• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Хоккей 08 Шілде, 2022

Гагарин кубогы – елордада

83 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы мен Мәскеудің ЦСКА клубының қорғаушысы Даррен Диц елордаға Гагарин кубогын алып келді. Елорда күніне орай «Барыс Аренада» ұйымдастырылған іс-шарада елордалық клубтың экс-ойыншысы жанкүйерлермен кездесіп, ЦСКА сапында жеңіп алған алғашқы кубогын көрсетті.

1993 жылы Канаданың Медисин-Хат қаласында дүниеге келген хоккейші 2017 жылы «Барыстың» жейдесін киді. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде ол Қазақстан азаматтығын алып, шайбалы хоккейден ұлттық құрама сапында да халықаралық ареналарда ойнай бастады. 2017 жылдан 2021 жылға дейін бес маусым «Барыс» сапында өнер көрсетіп, былтыр Мәскеудің ЦСКА клубына ауысқан ол биыл командасымен бірге Гагарин кубогының жеңімпазы атанды. Жарты жылдың ішінде қазақстандық хоккейші ЦСКА сапында 28 матч өткізіп, алты ұпай жинады.

Айта кетейік, Диц «Барыс» клубында жүріп әр жылдары ҚХЛ-дің ең үздік қорғаушысы, ең көп гол соғатын қорғаушы-сұрмерген деген атаққа қол жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының қорғаушысы астаналық клуб сапында жалпы саны 269 кездесу өткізіп, 174 ұпай (67+107) жинады. Даррен Диц «Барыстың» ең қымбат ойыншысы ретінде есте қалмақ. Түрлі бонустар мен сыйақыларды есептемегенде, Дицтің жылдық жалақысы 100 миллион рубль (шамамен 597 337 300 теңге) көлемінде еді.

Айта кетейік, Гагарин кубогы Қазақстанға осымен екінші рет әкелінді. Бұған дейін 2011 жылы қазақстандық қақпашы Виталий Колесник «Салават Юлаев» сапында дәл осы кубокқа қол жеткізіп, Өскеменге алып келген болатын.