Теннистен Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Лондонда өтіп жатқан «Уимблдон» турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Екінші айналымда 2019 жылғы US Open чемпионы канадалық Бьянка Андреескуді 6:4, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірген жерлесіміз турнирдің үшінші айналымында да азулы қарсыласынан айласын асырды. Бұл кезеңде отандасымыз әлемнің 52-ракеткасы қытайлық Синвэнь Женмен шеберлік байқасты. Бірінші партияның бесінші сетінен кейін Е.Рыбакина 4:1 есебімен алға шығып алғанымен, қытайлық теннисші жылдам таразы басын теңестіріп кетті – 6:6. Дегенмен тай-брейкте жерлесіміздің бағы жанды – 7:6 (7:4).
Екінші сетте де таразы басы ұзақ уақыт теңселіп тұрды – 5:5. Қарсылас допты ойынға қосқан сетте Елена брейк жасап, 6:5 есебімен алға шығып алды. Содан кейін өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5. Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін хорватиялық Петра Мартичпен ойнайды.
Өкінішке қарай, А.Бублик пен А.Недовесов турнирдің төртінші кезеңіне шыға алмады. Бублик үшінші айналымда АҚШ өкілі Фрэнсис Тиафодан, Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге жұптық сында Рафаэль Матос (Бразилия) мен Давид Вега-Эрнандестен (Испания) жеңіліп қалды.