Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) жаңа маусымы қыркүйекте басталады. Маусымаралық үзіліске шыққан ҚХЛ командалары келесі апта кезең-кезеңімен оқу-жаттығу жұмыстарына кіріседі. Олардың қатарында елорданың «Барысы» да бар. Ресми мәлімет бойынша астаналық хоккейшілер 14 шілдеде елордада бас қосып, маусымның алғашқы жиынын «Барыс Аренада» өткізеді. Осы орайда, «Барыс» жаңа маусымға қалай дайындалады, клубтың трансфер саясаты қандай, командадан кімдер кетті, жаңадан қандай ойыншылар келді деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
«Барыстан» қандай ойын күтеміз?
Іргетасы 1999 жылы қаланған «Барыс» хоккей клубы 2004 жылы Ресей чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсетіп, 2007 жылы жоғары лигасында жолдама жеңіп алды. Бір маусымнан кейін Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты қатысушысына айналды. 2008 жылы ҚХЛ-да алғашқы маусымын өткізген «Барыс» әне-міне дегенше биыл тұрақты біріншіліктің 15-ші маусымына дайындығын бастағалы жатыр. Осы уақыт аралығында елордалық ұжым Гагарин кубогы жолында жеті мәрте 1/8 финалға, үш рет ширек финалға дейін жетті. ҚХЛ-да әр жылдары үздік нәтиже көрсетіп, Чернышев дивизионында топ бастағаны жанкүйерлердің есінде болса керек.
Елордалық клуб жаңа маусымға дайындығына ресми түрде 14 шілдеде кіріссе де, командадағы ішкі ауыс-түйіс мамыр айында басталып кетті. ҚХЛ-дың кейінгі екі маусымында «Барысты» өрге сүйреп, екі мәрте Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне шығарған Юрий Михайлис өткен айда қызметінен кетіп, орнына есімі «Барыс» жанкүйерлеріне жақсы таныс Беларусь маманы Андрей Скабелка келді. Ю.Михайлис шағын бюджетпен және қазақстандық хоккейшілермен ҚХЛ-да нашар өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Ал 2018-2020 жылдары «Барысты» баптап, ҚХЛ-да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген Скабелка араға екі жыл салып елордалық клубқа қайта оралды. Сол аралықта ол Ярославльтің «Локомотив» клубын жаттықтырғанымен, «Барыстағыдай» жоғары нәтиже көрсете алмады.
«Барысқа» кім келіп, кім кетпеген
Жасыратыны жоқ, ҚХЛ-дың өзге командаларымен салыстырғанда, «Барыстың» трансферге жауапты мамандары өте нашар жұмыс істейді. Сөзімізге екі айдың ішінде командадан 15-ке жуық хоккейшінің кеткені және осы уақытта клубқа небәрі бір ғана ойыншының келгені дәлел бола алады. Ал ҚХЛ-дың өзге командалары қазірдің өзінде құрамын жасақтап болды. Енді алаңсыз жаңа маусым алдындағы жаттығу жұмысына кіріседі. Ал «Барыста» бәрі керісінше. Алдымен клубта қалған санаулы ойыншымен жаттығуды бастайды да, кейіннен ешбір клубқа қажеті болмай қалған шеберлігі нашар, ойын тәжірибесі жоқ хоккейшілерді алып, ойыншылар бір-біріне үйреніскенге дейін ҚХЛ-дың алғашқы 10-15 матчында жеңіліп, жанкүйерлер алдында ұятты боп жатады.
Өкінішке қарай, былтырғы маусым аяқтала салысымен «Барыспен» келісімшарты аяқталған шетелдік легионерлер мен қазақстандық хоккейшілер кетіп қалды. Атап айтар болсақ, қақпашы Йони Ортио, қорғаушылар Олле Альсинг, Эрик Мартинссон, Джо Морроу, Валерий Орехов, Роман Савченко, шабуылшылар Якоб Берглунд, Линден Вей, Коди Куник, Якоб Лилья, Роман Старченко, Томаш Юрчо еркін агент ретінде басқа командаларға ауысты.
Әзірше «Барыс» 13 ойыншының орнына бір ғана жаңа хоккейші алды. Өткен маусымда Магнитогорскінің «Металлургымен» бірге Гагарин кубогының финалына дейін жеткен қорғаушы Михаил Григорьев енді алдағы маусым «Барыс» сапында өнер көрсетеді. М.Григорьев 2012/13 жылдары «Барыс» клубында ойнағаны болмаса, жарқырап көзге түскен емес.
Сондай-ақ елордалық клуб өткен аптада шабуылшы Владимир Михасенокпен 31 тамызға дейін сынама келісімшарт жасасқанын хабарлады. Яғни хоккейші жаттығу жиынында және жолдастық ойындарда бапкерлердің көңілінен шығатындай ойын көрсетсе, келісімшартын әрі қарай ұзарта алады. Былтырғы маусымды ол Хабаровскінің «Амур» клубында бастап, кейін Чехияның «Берани Злин» клубына ауысқан болатын.
Жалақыдан туған дау
Кейінгі бір-екі аптада қазақ коғамында «Барыс» клубында өнер көрсететін қазақстандық шабуылшы Никита Михайлис пен канадалық Линден Вэйдің жалақылары көп талқыланды. Ресми мәлімет бойынша өткен маусымда Михайлис «Барыстан» ай сайын 32 миллион теңге, ал Вэй 40 миллион теңге жалақы алып отырған. Олардың бұл жалақыға лайық, лайық еместігін айтпас бұрын, хоккейшілердің былтырғы маусымдағы статистикасына зер салып көрейік.
Мәселен, Никита Михайлис былтыр «Барыс» сапында өткізген 52 ойында 19 мәрте мергендігімен көзге түсіп, 27 рет әріптестерінің гол соғуына жағдай жасаған. Ал өткен маусымды СКА сапында бастап, «Барыста» аяқтаған Линден Вэй барлығы 46 матчта мұзайдынға шығып, қарсыластар қақпасына небәрі 11 шайба соққан. Сондай-ақ 9 мәрте әріптестеріне дәл пас берген.
Ал ҚХЛ-дің былтырғы маусымдағы үздік сұрмергені Филипп Майе («Металлург») 70 матчта 23 мәрте мергендік танытып, 37 шайбаға ассистенттік жасаған. Оның айлық жалақысы – 30 миллион теңгенің шамасында болған. Осы сандардан кейін-ақ қай хоккейшінің өз нанын адал тауып жүргенін бағамдай беруге де болады.
Жаңа маусымның жоспары
Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Барыс» хоккейшілері дайындықты 14 шілдеде бастайды. Бастапқы екі күн медициналық тексеруден өтіп, 17 шілдеден 15 тамызға дейін «Барыс Аренада» оқу-жаттығу жиындарының бірінші кезеңін өткізеді. Ал 16-20 тамыз аралығында клуб дәстүрлі «Президент кубогы» жарысына қатысады. Бұл турнирде «Барыстан» бөлек, Магнитогорскінің «Металлург», Екатеринбургтің «Автомобилист», Нижнекамскінің «Нефтехимик» және Бейжіңнің «Куньлунь Ред Стар» клубтары өнер көрсетеді. Содан кейін Ресейдің Челябі қаласына сапар шегеді. Бұл жерде жерлестеріміз «Металлург», «Автомобилист» және жергілікті «Трактормен» бірге Губернатор кубогын сарапқа салады. ҚХЛ-дың жаңа маусымы 1 қыркүйекте басталады.