Полиция интернет арқылы бірнеше алаяқтық жасаған 15 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар – Қазақстан және Ресей азаматтары, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13-22 маусым аралығында өз пәтерін сатқан Алматы тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Ол бірнеше траншпен сатылымнан түскен 23 миллион теңгені алаяқтардың шоттарына аударған. Алданып қалғанын түсінген жәбірленуші 24 маусымда құқық қорғау органдарына жүгінді.
Аталған фактіге байланысты Алматы қаласы Алмалы ауданының ПБ Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабының 4-бөлігінде (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Сол күні тергеліп жатқан іс аясында ІІМ Криминалдық полиция департаменті мен Алматы ПД аса тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында алаяқтық әрекеттерде Қазақстанның әртүрлі қалаларында тұратын жалған тұлғаларға ресімделген 10-ға жуық банк карталары пайдаланылғаны анықталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ киберқылмыспен күрес бөлімшесінің жедел уәкілдері Павлодар облысы және Алматыдағы әріптестерімен бірге Қазақстан мен Ресей азаматтарынан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Бес қатысушыға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір топ қатысушыларының интернет-алаяқтықтың алты эпизодына ықтимал қатыстылығы анықталды, келтірілген шығын 106 миллион теңгеден асты.
Әдетте мұндай қылмыстарды жасауда үшінші тұлғаларға ресімделген банктік шоттар мен карталар қолданылады, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін жалған адамдар қолданылады. Қоңыраулар үшін алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша бағдарламаларды пайдаланады.
Бұл әрекеттердің барлығы ықтимал құрбандардың банктік карталары мен депозиттеріне қол жеткізуге, одан әрі олардан ақша аударуға немесе несие алуға бағытталған.