• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Шілде, 2022

Александр Винокуров: Мақсат – екі кезеңде жеңіске жету

117 рет
көрсетілді

Велошабандоздар арасындағы ең ірі жарыс – «Тур де Франс» көпкүндігі бел ортасына таяп қалды. Данияның астанасы – Копенгагеннен бастау алған биылғы велобәйге бұл күндері Швейцария тас жолдарында өтіп жатыр. Бұл аралықта велоспортшылар Францияның солтүстігінен шығысқа қарай жүріп, жолай Бельгия шекарасын кесіп өтті.

Биылғы «Тур де Франстың» тоғыз кезеңінің қорытындысы бойынша, қазақ­стандық «Астана» велокомандасының өкілдері үздіктер қатарынан көріне алар емес. 2020 жылғы гранд-турдың алтыншы кезеңінде-ақ алдына жан салмай, мәре сызығын бірінші болып кескен капитан Алексей Луценко әзірге мәреге пелотонмен бірге жетіп жүр. Бұл – қазақстандық команданың қазіргі деңгейі үшін өте жақсы көрсеткіш. Себебі биылғы жарысқа қатысып жатқан велошабандоздардың көбі мұндай жоғары деңгейдегі Гранд-турларда алғаш рет өнер көрсетуде. Сондықтан да олар тәжірибенің жоқтығынан Луценокоға дер кезінде көмектесе алмай, оңтайлы сәтте Алексейді қалың топтың ішінен суырып алып, мәреге жетектеп жеткізетіндей күш-қайрат таба алмай жатыр. Дегенмен бүкіл команда әлі де Алексей Луценконың жеке шеберлігіне сенім артады. Astana Qazaqstan Team велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров команданың баспасөз қызметіне сұхбат беріп, биылғы жарыста жоқ дегенде бір-екі кезеңде жеңіске жетуді көздейтінін айтқан еді.

– Біздің басты мақсатымыз – «Тур де Франстың» бір кезеңінде жеңіске жету. Мүмкін болып жатса тағы да бір-екі кезең­дерде топ жарсақ дейміз. Бұл біздің осы жарыстағы ең бірінші және маңызды мақсатымыз. Қалғанын уақыт еншісіне қалдыра тұрамыз. Өздеріңіз білетіндей, биылғы Гранд-турға команданы капитан ретінде Алексей Луценко бастап барды. Әзірге оның нәтижесіне көңіліміз толады. Десе де ол әлі «Тур де Франстың» жоғары орындарынан көрінуге талпынады. Оның бұл нәтижеге жетуіне толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Жарыс алдында біз оған ТОП-10 велоспортшының қатарынан көріну тапсырмасын берген едік. Бүкіл команда Алексейге көмек көрсетеді. Алайда жеке кезеңдерде жеңіске жету үшін барлық велоспортшы күресе алады. Өйткені біз бұл жарысқа алты ай бойы дайындалдық, – дейді Лондон Олимпиадасының чемпионы А.Винокуров.

Өкінішке қарай, биылғы додаға осы жарыстың 2014 жылғы жеңімпазы, жекелей кезеңдердің бірнеше дүркін чемпионы атанған италиялық  Винченцо Нибали мен таулы кезеңдердің королі колумбиялық Мигель Анхель Лопес жарақаттарына байланысты қатыса алмады. Луценко, Нибали және Лопес үштігі «Тур де Франсқа» қатысқанда, бәлкім «Астананың» қазіргі нәтижесі де, алға қойған мақсаты да бұдан тәуір болар ма еді, кім білсін?!

Бірінші шілдеде басталған «Тур де Франс» қазір бел ортасына таяды. Швей­цариядағы алғашқы таулы кезеңнен кейін жарыс кестесіне көз жүгіртер болсақ, осы доданың кейінгі екі жылдағы жеңімпазы 23 жастағы словениялық велошабандоз Тадей Погачар (UAE Team Emirates) көш бастап тұр. Төрт кезең бойы сары жейдеге иелік еткен бельгиялық Ваут ван Арт (Jumbo – Visma) алтыншы кезеңде төмен нәтиже көрсе­тіп, жалпы есепте бірінші орыннан 51-сатыға бір-ақ сырғыды. Дегенмен әр ке­зеңде тұрақты нәтиже көрсетіп келе жат­қан оның даниялық командаласы Йонас Вин­гегор екінші орынға көтеріліп алды. Ол Погачардан 39 секундқа қалып келеді. Үшін­ші орынға «Тур де Франстың» 2018 жылғы жеңімпазы британдық Герайнт Томас жайғасқан.

«Астана» велоспортшыларының нәти­жесіне тоқталар болсақ, әзірге Алек­сей Луценко жалпы есепте ТОП-20 спорт­шының қатарында тұр. Тоғыз кезеңнің қорытындысы бойынша жерлесіміз көшбас­шыдан шамамен бес минутқа қалып келеді. Әлі алда 12 кезең бар екенін ескерсек, Луцен­коның ТОП-10 спортшының қатарына қосылатындай толық мүмкіндігі бар. Алексейден кейінгі үздік нәтиже Симоне Веласкоға тиесілі. Италиялық велошабандоз әзірге 71-орынды қанағат тұтуда. Кейінгі орындарға қазақстандық Андрей Зейц (103), америкалық Джозеф Домбровски (114), италиялық Фабио Феллине (121), қа­зақ­стандық Дмитрий Груздев (144) және бе­лоруссиялық Александр Рябушенко (146) жайғасқан. Өкінішке қарай, сегізінші кезең­де италиялық Джанни Москон мәреге жете алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Сондықтан «Астана» жарыстың қалған бөлігін жеті велошабандозбен өткізеді.