Қазақтың даңқты балуаны, күрестен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген елордадағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде бокстан тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық «Елорда кубогы» мәресіне жетті. Турнирде Қазақстанның былғары қолғап шеберлерінен бөлек, Куба, Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия, Жапония, Қытай және тағы басқа алыс-жақын шетелден келген 10 елдің 250-ге жуық боксшысы бақ сынады. Боксшылар 13 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.
Кейінгі екі-үш жылдың ішінде барлық мемлекет пандемия жағдайында өмір сүріп, өз елдерінде өтетін түрлі халықаралық жарысты кейінге шегеріп тастады. Соның салдарынан спортшылар көп жағдайда тек ел ішіндегі біріншіліктермен шектелуге мәжбүр болды. Сондықтан бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов осы турнирде былтырғы ел чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен барлық боксшыға өзін көрсетуге мүмкіндік берді. Сөйтіп, «Елорда кубогында» ерлер арасында Қазақстанның 54 боксшысы сынға түсті. Соның ішінде 16-сы финалдық айқасқа жолдама алды. Әрине, жеребеге байланысты кейбір салмақ дәрежелерінде қазақстандық боксшылар бір-бірімен ерте жолығып, жартылай финал, финал жолдамаларын өзара сарапқа салуға тура келді. Ал тұңғыш рет ұйымдастырылған турнирдің финалына былтырғы әлем чемпионатының жеңімпаздары Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг), күміс жүл- дегері Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Серік Теміржанов (57 кг), ағайынды-егіздер Саматәлі (60 кг) мен Санатәлі Төлтаевтар (63,5), Нұрбек (80 кг) пен Айбек Оралбай (91 кг) сынды тәжірибелі боксшылар жолдама алды. Сондай-ақ финалда Кубаның – төрт, Өзбекстанның – үш, Қытайдың – үш, Жапонияның бір боксшысы өнер көрсетті.
Финалдық жекпе-жектің тұсаукесер кездесуінде жеңіл салмақтағы әлем және Азия чемпионы, Қазақстан біріншілігінің бес дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов пен өзбекстандық жас боксшы Асылбек Жалилов жұдырықтасты. Үш раундқа жалғасқан жекпе-жекте талай додаларда дара шыққан тәжірибелі жерлесіміз 4:1 есебімен еш қиындықсыз жеңіске жетті. Сөйтіп, Жүсіпов ел қоржынына турнирдегі алғашқы алтын жүлдені салды.
Қазақстандық боксшылардан екінші болып шаршы алаңға шыққан 51 килода әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Кубаның жас қабыланы Алехандро Клара Фиссурмен бас жүлдені сарапқа салды. Аса тартысты өткен бәсекеде жерлесіміздің бағы жанды.
Сондай-ақ 54 кило салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері, еліміздің талантты боксшысы Сабырхан Махмұд қытайлық Бо Фангтан 5:0 есебімен басым түсіп, тұғырдың биік сатысынан көрінді. Ал 57 кило салмақтың финалында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов кубалық Освел Кабальероның осал тұсын таба білді – 3:2.
60 кило салмақта қазақстандық екі боксшы – Саматәлі Төлтаев пен Талғат Сырымбетов жанкүйерлерге тамаша бокс жекпе-жегін сыйлады. С.Төлтаев жастар арасындағы Азия чемпионы, осы салмақтағы 2020 жылғы ел біріншілігінің жеңімпазы саналса, Т.Сырымбетов былтыр 54 кило салмақта топ жарған болатын. Финалда ол тәжірибелі боксшы Олжас Байниязовтан басым түскен-ді. Жарты жылдың ішінде алты кило салмақ қосқан Талғат жаңа салмақты жатсынбай, финалға еркін жетті. Алайда соңғы жекпе-жекте 60 килоның «қожайыны» Төлтаевты жеңуге шамасы жетпеді.
Саматәлінің ізін ала рингке сыңары Санатәлі шықты. 63,5 кило салмақта сынға түскен ол егізінің жеңісті жолын жалғай алмады. Шоқыр Бөлтекұлы турнирінің қола жүлдегері Мұхамедсабыр Базарбайұлы финалда ағайынды Төлтаевтарға екі салмақта топ жару мүмкіндігін бермеді. Үш раундта да мықтылық танытқан Мұхамедсабыр 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал 67 кило салмақтың финалында былтырғы ел чемпионы Дулат Бекбауов пен 63,5 килодағы күміс жүлдегер, жастар арасындағы Азия чемпионы Абзал Серік жұдырықтасып, екіншісі алтыннан алқа тағынды – 4:1.
«Жекпе-жек» спорт сарайына жиналған жанкүйерлер 71 кило салмақтағы боксшылардың жекпе-жегін қызыға тамашалады. Бұл салмақта Қазақстан чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Азия ойындарының күміс жүлдегері жерлесіміз Аслан Шымбергенов пен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы жапониялық Севон Оказава айқасты. Белградтағы доданың жартылай финалында Абылайхан Жүсіповті қапы қалдырған жапон боксшысы бұл жолы Асланбектен айласын асыра алмады. Өте сауатты жұдырықтасқан отандасымыз үш раундта да айқын басымдыққа ие болып, төрешілерге бұра тартатындай мүмкіндік қалдырмады – 4:1.
Өкінішке қарай, 75 кило салмақта бірде-бір боксшымыз финалға шыға алмады. Алдағы уақытта дәл осы салмақ бас бапкер Қайрат Сәтжановтың бас ауруына айналатын түрі бар. Себебі кейінгі жылдары бұл салмақта жүлденің ауылы алыстап кетті. Турнирдің жартылай финалында былтырғы Қазақстан чемпионы Нұрқанат Райыс әлем чемпионы кубалық Йонлис Мартинеске есе жіберсе, ел біріншілігінің күміс жүлдегері Аятолла Тәкіжанов өзбекстандық Саиджамшид Жафаровтан жеңіліп қалды. Ал бұл салмақта бас жүлде кубалық Йонлис Мартинеске бұйырды.
80 килода жастар арасындағы әлем чемпионы, Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Нұрбек Оралбай да елордадағы турнирде өз мықтылығын дәлелдеді. Финалда ол қытайлық боксшы Танглатихан Эрбиекемен кездесіп, үш раундта 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы екі раундта отандасымыз айқын басымдықпен алда тұрған еді. Соңғы раундта қытайлық боксшы жекпе-жек тізгінін өз қолына алып, белсенді болғанымен, бәрібір жеңіске жете алмады. Ауыр салмақта (91 кило) елішілік, халықаралық турнирлердің жеңім- пазы мен жүлдегері, әскерилер арасында әлем чемпионы атанған Абзал Құттыбеков алғаш рет 86 кило салмақта өнер көрсетіп, бірінші алтын жүлдесіне қол жеткізді. Отандасымыз финалда кубалық Яньер Ареомен кездесіп, үшінші раундта нокдаун алып қалғанына қарамастан төрешілердің аралас дауысымен басым түсті – 3:2.
Араға бір жекпе-жек салып, 80 килода топ жарған Нұрбектің сыңары, жастар арасындағы Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай 91 килода шаршы алаңға көтеріліп, бір отбасыға қос қуаныш сыйлады. Аса тартысты өткен финалдық айқаста Айбек жастар арасындағы Азия чемпионы түркістандық Сағындық Тоғамбайды жеңді. Екі боксшы да кейінгі жылдары көп бәсекеде бір-біріне лайықты қарсылас атанып жүр. Бірақ әзірге барлық жарыста Айбектің мерейі үстем болуда.
Финалдық жекпе-жектің нүктесін аса ауыр салмақта сынға түскен қазақстандық Дамир Тойбай мен өзбекстандық Лазизбек Муллажанов қойды. Жастар арасында өрелі өнермен мамандар көзіне түскен Дамир ересектер дуына қосылғалы бері халықаралық ірі жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне алмай келеді. Ол бұл жолғы финалда да қарсыласының осал тұсын таба алмай, алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Өзбекстандық боксшы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, елордада алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Ұлттық құрама боксшылары 13 салмақтың 11-інде алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Кейінгі орындарға Куба және Өзбекстан боксшылары ие болды. Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанған боксшыларға қаржылай сыйақы табысталды.