• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Маусым, 2022

Құмар ойынға құныққандар елімізде 350 мыңнан асады

3369 рет
көрсетілді

Құмар ойындардан келетін қауіп үлкен екені талай айтылып жүр. Мұндай ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғайып барады. Оған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Лудомания, яғни ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегіннен тегін емес. Қазір Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен.

Құмар ойыншылар мәжбүрлі түрде емделуі қажет

Бүгінде не көп, ойдан құрас­тырылған, шынайы өмірге түк қатысы жоқ түрлі ойындар көп. Біреудің пайда табуы үшін ойдан шығарылған мұндай ойындар мән-мағынасыз болса да адамды өзіне елітіп әкететін қауқары бар. Айталық, карта ойындарының компьютердегі баламасы, рулеткалар, ойын автоматтары – бәрі де ойын казиносының компьютерлік нұсқалары. Осы ойындарға тәуелді болудың жолдары бір-біріне өте ұқсас, сондықтан қайсысы болсын қауіпті дейді психологтер.

Қазіргі таңда құмар ойындарға деген құштарлық патология, яғни психологиялық ауру ретінде қарас­тырылып жүр. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланыс­ты мәсе­­лелердің халықаралық ста­тис­­тикалық жіктемесі тізі­мінде де бар. Ал Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ес­кере отырып, «лудомания» деген арнайы меди­циналық термин енгізді. Осы ар­­қылы жаһандық ұйым құмар ойын­­дар мен компью­тер ойындарына тәуелділер – нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады.

АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жө­ніндегі қауымдастықтың зерт­теуіне сүйен­­­сек, әлемдегі кез келген қа­ла тұр­­ғынының аяқ ас­тынан қыл­­­мыс­керге айналуы 6% болса, мас­­күнемге айналуы – 34%, на­ша­­­қорлыққа салынуы 32%-ды көрсетсе, ойынқұмар бо­луы 48%-ға жетеді екен. Демек адам құмар ойынға әп-сәт­те тәуелді болып қалуы мүм­кін, оның елік­тіру күші есірткіден де асып түсіп тұр.

Дамыған мемлекеттерде ойын­­­құ­марлықты ауру деп танитынын жоғарыда айттық. Осыған сай құ­мар ойынға құ­ныққандарды емдеп-сауықтыратын арнайы ұйым­­дар да бар. Ал Қазақстанда «Алко­голизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын нау­қас­тарды мәжбүрлеп емдеу туралы» арнайы заң болғанымен, олардың қатарына ойынқұмарлар жатпайды. Сондықтан құмар ойын­дарға құныққандар емделуге жатқызылмайды. Бірақ мамандар құмар ойынның құрығына ілік­кендер мәж­бүрлі түрде ем­делуі қажет деп есептейді. Бұл мәселе жақында Парла­мент қа­быр­ғасында да көтерілді. Үкі­­мет­ке сауал жолдаған депу­тат Ләз­зат Рамазанова Денсау­лық сақ­тау министрлігі ойын­ға тәуел­ді науқастарды мәж­бүрлеп ем­деуді енгізу бойынша еш­қан­дай ша­ра қолданбай отыр­ға­нын жеткізді. «Құ­мар ойын­дар­ға деген құштарлық – алаң­датарлық мәселе. Бүгінде 350 мың­нан астам қазақстандық құ­мар ойындардың құрбанына айнал­ғанына қарамастан, тиісті министрлік ешқандай шара қол­данбай отыр. Ведомствоның назарын осы мәселеге аудару үшін не істеуіміз керек? Еліміздегі қаншама отбасы, қаншама тағдыр осы ойынқұмарлықтың салдары­нан ойран болып жатыр? Мұны неге ойламаймыз? Бізде тіпті ойын­құмарлыққа үгіттейтін жар­намалық қызметтерге де тікелей тыйым жоқ», дейді депутат.

Л.Рамазанова құмар ойындармен күресу үшін алдымен ойын бизнесін та­рату және жарнамалау саласындағы заңнаманың орындалуына бақылауды күшейту қажет­тігін алға тартты. «Бұл мә­се­леге медицина қызметкерлері ерекше көңіл бөлсе дейміз. Ден­саулық сақтау саласының маман­дарын қайта даярлау және олар­дың біліктілігін арттыра отырып, ойынға тәуелділіктің алдын алу мен емдеуді бір жолға қою керек. Балалар мен жастардың бойында құмар ойындарға тәуелділігі бар-жоғын анықтау да кезек күт­тірмейтін мәселеге айналуға тиіс», деді депутат.

Спортпен айналысатындардан бәс тігетіндер көп

Қазақстанда құмар ойындар көрсеткіші спорт, мәдениет, тіпті өнер саласындағы көрсет­­кіштерден де асып түсіп отыр. Finprom.kz ресурсының хабар­­лауын­ша, былтыр құмар ойын­дарды ұйым­дастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қыз­­меттер көлемі 73,9 млрд тең­гені құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 6%-ға ғана аз. Пан­демия жылы бұл сала­дағы көр­сеткіш рекордтық деңгейге жетіп, 78,6 млрд теңгеге жеткені мә­лім. Үйде жұ­мыс­сыз ерігіп жат­қан адам құмар ойын­дар­ға көбірек құ­нығып кететінін осы көр­сет­кіштен-ақ байқауға болады.

Ал 2022 жылдың бірінші тоқ­санында құмар ойындарды ұйым­дастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызмет­тер көлемі 138,8 млрд теңгені құ­раған, бұл өткен жылдың осы кезе­ңімен салыс­тырғанда 8,4 есе артық. Салыстыра айтсақ, бұл сан спорт, демалыс пен ойын-са­уықты ұйымдастыру сала­сын­­­дағы көрсеткіштен – 21,3%-ға, кі­­тапханалар, мұрағаттар, мұра­жайлар және өзге де мәдениет объек­тілері көрсететін қызметтер көле­мінен 9 есеге және өнер мен ойын-сауық саласындағы көр­­­сеткіштен 12 есе артық. Демек аза­маттардың спортпен шұ­­ғыл­данып, шығармашылық жұ­­мыс­тармен айналысқаннан гөрі құмар ойын­дарға тартылуы жиірек болып тұр. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде де талай көтерілді. Мә­дениет және спорт министрлігі сай­тындағы мәліметке сүйенсек, онлайн-ка­зино сайттарының қолжетімділігі мен олардың кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тар­тылуының негізгі себебі болып отыр. Алайда мемлекеттік органдарда мұндай сайттардың саны, құмар ойындарға тәуелді азаматтардың онлайн казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы нақты деректер жоқ. Сон­­­дықтан Үкімет Мәдениет және спорт министрлігі базасын­да Мөл­шерлемелерді есепке алу орталығын құруды қолға алды. Сон­дай-ақ заңсыз ойын биз­несіне қарсы іс-қимыл және азамат­тардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік роликтер жасау және насихаттау туралы шешім қабылдаған еді.

Бұған қоса, Үкімет интернет-казиноны ұйымдастырушы тұл­ғалардың тізі­мін белгілеу, банк­тер мен төлем жүйе­ле­ріне осы тұл­ғалардың қаржы опе­ра­цияларын жүргізуге тыйым салу; несие кар­таларының көмегімен казинолар­да, ойын автоматтары залдарында, бук­мекерлік кеңселерде және тотализаторларда төлемдерді жү­зеге асыруға немесе шоттарды то­лықтыруға тыйым салу; интернет-казиноны ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік белгілеу; құмар ойындарға тәуелді азамат­тарды, олардың ішінде балаларды анықтау және оңалту жүйе­сін әзірлеу жөнінде тиісті министрлікке тапсырма берді. Егер бұл міндеттер тезірек қолға алынса, құмар ойындарды жасырын жүргізетін бірталай нысанның беті ашылып, ойынға жіпсіз байланатын азаматтардың қатары да азаяры сөзсіз.

Ойынқұмар болып тумайды, ойынқұмар болып өседі

 Психологтердің пікірінше, ойынқұ­марлық отбасындағы осал тәрбиеден бастау алады. Тіпті балалардың кішкентайынан компьютерге телміріп, ойынқұмар болып өсуіне ата-ана тәрбиесінің де әсері көп көрінеді. Белгілі психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, құмар ойынға тә­уелді болудың алғышарты көп: мейірім мен қамқорлықтың же­тіспеушілігі, отбасындағы қа­рым-қатынастың күрде­лілігі, қа­тыгездікпен астас­қан әсіре­талапшылдық пен ас­там­­шыл­дық, т.т. «Пси­холог ре­тінде ойын­ға байланған, одан шыға алмай жүрген талай баламен әңгімелестік. Сонда лудомандар, яғни құмар ойынға тә­уелділер алғашқы ойындарын, ең алдымен, өз үйлерінде көр­генін айтады. Көбі ата-анасы немесе олар­дың достары құмар ойын­­ды қалай құныға ойнағанын ба­қылаған. Міне, тәуелділіктің бір ұшы үйдегі тәрбиеде дейтініміз сон­дықтан. Бала өзінің көріп-білгенін қайталайтыны секілді, әке-шешесінің құмарта ойнағаны баланы бейжай қалдырмайтынын аңғарамыз», дейді ол.

Мамандардың айтуынша, құмар ойынға құныққандардың бастапқы мақ­саты басқа болады. Олар алдымен көңіл көтеру үшін немесе сауық құру мақ­сатын­да ой­найды. Кейін бұл мақсаты бұр­­ма­ланып, құныға ойнау сипа­­тына ауы­сады екен. Уақыт өте келе, ойынға жіпсіз бай­ланып, бас тарта ал­майтын жағдайға душар болады.

«Ойынқұмарлардың эмо­ция­­­лық көңіл күйі ойынның әрі қарай қалай өрбуіне байланыс­ты. Мысалы, ойыншылардың көбі ұтылған сәтте өздерін же­гідей жеп, кінәлау сезімін бастан кешірсе, жеңіске жеткен кез­де керісінше, өздерін ұлы құ­­ды­реттей се­зінеді. Құмар ойын­шы­лардың ерік-жіге­ріне, ұстам­дылығына, есте сақтау қа­білетіне келсек, барлығының осал тұсы – ерік-жігерін басқара алмауында жатыр. Соның салдарынан олар ойынды дер кезінде тоқтата алмайды. Көпшілігі мұны мойын­дағысы келмейді. Өзде­рінше құмар ойынның санын қадағалап отырмыз, кез келген сәтте ойыннан шыға аламыз деп ойлайды. Ойынға тәуелді жандардың басым бөлігі жалғызілікті. Бірақ олар жал­ғыздықтан гемблингке құ­март­қан жоқ, гемблингтің салдарынан жалғыз қалды деуге болады», дейді Л.Қойшиева арнайы жазған еңбегінде.

Қазіргі заманда компьютер өміріміздің бір бөлшегіне айнал­ғаны шын. Бүгінгінің баласын компьютерсіз елестету қиын. Кей­бір жеткіншек үшін компьютер – оқу­дан да, тіпті достарымен қыдырудан да артық дүние.

Әлбетте, заманауи техни­ка­ның пайдасын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ онымен шамадан тыс әуестену кейін бар­мақ тістеуге әкелуі әбден мүм­­кін. Сон­­­дықтан балаларды қа­дағалап, оларға техниканы орнымен қол­дануға дағдыландыру қажет. «Ком­пью­терлік ойындар баланы шынайы өмірден алыс­татып, ойдан құрас­ты­рылған әлемге таңып қоя­ты­нын естен шығармау қажет. Бала­сының өзінен-өзі бұйығы өмір ке­шіп, ешкіммен араласпай өмір сүргенін ешқандай ата-ана қала­масы анық. Демек балаңыз өмірге құштар, жақсылыққа құ­мар азамат болып өссін десеңіз, оның компьютердің алдында ұзақ уақыт бойы отыруы­на тыйы­м салыңыз. Вир­туалды әлемге берілген бала шынайы өмірде кез­де­сетін қиын­дықтарға төтеп бере алмай­тын әлжуаз адам болып өсетінін ұмыт­паңыз. Ал ерік-жігері әлсіз адам елік­тегіш келе­ді. Құмар ойындарға да күш-жіге­рін басқара алмайтын, пси­­холо­гиясы әлсіз адамдар кө­­бірек душар болады», дейді психолог.