• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Шілде, 2022

«Егер белгі қалмаса... бәрі де ұмыт болады»

265 рет
көрсетілді

Бірден айта кету керек, аламан бәйгелі, мәйекті сөзі, өсіп келе жатқан ұл-­қызға тағылымы бар осын­дай ауқымды іс-ша­ра Жетісу жеке облыс бол­ғалы алғаш рет ұйым­дас­тырылып отыр.

Осылайша, Жетісу өңірінің қос алыбы – Кеңес Одағының Батыры Есмұрат Сиқымов пен Ақсу ауданынан шыққан тұңғыш академик Жүрімбек Сыдықовтың  ескерт­кіштері аудан орталығында ашылды. Жастар жадында сақ­тасын деп, есімдері елге мәлім ғиб­­рат­тылар­дың мүсіндері мек­теп­т­ердің алдына орнатылып, ға­лымдар баяндама жасап, көпші­лік бәйге мен күрестің қызығына кенеліп, жеңімпаздар үйлеріне олжалы оралды.

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Ақсудағы аруақ­ты адамдарды бір аунатып өткен осынау айтулы оқиғаға мұрындық болған Алматы облысының құр­метті азаматы, кәсіпкер Молдияр Нұрбаев бұған дейін де ауданда Ілияс Жансүгіровтің ескерткішін орнатып берген болатын. Жетісу өңірінде бірінші болып салынған тарихи Мамания мектебін жөндеп, заманауи келбет берген де осы азамат екенін ел біледі.

«Осының бәрін елге еңбегі сіңген тұлғалы азаматтар ұмы­тыл­масын, ұрпағымыз ертең айтып жүрсін, елжанды  болсын деп жасадық. Егер белгі болмаса бәрі де ұмыт болады. Ескерткіш тұрған соң қасынан өткен адамдар, оқушылар оны біледі, таниды. Біз де сол сияқты батыр болсақ дейді. Батырларға, ғалымдарға қарап біз де солардай болсақ екен деп өстік. Өзіміз ғалым, батыр болмасақ та бизнес­те жүрген соң осыны жасадық. Мұның бәрі ұлт, ұрпақ үшін қажет. Өзімнің туып-өскен жеріме, еліме үнемі қолұшын беріп, көмегімді аямауға тырысамын. «Туған жерге туыңды тік» деген. Әрбір азамат еліне, халқына көмектесуі керек. Отбасымызбен ақылдаса келіп, осы іске қажетті қаражат шығарып, Ақсуда осындай үлкен істі ұйымдастырдық. Қолдау көр­сеткен Ақсу ауданының әкімі­не, халыққа алғыс айтамын. Елі­міз аман болсын, Президент, үкімет­тің жасап жатқан жоспарлары іске асса, еліміз әлі де дамып, көркейеді», дейді ұлт жанашыры Молдияр Нұрбаев.

Осы арада Кеңес Одағының Батыры Есмұрат Сиқымов майданға дейін Қапалы кентіндегі училище­де білім алып, Екінші дүние­жүзілік соғыста ерлігімен көзге түскенін еске салу парыз. 1943 жылы 360-атқыштар полкін­де Посудово деревнясын жаудан азат еткен кезде алпыстан аса жау әскерін жайратқан небәрі 21 жас­тағы Е.Сиқымов осы ұрыста қаза табады. КСРО Жоға­р­ғы Кеңесі Төралқасының Жар­лы­ғымен Сиқымовқа Кеңес Одағы­ның Батыры атағы,  кейін туған жері Ақсуда көше атауы берілді. Енді, міне, көптен күткен батырдың ескерткіші де орнатылды.

«Тұлғаларға көрсетіліп жатқан мұндай құрмет жастарға үлгі аларлықтай. Ауданымызда өте үлкен іс-шара өтті. Бабалары­мыз­ды ескеріп, жастарға жақсы наси­хаттың жаршысы болатын, келер ұрпақ ұмытпастай есте сақтайтын іс атқарылды. Елін ұмытпай, қашанда үлгілі істерді қолға алатын Нұрбаевтар әулетіне де алғысымыз зор!», дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Екінші ескерткіш ғалым,  ҰҒА академигі Жүрімбек Сы­дықов­­тың құрметіне қойыл­ды. Күллі қазақ жұрты үшін осынау тұлғаның сіңір­ген еңбегі зор. Геология-ми­не­­ралогия ғылымдарының докто­ры жылдар бойы Орталық, Батыс, Оңтүстік аймақтарында жерасты тұщы және минералды су қор­ларын тиімді пайдалану жолдарын зерттеумен айналысқан.

«Сыдықов Ақсу ауданынан шық­қан алғашқы академик. Аудан­­дағы бүгінгі білімді жастар осы адамның ізбасарлары деп білемін. Әкімдік пен Молдияр Қылшықұлы бірлесіп мынандай үлкен іс-шара өткізіп жатыр. Атамызға әдемі ескерт­кіш тұрғызып берді. Осы іске көме­гін аямаған азаматтарға алғысым шексіз», деді ғалымның туысы Ақ­марал Сарқытбайқызы.

Ескерткіштің ашылуынан соң іс-шара ғылыми конферен­циямен жалғасын тапты. Алматыдан арнайы барған ғалымдар баян­дама жасап, қос тұлғаның еңбегіне тоқталды. Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай тұщымды баян­дама жасап, бұрын беймағлұм болған деректермен бөлісті.

Жиналған жұрт Жетісу өңі­рін­де бірінші болып салынған Ма­мания мектебін жөндеп, заманауи келбет берген, халыққа қашанда қайырымдылық іс-шараларын жасап, осы жолғы ескерткіш­тің ашылуына да атсалысқан Ал­тын­­сара Нұрахметоваға да ал­ғыс білдіріп, «Ақсу ауданының құр­метті азаматы» төсбелгісін тақты.

Осыдан кейін ресми іс-шара­лар ұлттық спорт түрлеріне ұла­сып, қазақ күресінен бозкілемге шық­қан балуандар бас жүлде үшін күш сынасты.

«Ескерткіштің ашылуына қол­ұшын созған жігіттерге, мүсін­ші­лерге, күреске бәйге тіккен аза­мат­тарға да алғыс айтамын. Ақсу өңірінде мұндай іс-шара көптен бері болмаған еді. Елім аман бол­сын!», – деді іс-шараның басты де­меушісі Молдияр Қыл­шықұлы.

Ескерткіштен бөлек бәйге, күрес сияқты, концерттік мереке шығындарын да Нұрбаевтар әулеті көтеріп алды.

 

Жетісу облысы,

Ақсу ауданы