Теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы ең маңызды төрт турнирдің бірі – «Уимблдонда» жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакина дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні елге оралды. Еліміздің әйелдер арасындағы бірінші ракеткасын елорда әуежайынан спортшының туыстары, достары, шенеуніктер, БАҚ өкілдері және жанкүйерлері күтіп алды.
Әлемдік теннис турнирінің жеңімпазын Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайынан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев және әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген чемпиондар да құрмет-қошеметпен қарсы алды.
Ал сейсенбі күні қазақстандық теннисші Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болды. Түстен кейін Елена Рыбакина қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Баспасөз мәслихатында Елена «Уимблдон» жарысына қалай дайындалғаны туралы айтып, жеңісінен кейінгі әсерін ортаға салды. Сондай-ақ ол жиын барысында қазақстандық жанкүйерлердің ерекше қолдауына ризашылығын білдіріп, журналистерге Қазақстанның азаматшасы екенін дәлелдейтін жеке куәлігімен паспортын да көрсетті. Баспасөз жиынында айтылған бұдан да басқа сұрақ-жауапты газетіміздің келесі санында толық жариялаймыз.
Журналистермен кездесуден кейін Е.Рыбакина Ұлттық теннис орталығындағы кортта еліміздің жас теннисшілерімен кездесіп, оларға арнайы шеберлік-сабағын өткізді. Содан кейін елордалық теннис жанкүйерлерімен де жүздесіп, естелікке суретке түсіп, қолтаңба берді.