Әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елен Рыбакинаның «Уимблдон» жарысындағы жарқын жеңісінің ізін ала соңынан ерген қазақстандық жас талантты теннисшілер де халықаралық турнирлерде үздіктер қатарынан көрінді.
Мәселен, Францияның астанасы – Париж қаласында ұйымдастырылған 14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe сериясы бойынша бірінші санаттағы турнирде қазақстандық Заңғар Нұрланұлы финалда өнер көрсетті. Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша, айтулы додаға әлемнің 30 елінен 160-тан астам жас ойыншысы қатысқан. Олардың арасында қазақстандықтардан жарыстың бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлынан бөлек, Даниэль Тазабеков, Дамир Жалғасбай, Сәтима Төреген және Ариана Гогулина бар. Заңғар Нұрланұлы финалдағы тартысты матчта германиялық Нильс Макдональдпен шеберлік байқасып, екі сетте – 6:7 (4:7), 4:6 есебімен қарсыласына жол берді.
Заңғар финалға барар жолда алдымен франциялық Ариан Калитера мен Кипрен Шивалирді тізе бүктірді. Сосын италиялық Рафаэль Чиуэрнеллиді жолдан тайдырды. Ширек финалда мысырлық Эяд Мохаммед Шерифтан айласын асырды – 7:6 (7:3), 6:2. Жартылай финалда жарыстың 4-ракеткасы франциялық Тимео Труфеллиді ойсырата жеңді – 6:1, 6:2. Бұл турнирдің ерекшелігі, мұндағы бәсекелер атақты Roland Garros корттарында өтеді. Кезінде мұнда әр жылдары жасөспірім шағында Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис, Стефанос Циципас, Карлос Алькарас және басқалар жеңімпаз атанған болатын.
Сонымен қатар Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ITF Juniors сериясы бойынша өткен бесінші санаттағы турнирде қарағандылық Виталий Зацепин тамаша өнер көрсетті. Ол финалда корт иесі Ильгиз Камчибековті ұтты – 6:3, 6:1. Жұптық сында В.Зацепин Жакас Козбакпен бірге қазақстандықтар Олег Гусаков – Дархан Жақангерге жол берді – 7:6 (7:1), 1:6, 4:6. Осында жұптық сында Анастасия Крымкова чемпион атанды. Ол қырғызстандық Владислава Андреевскаямен бірге Қарақат Қойлыбаева – Дарья Шубинаны бас жүлдесіз қалдырды – 6:1, 6:2.
Грузияда 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF жарысында алматылық Іңкәр Дүйсебай финалға дейін жетті. Соңғы бәсекеде Іңкәр ұлыбританиялық Габи Паскаускаспен бірге түркиялықтар Ирем Кюрт – Дуру Сокеге есе жіберді – 6:1, 5:7, 11:13. Жекелей сында Іңкәр Дүйсебай жартылай финалда Натали Джаниден ұтылды – 3:6, 6:2, 5:7.
Тағы бір алматылық Роберт Каминский Германияда 12 жасқа дейінгілер арасында бірінші санаттағы Tennis Europe додасында жұптық сында озық шықты. Жекелей сында ол жартылай финалда ресейлік Александр Куницыннан жеңілді – 3:6, 3:6.