Елордада тұңғыш рет ұйымдастырылған Qazaqstan Live Fest-2022 туризм, спорт және белсенді өмір салтын насихаттайтын халықаралық көрмесінің панельдік сессиясы аясында кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП және туризм саласының басшыларымен бірлесіп, елдегі туристік саланы дамыту және ынтымақтастық бойынша әрі қарайғы жоспарды талқылады.
Жиында бірінші болып сөз алған «Атамекен» ҰКП Төралқасы туризм комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева көптеген сынға қарамастан, Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Туризм – Қазақстанда ең көп сыналатын саланың біріне айналды. Бірақ мен елімізде туризм жоқ деген сөзбен келіспеймін. Меніңше, кейінгі жылдары отандық туризм өте қарқынды дамып жатыр. Бүкіл ел бойынша жаңа демалыс орындары құрылуда. Туристік өнімдер қалыптасып, инфрақұрылым да дамудың даңғыл жолына түскен. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, демалыс орындарында туристер саны 22%-ға, келу туризмі бойынша өсім 34%-ға артты. Туристер саны тек Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Бурабай, Түркістан және Маңғыстау өңірлерінде артып қана қоймай, қалған аймақтарда да қарқын алып келе жатқанын байқауға болады. Логистика, инфрақұрылым бойынша әлі де көптеген мәселе бар екені сөзсіз. Дегенмен бәрі өз кезегімен жүріп жатыр. Әрі қарайғы даму күшімізді біріктіруімізге байланысты», деп атап өтті Юлия Якупбаева.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев салаға жауапты ведомство, «Атамекен» және мемлекеттік органдармен туризмді дамытуға бағытталған бірқатар жол картасы бағдарламаларын іске асырып келе жатқанын айтты. «Жылдан-жылға жол картасына қол қойған мемлекеттік органдардың саны артуда. Қол қоюшылар қатарына Kazakh Geography компаниясын қосу туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл компанияда ұлттық парктер мен экологиялық туризмді дамытуға қатысты көп ұсыныс бар. Сонымен қатар еліміз кең-байтақ екенін атап өткім келеді. Бір жағынан кең ауқым туризмнің дамуы бойынша жылдам нәтиже көрсету керек кезде бұл жекелеген қиындықтарды тудырса, екінші жағынан жер-суларымыз – біздің мақтанышымыз. Барлығын тез арада өзгерту мүмкін емес екенін түсінеміз. Бірақ сала қатысушылары бірлесіп жұмыс істеген кезде ғана нәтижеге тез қол жеткізуге болатынын тәжірибе көрсетті. Мұны сандар да растайды. Көрсеткіштер жақсарып келеді, салаға салынған инвестициялардың көлемі де артқан», деді спикер.
Іс-шара аясында «Атамекен» ҰКП, Kazakh Tourism ҰК» АҚ, Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ Геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық дамуға бағытталған «жол картасына» қол қойды.
Бұл – Ұлттық палата мемлекеттік органдармен қол қойған үшінші жол картасы. Құжат шеңберіндегі өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарушы директоры Даниель Сержанұлы әңгімелеп берді. Спикер негізінен оқыту бағдарламаларына тоқталды. Оның мәліметі бойынша, 2021 жылы 52 қолөнер шебері маркетинг пен өнімді брендтеуді үйренген. Сондай-ақ Маңғыстау курорттық аймағындағы қонақүйлердің желілік персоналы да оқуға қатысқан. Жұмыстың үлкен ауқымы ішкі туристік өнімді дамытуға, 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада өткен балалар мен жасөспірімдер туризмі объектілерін түгендеуге арналған.
Сессия шеңберінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар агро және сауықтыру туризмін дамыту, тұрақты дамуға көшу стратегиясы талқыланды. Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева Орталық Азиядағы тұрақты туризмнің MOST – моделі жобасының Қазақстанда жүзеге асырылу барысы туралы айтып, жобаның мақсаттарын атап өтіп, экологиялық сертификаттау бойынша қашықтықтан оқытуға арналған платформа туралы ақпарат берді.