• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Шілде, 2022

Будапештте оңбай сүріндік

148 рет
көрсетілді

Мажарстанның бас шаһары – Будапештте дзюдодан Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Аталған бәсекеде Қазақстанның 18 балуаны бақ сынағанымен, олардың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Осы жағдайдың өзі-ақ қазіргі кезде елімізде дзюдо күресі тұралап қалғанын аңғартып тұрғандай.

Рейтингтік ұпайлер берілетін бәсі бөлек және мәртебесі жоғары жарыста жерлестеріміздің арасынан ең тәуір нәтижеге Бауыржан Нарбаев қол жеткізді. 60 кило салмақта күш сынасқан ол алғашқы айналымдарда қытайлық Лиу Венжи мен франциялық Ребол Шедришті ұтып, ширек финалда жастар арасындағы (U-23) Еуропа біріншілігінің күміс және қола жүлдегері, грузиялық Темур Носадзені жеңді. Жартылай финалда оның жолы Грузияның тағы бір белді балуаны Лухуми Чхвимианимен қиысты. Әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы деген атағы бар сақа спортшыға Нарбаевтың әлі жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыста қандасымыз Францияның 19 жасар жас өрені Роман Валадье Пикардқа есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды. 

Будапештте тәжірибелі Ғұсман Қыр­ғыз­баевқа айрықша сенім артқан едік. Был­тыр ол дәл осы қалада небір мық­ты­лар­­ды жолынан ығыстырып, әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері атанған еді. Алай­да 66 кило салмақ дәрежесіне ауыс­қан­нан кейін бұл жігіттің бағы бір жанбады. Осы турнирдің тұсаукесер кездесуінде Қыр­­ғызбаев командалық сайыстағы Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері, израильдік Барух Шмаиловтың аяғын көктен келтіргенде қатты қуандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Келесі кезеңде сүрінген Ғұсман қалың топтың арасында қалып қойды. Өкінішке қарай, Мағжан Шамшадин (60 кило), Дастан Шаяхметов (66 кило), Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов (73 кило), Барақ Арқабай, Айбол Нысанәлі (81 кило), Әділет Миссин, Ерасыл Жантаев (90 кило), Айбек Серікбаев және Серік Сәлменов (100 кило) алғашқы айналымдардан аса алмады.

Ерлер сайысында үш салмақта Жапония құрама командасының мүшелері бас жүлдені олжалады. Олар – Хифуми Абэ (66 кило), Санширо Мурао (90 кило) және Кэнтаро Иида (100 кило). Аса жеңіл салмақта Бельгияның беткеұстары Йорре Ферстрэтенге тең келер ешкім табылмады. 73 салмақ дәрежесінде дара шыққан Хидаят Гейдаровтың табысына қазақ жанкүйерлері де шаттана қуанды. Өйткені, Әзербайжанның намысын қорғап жүрген бұл балуан Қазақстанда дүниеге келген. Балауса шағында тарихи Отанына қоныс аударып, дзюдо күресіне ден қойды. Хидаят – әлем чемпионатының екі дүркін және Еуропа ойындарының қола жүлдегері, құрлықтың екі дүркін чемпионы. Сондай-ақ ол Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын алып, Дүниежүзілік Универсиадада екінші және үшінші орындарды иеленді. 81 кило салмақта бразилиялық Гльерме Шмид топ жарса, алыптардың айқасы Францияның даңқы жер жарған дзюдошысы Тедди Риннердің айқын жеңісімен аяқталды.

Әйелдер сайысында бізді ең жеңіл салмақ­тағы Әбиба Әбужарқынова мен аса ауыр салмақтағы Кәмила Берліқаш қуантады деп дәмелендік. Өйткені өткен айдың аяғында олар Ұланбатырда ұйымдастырылған Grand Slam додасында қола медальды иеленіп, өздерінің бабында екендерін байқатқан-тын. Бірақ бұл жолы екеуінің де жолы болмады. Әсіресе, біз Әбужарқынованың жеңілісіне күйіндік. Екінші айналымда ол израильдік Шира Ришониден ұтылды. Қазақ қызы дәл осы балуанды Моңғолияның астанасында жеңген еді. Бұрымдылардың тартысында да Жапония құрамасы озды. Олар жеті салмақтың бесеуінде бас жүлдені олжалады. Қалған екі алтын Мажарстан мен Италияның балуандарына бұйырды.