Алматы базарында болған жанжал кезінде 23 жастағы жігіт зардап шегіп, кейін ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көз жұмған жас жігіт бірнеше күн бойы Алматыдағы ауруханалардың бірінде комада болды. Еске салсақ, маусым айының ортасында әлеуметтік желіде 2 жігіт жанжалының видеосы тарады. Кадрда жас жігіттің белгісіз жанның жағасынан алып, ұрланған телефонды қайтаруды сұраған сәті көрініс тапқан. Сол күні күдікті қарсыласын 2 рет ұрып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 20 маусым күні науқас Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына түсіп, 8 шілде күні таңертең қайтыс болды.
«Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері Жамбыл облысының тумасы 28 жастағы күдіктіні анықтады. Қазіргі уақытта күдікті Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауда. Оған қатысты ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша тергеу жүріп жатыр», деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Ельдар Әбдікенов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдікті қалаға жақын маңда жасырынған. Қазіргі уақытта тиісті тергеу жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша қысқа мерзімде іс жүргізу шешімі қабылданады.