Футболдан Қазақстан чемпионатының былтырғы жеңімпазы – «Тобыл» Чемпиондар лигасының жаңа маусымын тең нәтижемен бастады. Клубтар арасындағы ең беделді жарыстың бірінші іріктеу кезеңінде Мажарстанның 33 дүркін чемпионы «Ференцварошпен» кездескен Милан Милановичтің шәкірттері алғашқы ойында тең нәтижені қанағат тұтты.
Швейцарияның Ньон қаласында тартылған Чемпиондар лигасының жеребесінде Қостанайдың «Тобылы» бірінші айналымда «Ференцварошқа» тап болғаннан кейін, мамандар бұл жұптың фавориті ретінде бірден Мажарстан чемпионын атады. Өйткені «Ференцварош» «Тобылға» қарағанда жыл сайын Еурокубок бәсекелерінің топтық кезеңінде өнер көрсетіп, Еуропаның азулы командаларымен ойнап жүрген тәжірибелі команда ретінде танымал. Ал «Тобылдың» жағдайы бәріне белгілі. Кейінгі екі жылда «Женесс» (Люксембург), «Жилина» (Словакия) секілді бюджеті аз, жартылай кәсіпқой командалардан жеңіліп, ұятты болған еді.
Сөйтіп, «Тобыл» мен «Ференцварош» арасындағы екі ойынның негізгі фавориті саналған мажарастандық клуб алғашқы матчты сырт алаңда өткізіп, тең нәтижеге қол жеткізгеніне қатты қуанды. Ең кейінгі ресми кездесуін осыдан екі ай бұрын өткізіп, маусым айында 4-5 мәрте жолдастық кездесуде алаңға шыққан футболшылардың демалыстан кейін жасыл алаңды жатырқап қалғаны бірден байқалды. Сондықтан да олар үшін тең нәтиженің өзі үлкен олжа болды.
«Тобыл» үшін мұндай ойында тең нәтиже көрсету – жеңіліспен пара-пар екені айтпасақ та түсінікті. Өйткені Мажарстанда өтетін қарымта кездесуде «Ференцварош» өз жанкүйерлерінің алдында бұдан да жақсы ойнауға тырысады. Кешегі матчта «Тобыл» футболшылары қарымта кездесудің алдында-ақ бар мәселені шешіп тастайтындай жағдайда болған еді. Алайда қостанайлық футболшылар гол соғатын бірнеше мүмкіндіктің бірде-бірін тиімді пайдалана алмады. Атап айтар болсақ, кездесудің 14-минутында «Тобылдың» сербиялық легионері Зоран Тошичтің айып алаңынан тепкен добын қарсыластың ойыншысы қақпа сызығынан қайтарып, командасын голдан құтқарып қалды.
Сондай-ақ матчтың 26-минутында Асхат Тағыбергенде де есепті ашатын мүмкіндік болды. Бірақ оның тепкен добы қақпа маңдайшасынан сәл биік кетті. Кейіннен дәл сондай ұрымтал сәтте португалиялық легионер Рубен Брижиду де гол соға алмады. Бір айта кетерлігі, кешегі матчта «Тобыл» сапынан алаңда бес легионер және қазақстандық алты футболшы өнер көрсетсе, «Ференцварош» клубында мажарстандық үш футболшыдан басқасының бәрі шетелдік ойыншылар болды.
Екінші таймда да «Тобыл» футболшылары қарсылас команданың ойыншыларына қарағанда белсенді қимылдап, гол соғудың түрлі айла-тәсілін қарастырды. Бірақ «Ференцвароштың» тәжірибелі қорғаушылары мен қақпашысы 90 минут бойы сауатты қорғанып, біздің жігіттерге гол соқтырған жоқ. Екінші таймда бір ғана Асхат Тағыбергенде өз атын таблоға жаздыртатын бір емес, үш мүмкіндігі болды. Бірақ бұл кездесуде жартылай қорғаушыға гол соғу бақыты бұйырмаған екен.
Қарсылас команданың ойыншылары көбіне қарсы шабуылға иек артып, Александр Мокин қорғаған қақпадан саңылау табуға тырысып көрді. Бірақ жуырда ғана 41 жасқа толған тәжірибелі қақпақшы ойын барысында бірнеше сейв жасап, қақпасына гол өткізген жоқ. Осылайша, Қостанайда өткен екі команда арасындағы алғашқы ойында есеп ашылмады – 0:0. Енді барлық мәселе бір аптадан соң Мажарстан астанасында өтетін қарымта кездесуде шешіледі. Матч 14-інен 15-іне қараған түні Будапешттегі 22 мың жанкүйер сыятын «Гроупама Арена» стадионында өтеді.