде оянып кеттім, аузымнан от шыққандай демім өртеніп, тұла бойым күйіп жатыр екен. Не де болса бір дерттің сол Шайтанкөлден жабысқанын іш­тей сездім. Анамның сөзі де сонда есіме түсті. Бірақ не істеу керек екенін түсінбедім, дұры­сы білмедім. Үйде ешкім жоқ болатын, барлығы демалысқа кеткен. Содан орнымнан сүйретіліп тұрдым да, маған бірдеңе болып қалса, ешкім кіре алмай қалмасын деп сыртқы алып темір есікті ашып қойдым. Келіп, орныма қайта жаттым. Бір оянсам, таң атыпты. Телефон безілдеп жатыр. Тұтқаны көтердім. Көмекшім хал-жағдай сұрады. Жұмысқа шықпағаныма алаңдаулы екен. Мән-жайды түсін­дірдім де, дәріханадан қызу өлшей­тін құрал ала келуін өтіндім. Өйт­кені үйдегі өлшегіш 40 градусты көрсетіп тұрды. Ақауы бар болар деп түйіп, тапсырып жатқаным ғой. Содан алып-ұшып жарты сағатта көмекшім келді. Оның әкелген құралдары да 40 градустан түспеді. Шошып кетіп, бірден жедел жәрдем шақырды. Қарсылық білдіргеніме де қарамады. Температурам 4 күн бойы түспей, бесінші күнге жалғасты. Дәрігерлердің істемегені жоқ. Содан бейсенбіден жұмаға қараған түні түс көрдім. Бас жағымда шешей марқұм тұр екен деймін: «Шайтанкөлге шомылма» деп айттым ғой, балам. Кешірім сұрашы! Тезірек кешірім сұрай қойшы», деп бәйек болып жатыр. Сонда өзімнің арғы дүние мен бергі дүниенің ортасына келіп қалғанымды түсіндім. Өйткені 40 градус температурамен 5 күн бойы арпалысу адамды қатты қажытады екен. Дереу есімді жидым да, Шайтанкөлден кәдімгідей кісіден кешірім сұрағандай кешірім сұрадым. Әлсіреп қалған екенмін, іле қайтадан ұйықтап кетіппін. Таңертең дәрі­гер келіп оятып, қызуымды өлшегенде, сенесіз бе, температурам 36,6-ны көрсе­тіп тұр. «Әне, көрдіңіз бе?! Бізге сенгеніңіз дұрыс болды», деп олар ем табылғанын өздерінің еңбегіне балап қуанып жатты. Ал мен болсам, өзімнің неге бұлай екі дүние ортасында қалғанымды және оның шипасының неден қонғанын да іштей біліп жаттым. Бірақ ешкімге тіс жармадым. Пенде емеспіз бе, кейде «жай ғана кездейсоқтық болар, бұл түк те тылсым емес, мүм­кін шынымен де дәрігерлердің емі қонған шығар» деп кейін күмән­данып та жүрдім. Алайда арада бір-екі жыл өткен соң ұлым да дос­тарымен Қарқаралыға демалуға кетті. Екі-үш күннен кейін баламды алып келді. Қызуы 39-дан асып, 40-қа сәл жетпей тұр. Әбден әлсіреген, өзі аяғымен жүре алмайды. Оны көргенде қойған алғашқы сұрағым: «Шайтанкөлге бардыңдар ма? Көлге түстің бе?» болды. Балам басын изеді. «Менің айтқанымды неге тыңдамадың?» деп едім, ол да жастыққа салып ұмытып кеткенін айтты. Содан екеуіміз отырып көл­ден кешірім сұрадық. Мен айтып отырдым, балам соңымнан барлығын қайталады. Сөйтіп, таңер­тең ұйқысынан құлан-таза айығып оянды. Кешегі қызудың ізі де жоқ. Енді мұны тылсым демей көріңізші?! Осы оқиғадан кейін мен Шайтанкөлдің ерекше қасиеті барына көзім анық жетті. Бұл көлге шомылу бір кісілерге жағады, бір кісілерге керісінше жақпайды. Мәселен, біздің тұқымға Шайтанкөл жақпайды. Оның себебі неде екенін нақты білмеймін, бірақ екеуінің арасында ерекше бір байланыс бары сөзсіз. Бізге бір-бірімізді ренжітуге болмайды. Адам көлге түскен сайын суды ренжітеді екен. Малтығанда суды аяқ-қолыңмен сабалайсың ғой. Соның бәрі қасиет қонған көлге әсерін бермей қоймайды екен. Анам маған жастайымнан соны ұғындырғысы келсе керек. Бүгінде мен де балаларыма, барша ұрпағыма осыны түсіндіріп, Шайтанкөлге түсуге түбегейлі тыйым салдым. Біздің әулет үшін ол киелі судың сұлулығына сүй­сінуге болады, бірақ шомылуға болмай­ды», деп түйіндеді тұңғыш ғарышкер тыл­сымға толы әңгімесінің тоқетерін түйіп.

Расымен де, Қарқаралы қаласы­нан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақы­рым қа­шық­тықта, теңіз деңгейінен 1200 метр биік­тіктегі Шай­тан­көлдің тылсымы толастар емес. Суы мөлдір, түбі тастақ, су сіңбейді. Оң­түс­тік, солтүстік, батыс жағаларын қор­шап тұрған жартастардың биіктігі 10 метр және одан да биік. Айдыны қар, жаңбыр суымен толығады. Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Көл құрғамайды. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы және тағы да басқа бұта өскен қалың ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады. Көлдің осылай бейнебір тостағанға құйылған мөлдір су іспетті таудың ұшар басына орналаса салуының өзі талай жұмбақтың шетін шығарады. Тереңдігі жайлы тағы анықтама жоқ. Ағынсыз. Өзі де ешқайда ақпай, өзіне де ешбір өзен құймай-ақ бағзы қалпын бір өзгертпейтін бұл көлдің құпия-тылсымының бір парасы, бәлкім, осында жатса керек. Бір қызығы, әйгілі көл тіп­ті бүгінгі ғылыми-техниканың дамы­ған тұсында да толықтай зерт­те­ліп, тереңдігі мен еш өзен құймайтын, ағып шықпайтын бассейн суы құрамы да әлі күнге дейін анықталып, нақты сараптама жасалмапты. Бұл – алдағы уа­қытта жүргізілер тыңғылықты зерттеу жұмыстарына сұранып тұрғаны даусыз. Бір басына мың құпияны тоғыстырған шытырман Шайтанкөл тағдыры келешекте жүргізілер келелі ғылыми зерттеу жұмыстарының басты нысанына айнала алса, қанеки?!