Сәрсенбі күні қазақстандық футбол командалары үшін биылғы Еурокубок ойындарының жаңа маусымы басталады. 2022/2023 жылғы клубтар арасындағы ең беделді турнир – УЕФА Чемпиондар лигасында былтырғы ел чемпионы Қостанайдың «Тобылы» өнер көрсетсе, турнир кестесінде кейінгі орындарға жайғасқан елорданың «Астана», Алматының «Қайрат» және Петропавлдың «Қызылжар» командалары былтыр ғана тұсауы кесілген Конференция лигасында бақ сынайды.
«Тобыл» – «Ференцварош»
Швейцарияның Ньон қаласында жеребесі тартылған Чемпиондар лигасының бірінші квалификациялық кезеңінде «Тобыл» Мажарстан біріншілігінің 33 дүркін жеңімпазы «Ференцварош» клубымен кездесетін болды. Бір ғасырлық тарихы бар Будапешт командасы Мажарстанның ең атақты клубтарының бірі саналады. Олар ел чемпиондығынан бөлек, 24 мәрте Мажарстан кубогын жеңіп алған болса, алты рет Суперкубокта дара шыққан. Сондай-ақ олар 1964/1965 жылғы «Жәрмеңке кубогының» (қазіргі – Еуропа лигасы) финалында Италияның атақты «Ювентус» клубын 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында алғаш рет Еурокубок бәсекесінде топ жарды.
«Ференцварош» – кейінгі төрт жылда Мажарстан чемпиондығын ешкімге бермей келеді. 2019 жылы чемпиондық тәжді қайта киген соң клуб Чемпиондар лигасының жарыстарына қайта қосылды. 2020/2021 жылғы маусымда олар 1995 жылдан кейін алғаш рет турнирдің топтық кезеңіне жолдама алды. Былтыр Еуропа лигасының топтық бәсекесінде бақ сынады.
Transfermarkt дерегі бойынша, қазіргі таңда «Ференцвароштың» трансфер құны – 42,80 миллион еуро. «Тобыл» командасының футболшылары 10,13 миллион еуроға бағаланған. «Ференцварош» сапында 22 легионер бар. Оның ішіндегі ең қымбат футболшы – тунистік Аисса Лайдуни. Ойыншының нарықтағы құны – 3,5 миллион еуро. «Тобылда» рұқсат етілген сегіз ғана легионер бар. Оның ең бағалысы – өзбекстандық Игорь Сергеев. Трансфер құны – 1,70 миллион еуро.
«Ференцварош» – Еурокубок тарихында қазақстандық командамен алғаш рет жолықпақ. Екі команда арасындағы алғашқы ойын 6 шілдеде Қостанайда, қарымта матч 12 шілдеде Будапештте өтеді деп жоспарланған.
«Астана» – «Ракув»
Елорданың «Астана» клубы биыл қатарынан екінші жыл УЕФА Конференция лигасында бақ сынамақ. Кейінгі жеті жылда алты мәрте ел чемпионы атанып, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жүрген «Астана» 2020 жылы Қазақстан біріншілігінде күміс жүлде олжалап, Конференция лигасында ойнауға мәжбүр болды. Елордалықтар былтыр да сол межеден көрініп, тағы да Конференция лигасына жолдама алды. Биылғы қарсылас – Польшаның «Ракув» клубы.
«Ракув» та «Астана» сияқты Польша чемпионатында «Лех» командасына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. 1916 жылы құрылған клуб бүгінге дейін бірде-бір рет өз елінің чемпионы атанбаған. Себебі Ченстохова қаласының командасы ұзақ жылдар бойы Польша чемпионатының ең төменгі лигаларында ойнап, 2019 жылы жоғары топқа жолдама алды.
Элиталы топқа қосыла салысымен, қатарынан екі жыл Польша чемпионатында екінші орынға табан тіреп, екі мәрте Польша кубогы мен бір мәрте суперкубогын жеңіп алды. Айналдырған екі жылда зор табысқа жеткен команда «ә» дегеннен Еурокубок жолындағы жарыста да мамандардың таңдайын қақтырды. Конференция лигасындағы тұсаукесер кездесуінде Литваның «Судува» клубынан басым түссе, кейіннен Қазанның «Рубин» клубын жарыс жолынан ығыстырды. Алайда плей-офф кезеңінде Бельгияның тәжірибелі «Гент» командасынан айласын асыра алмай, топтық кезеңге бір қадам қалғанда сүрінді.
«Ракув» УЕФА-ның клубтық рейтингінде 274-орында тұрса, «Астана» қазіргі уақытта 80-сатыға орналасқан. Бірақ польшалық клубтың трансфер бағасы «Астанадан» екі жарым есе жоғары. Transfermarkt «Ракув» футболшыларын 28,5 миллион еуроға, «Астананың» ойыншыларын 11,18 миллион еуроға бағалаған. Екі ұжым арасындағы бірінші ойын 21 шілдеде Польшада, қарымта кездесу 28 шілдеде елордада өтеді.
«Қайрат» – «Кишварда»
УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» Мажарстанның тағы бір ұжымы – «Кишвардамен» кездеседі. Былтырғы ел чемпионатының қола жүлдегеріне алғашқы айналымда жеңіл қарсылас тап болды деп айтуға болады. Себебі 2003 жылы құрылған команда былтыр ғана Мажарстанның жоғары лигасына оралып, биыл күміс жүлдеге қол жеткізді. Ел біріншілігінде де, Еурокубок ойындарында да тәжірибесі жоқ «Кишварда» «Қайратқа» еш қиындық тудырмауы керек. Оның үстіне Мажарстан чемпионаты аяқталған бетте командадан бірнеше тәжірибелі легионер кетіп қалған.
Дегенмен қазіргі таңда «Қайраттың» да жағдайы аса мәз емес. Бірер апта бұрын бас бапкер Құрбан Бердыев командадан кетіп, орнына Кирилл Кекер келді. Сондай-ақ польшалық легионер Яцек Гуральски, камерундық Давид Экве, өзбекстандық Жасур Жалолиддинов және тағы басқа футболшылардың клубтан кеткені мәлім. Одан бөлек, жарақат алып, алаңға қашан оралатыны белгісіз футболшылар да жетерлік. Қазақстанда трансфер терезесі ашылғанымен, әзірге «Қайратта» жаңа футболшы сатып ала қоятын қаржы да, мүмкіндік те жоқ. Сондықтан бапкерлер құрамы алдағы ойындарда академия тәрбиеленушілері мен негізгі құрамда жүрген бірді-екілі легионер, атап айтқанда Хосе Канте, Жоао Пауло секілді ойыншыларға сенім артады.
Transfermarkt дерегі бойынша, екі команданың да бағасы шамалас. Мәселен, легионерлерден (19 футболшы) жасақталған «Кишварда» футболшыларының жалпы құны – 8,25 миллион еуро. «Қайрат» клубы 9,45 миллион еуроға бағаланған.
Қазір Мажарстан чемпионатында маусымаралық үзіліс. Еурокубокқа қатысатын командалар демалыстан оралып, жаттығу жиынына енді кірісіп жатыр. Ал Қазақстан чемпионаты енді қызып жатыр. Футболшыларда ойын тәжірибесі жетерлік. «Қайрат» осы басымдығын тиімді пайдаланып, «Кишварданы» жеңуге тиіс. Алғашқы ойын 21 шілдеде Алматыда, қарымта кездесу 28 шілдеде Кишвардада өтеді.
«Қызылжар» – «Осиек»
Еурокубок бәсекесіне қатысатын қазақстандық төрт команданың ішінде ең қиын қарсылас «Қызылжар» командасына тап болды. Өз тарихында тұңғыш рет Еуропа жасыл алаңында ойнайын деп жатқан Петропавл клубы Конференция лигасының екінші айналымында Хорватияның «Осиек» командасымен кездеседі.
«Осиек» – биылғы Хорватия чемпионатының турнир кестесінде «Динамо» (Загреб) және «Хайдук» клубтарынан кейін үшінші орынға ие болды. Іргетасы 1947 жылы қалаған ұжым Еурокубок бәсекелерінің тұрақты қатысушысы. Хорватиялық клубтың трансфер құны «Қызылжардан» бақандай алты есе жоғары. Яғни «Осиек» футболшыларының бағасы 36,85 миллион еуро болса, «Қызылжар» клубының жалпы бағасы – 6 миллион еуро.
«Осиек» құрамында Қазақстан чемпионатын жақсы білетін екі футболшы бар. Бірі – «Астана» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслер, екіншісі – Қарағандының «Шахтерінде» ойнаған шабуылшы Михрет Топчагич.
Екі ұжым арасындағы бірінші ойын 21 шілдеде Нұр-Сұлтанда, қарымта кездесу 28 шілдеде Осиек қаласында өтеді. Айта кетейік, Петропавлдағы «Қарасай батыр» стадионы УЕФА талабына сай келмейтіндіктен, солтүстікқазақстандық команда өз алаңындағы ойындарын «Астана Аренада» өткізуге мәжбүр.