• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Шілде, 2022

Қаңтарда қару ұрлаған алматылық алты жылға сотталды

332 рет
көрсетілді

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында 33 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушыға 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 291-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» бойынша қаралды.

33 жастағы И. есімді сотталушы тергеумен анықталмаған адаммен бірге төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген қару-жарақ дүкеніне заңсыз кіріп, құны 204 733 теңге Beretta Perennia III маркалы тегіс ұңғылы қарудың 1 данасын, құны 187 557 теңге ATA ARMS маркалы тегіс ұңғылы қарудың 1 данасын ұрлағаны анықталды.

Сотта сотталушы И. кінәсін ішінара мойындады. Ол қару-жарақ дүкеніне кірмегенін, дүкеннің жанынан қару тауып, оны ары қарай құқық қорғау органдарына табыстау үшін алғанын айтты. Алайда, сотталушының кінәсі оның таныстары болған куәгерлердің айғақтарымен расталды. Олар тергеу барысында сотталушы тергеумен анықталмаған адаммен бірге дүкенге кіріп, кейін ұрланған қарумен көлікке отырғанын айтты.

Прокурор айыптауды қолдап, соттан 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Екі кәмелетке толмаған баласының болуы, кінәсін ішінара мойындауы және сотталушының жасы жазаны жеңілдеткенімен, төтенше жағдай кезінде қылмыс жасауы оны қиындатты.

«Заң бойныша аталған қылмыс үшін 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкімімен сотталушы И алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында атыс қаруын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», деп хабарлады Алмалы аудандық сотының баспасөз қызметі.