• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Шілде, 2022

Кішкентай ханзада екеуміз

601 рет
көрсетілді

Тоғай-тоғай су екен, судан ұшқан бу екен. Қарсақ жортпас қалың екен, түлкі жортпас түлей екен. Әлқисса, Кішкентай ханзада екеуміз ұшы-қиырсыз жолға шықтық. Мен де, ол да ұшуды арман еттік. Барлық жаратылыс атаулы жұмбақ, құпия, дымын ішіне тартқан түнгі теректердей көрінетін. Әр ғаламшарға сапар шегіп, әр адамның жан сарайына үңілдік.

Сент-Экзюперидің Кішкентай ханзадасы екеуміз. Жоқ, менің, біздің Кішкентай ханзадамыз екеуміз сапарға шықтық. Қайда? Адамдардың жалғыздығына, жалғыздығының жүзіне үңілуге.

Бірде жұмыс басты істің ада­мының жалғыздығына қонақ­қа келдік. Ол бүкіл өмірін сандарға, есеп-қисапқа арнапты. Кішкентай ханзада оған «Қайырлы күн» деп дыбыстады. Ал ол болса:

«Үш те екі – бес. Бес те жеті – он екі. Он екі де үш – он бес. Қайыр­­лы күн, он бес те жеті – жиыр­ма екі. Сіріңке тұтатуға мұр­ша жоқ. Жиырма алтыда бес – отыз бір. Уһ! Бәрін қосқанда болады екен – бес жүз бір миллион алты жүз жиырма екі мың жеті жүз отыз бір.

– Бес жүз миллионыңыз не?

– Ә, сен мұнда ма едің?

– Бес жүз миллион... Не екенін де білмеймін... Жұмысым сондай көп! Мен байсалды кісімін, мылжыңдасуға уақытым жоқ! Екі де бес – жеті...»

Неткен күңгірт! Неткен көңіл­сіз жалғыздық! Шынында, өмір­де есеп-қисап пен сандарды ғана бағалы тұтатын адамдар бар. Олар үшін өмірдің мәні – цифр. Ал адамдық құндылық, ар, ұят, жү­рек нұры, ізгілік сынды көзге көрінбейтін дүниелерді жоқ деп есепейді. Жоқ дүние жайлы бос сөйлеушілер, әрине, қиялилар. Бірақ «ең маңыздысы – көзбен көре білмейтін нәрсе» емес пе?

Келесі жалғыздық шеңберінде атаққұмар адам өмір сүретін. Жебуаз, даңғой, есірік шалған атаққұмар талма аурудай әрнеге сызданып, күншілдіктен аса алмас екен. Кішкентай ханзада екеумізді көргенде:

– «О, табынушылар келді! – деді ол сүйініп...

Атаққұмар адамдар өздеріне жұрт түгел сүйсінеді деп ойлайды ғой.

– Қайырлы күн – деді Кішкен­тай ханзада. – Қалпағыңыз қан­дай қызық еді.

– Ізет үшін керек қалпақ, – деді атаққұмар. Маған жұрт жапырыла сәлем бергенде, иілуім керек қой. Бақытсыздыққа қарай, бұл жерге ешкім келмейді.

– Қол шапалақташы,–деді атаққұмар.

Кішкентай ханзада қол шапа­лақ­тады. Атаққұмар басынан қал­­пағын алып төмен иілді».

Кеудемде атаққұмар адамға деген аяныш тұрды. Ол білмейді ғой... Егер білсе ғой, дәннің то­пы­рақтың астына жасырынған соң ғана гүлдеп бүр атарын... Ең сүйікті іс адамдарға емес, Құдайға ұнау екенін. Адамдардың пікіріне байлану – жүрек дерті екенін ол қайдан білсін? Ал жоғарыдағы іс адамы мен атаққұмардың дертті жалғыздығына қамалып, жазира ғұмырын текке сарп етерін ойласаңыз, қандай аянышты еді. Мұның бәрінің түбірі білмеуден туындап отыр. Ендеше, Сократ жөн айтады: «Жалғыз ғана игі­лік бар, ол – білім, жалғыз ғана жамандық бар, ол – надан­дық». Білмеудің салдарынан өмір бойы күйзеліспен, бос са­ғым­ға құ­мартып, кіп-кішкене ала­­шұбар сана түнегіне қамалып өт­кен­дерге не рауа? Күн секілді жүрегіне жалындай шашырап сәуле таратуға мүмкіндік бермей, оны әртүрлі жағымсыз ғадеттер мен мінездерге тұтқындаған тасыр адамның азабына өзінен өзге кім жазықты? Маңында ша­­шылған алтын түйіршіктерін бай­­қамастан, томардың қара күйе­сіне назар салып, өмірді «тұн­­жыр» деп кінәлайтын жан­дар неге ғаламға қарап ой жүгірт­пейді?

Келесі жалғыздық қамалында шырақшыны жүздестірдік. Ол алдындағы шырағданын үздіксіз жағып, қайта сөндірумен айналысады екен. «Кішкентай ханзада құйттай ғаламшардың деңгейіне келді де, шырақшыға тағзым етті.

–Қайырлы күн,–деді ол. –Шы­­рағданыңды неге өшірдің?

–Келісім солай,–деді шы­рақшы. –Қайырлы күн.

– Қандай келісім?

– Шырағданды сөндірудің келісімі. Қайырлы кеш.

Ол шырағданды қайта жақты.

– Неге қайтадан жақтың?

– Келісім солай,–деп жауап берді шырақшы».

Ал Кішкентай ханзаданың жанында тұрған мен болсам шы­рақ­шыға ұзақ үнсіз қарадым. Ол тек адамдардың дегенімен ғана күн кешетін, жеке ойлау жүйесі жоқ жан еді. Кезі келгенде шырағданды өшіріп, қайта жағып тұруға бұйрық алған ол әдетінен бір адым да таймайды. Игілік пен зұлымдық, әдеп пен инабатсыздық, өмір мен өлім жайлы өзіне шақ пікір қалыптастыра алмаған соң жолдағының айдауына, ізетсіздігіне көну барып тұрған залал емес пе?

Тоғай-тоғай су екен, судан ұшқан бу екен. Қарсақ жортпас қалың екен,түлкі жортпас түлей екен. Кішкентай ханзада екеуміз жол бойы қаншама тағдырды көрдік. Көрдік те әсер алдық, ой түйдік. Сірә, адам жалғыздығы бәрінен қымбат, бәрінен асыл. Неге десеңіз, өз жалғыздығынан ажырап қалған адамдар да бар. Олар қайтадан өз күлкісі мен шаттығын, өксігі мен шынайы мұңын іздеуге мәжбүр. Сыртқы суық желдерге ұрланған бойына ғана тән сүйкімді көріністерін қайтарып алу жолындағы күрес – әділетті, жігерлі күрес.

Кішкентай ханзада екеуміз соңында бір қорытындыға кел­дік. Нақтырақ айтсақ, туа сала Жаратқаннан берілген рухы­мыздағы райхан гүлін суық желдер өтінде солдырмау керегін ұғын­дық. Өйткені «райхан гүлін жа­л­мап қойса, сіз бен біз үшін әлем басқаша боп көрінер еді».

«Зеңгір көкке көз салыңызшы. Өзіңізден: «Сол райхан тірі ме, әлде өліп қалды ма? Қошақан жалмап қойған жоқ па?» – деп сұраңызшы. Сонда көзіңіз же­теді: бәрі-бәрі басқаша күйге түседі...»