Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай 34 кітаптың авторы. Оның шығармашылық өмірінен Баукең – Бауыржан Момышұлы туралы «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», «Мен – халқымның Бауыржанымын» кітаптарының алатын орны ерекше. Төменде қаламгердің Баукең өмірінен сыр шертетін жаңа туындыларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Түсінісу
– Келесі сұрағымды қоюға рұқсат па? – дедім жылдам сөйлеп.
– Рұқсат.
– Дивизия командирi болған алғашқы күнгi көңiл-күйiңiздi бiлсем деп едiм.
– Бұл тілегің орынды. Тыңда. Дивизия командирi болдым. Дивизияның штаб бастығы менен он жас үлкен Калугин деген өте бiлiмдi кiсi екен. Менi менсiнбедi. Менсiнбегеннiң сазайын тартарсың, деп iшiме түйiп қойдым. Өтiрiк күлiп жүр. Күллi бұйрықты, ақпарды сол жазады. Мен қол қоямын.
– Е, бiр ақымақ келiптi ғой, былай жаза салайын, не түсiнер дейсiң? – деген ойда. Өзi бұйрық жазып үйренiп қалған, ұрысқа қатыспайды.
Қарағым, бұйрық жазу басқа да, соғыс басқа. Түсiндiң бе? Оның ойынша, мен не жазса да қол қоя беретiн көрiнемiн.
Бiрiншi рет құжаттарды алып келдi. Бала жiгiт кезiмдегi ұстазым Дүйсекеңе (Дүйсенғалиға) ұқсап, қолыма қызыл қалам алып, әкелгендерiн бұлай емес, былай деп түзеттiм. Сөйтсе де iшiнен: «Бiр командир келедi, кетедi. Мынау да жақында солардың кебiн құшады» – деп ойлап жүр. Солдаттарға да жан керек. Бұл қалады деп оны сыйлайды.
Бiр өзеннiң жағасына жете тоқтадық. Бiз ары өтемiз деймiз, немiстер жiберер емес. Жоғары жақ: «Өткiн! Өткiн!» – деп әмiр етiп жатыр. Екi оттың ортасында қалдық. Өзi титiмдей ғана өзен, тереңдiгi тiзеге жетедi. Бiз жақтағы жаға төмен де, немiстер жағындағы жаға биiк. Екеуiнiң арақашықтығы 200, 300 метрдей. Төменнiң аты төмен, жоғарының аты жоғары екен. Жоғарыдағылар төменде не бар екенiн көргiш келедi ғой.
– Алға! Алға! – асыра сiлтеушiлiк, қарағым, соғыста да болды. Қып-қызыл қырғын. Командашы телефонмен менi сыбап жатыр. Мен де алға деп командирлерiмнiң апшысын қуырып жатырмын. Одан не өнедi?
Сен соғыста болған жоқсың, түсiнбейсiң. Бұл нағыз трагедия! Бiраз қырылдық. Үш күн әуре болдық. Снарядтарымыз аз.
– Зеңбiректiң бiреуi оқ атпасын! – деп бұйрық бердiм. Ата берсек, қор қалатын түрi жоқ.
– Момышұлы зеңбiректерден атпауды бұйырды, – деген сөз командашыға жетедi. Әскери кеңес:
– Сатқын! Басқа дивизиялар атып жатқанда, бұл неге бүйтедi? – деп шәт-шәлекейi шығады.
Армия қолбасшысы генерал-полковник Чистяковқа хабарлайды.
– Бұл не масқара?!
Әскери кеңестiң мүшесi генерал-лейтенант Абрамов пен қолбасшы генерал-полковник Чистяков блиндажыма кiрiп келдi. Абрамов дауыс көтере сөйледi. Чистяков үндемей тұр.
– Бiздiң армиямыздағы жалғыз сiздiң дивизия ғана жауға оқ атпай жатыр. Немiстерге берiлгiңiз келе ме? Кәне, сөйлеңiз! Мына қылығыңызға бiз түсiне алмай тұрмыз.
Чистяковқа мың да бiр рақмет, үндемей төзе бiлдi.
– Жолдас генерал-лейтенант, мен жұрт атып болған соң атамын. Менiң снарядтарым өте аз. Оны болмашы нәрселерге шығын еткiм келмейдi. Көршiлерiм қазiр атып жатқанымен, соңынан таяқ жейдi. Бәрiбiр олар жауды жарып өте алған жоқ. Жаудың маңдайын көздеп атқан кезiмiзде алға жылжитынымызға сенемiн. Сол себептi снарядтарымды, адамдарымды сақтап отырмын.
Генерал-лейтенант бiр нәрсе деп келе жатыр едi, қолбасшы Чистяков:
– Сабыр сақтауыңызды өтiнем, комдивтiкi дұрыс. Алда не боларын көре жатармыз, – дедi. Әскери кеңес мүшесiнiң үнi өштi. – Бiзге тамақ бересiң бе, жоқ па?
Чистяков көңiлдене күлдi. Өзi орта бойлы, көк көз кiсi едi. Тамақ, жүз грамнан арақ бердiм. Дастарқан жиналған соң, қолбасшы:
– Ал, полковник, шабуылға қашан шықпақсыз? – дедi.
– Шабуылды таңертең бастауыңыз керек! – дедi Абрамов. «Бұған қалай қарайсың?» дегендей, Чистяков маған жанарын тiк қадады. Бiр-бiрiмiздi көзқарастан түсiндiк. Орнымнан тұрдым да:
– Жолдас қолбасшы, мен шабуылға түстен кейiн шығамын, – дедiм. Абрамов дегбiрсiзденiп:
– Не тантып тұрсың?! – деп айқайлады. – Бiз шабуылдап, әр сағаттан ұтылып жатырмыз. Ал сен түстен кейiн дейсiң!
Генерал-полковник Чистяков сабырлы қалпын бұзбай:
– Неге шабуылға түстен кейiн шықпақсыз? – деп маған сұрақ қойды.
– Жолдас генерал-полковник, немiстер бiздiң барлық шабуылымызды тойтарды. Өзiңiз көрдiңiз, олар ертең орыстар бас көтере алмайды деп ойлайды. Тұмсықтарынан есеңгiрете соқтық деп жақсылап түстенедi. Ұйықтап дем алады. Дәл осы кезде шабуылға шығамын.
– Тфу, енеңдi ұрайын, мен де осылай ойлап тұр едiм. Ойлаған ойыңды iске асыр!
Генерал-лейтенант бiрдеме демек едi:
– Бөгет болмайық, комдивтiң ойы дұрыс, – деп жадырай күлдi.
– Көрермiз не шығарын? – Оған Чистяков ренжiп қалды.
– Комдив өз басын қатерге тiгiп отыр. Бұдан былай бiз араласпайық. Не боларын көре жатармыз. Немiстер де ақымақ емес. Олар да ойланып жатқан шығар?..
Маған қарап:
– Комдив, – дедi, – ойымыз бiр жерден шықты… Артиллерия жағынан күшiңiз аздау екен. Қарамағымдағы артиллерия дивизионын кешке дейiн сiзге жiберемiн. Оны ұқыпты пайдалана бiлiңiз.
Әскери кеңестiң мүшесi де жiбiдi. Бұрын Чистяков қоштасқан кезде: «Қош болыңыз» – демей, «всего доброго» дейтiн. Орыс тiлiнде бұл қызық сөз. Қош бол десе, көңiлге жолығамыз ба, жолықпаймыз ба деген күдiк туады. Ал «всего доброго» деген «аманшылықпен кездесейiк» деген сөз ғой. Мұның мәнi өте терең.
Бұл жолы да қолбасшы менiмен «всего доброго» деп қоштасты.
Ертеңiне жеңiске жеттiк. Осы шайқас менiң жаңадан дивизия командирi болғандағы өзiме деген сенiмiмдi бiраз бекiте түстi. Кулагин де өз қатесiн түсiнiп, маған оң көзбен қарай бастады. Бұл, қарағым, қолбасылық жолдағы алғашқы адымым болатын.
Әділетті кісі
Баукең көзiлдiрiгiн киiп, бас жағындағы журнал үстелінің үстiнде жатқан қағаздарды ақтара қарап, бiр хатты қолына алды.
– Бұл өзi өте қызық, түсiнiп тыңда, – деп машинкамен жазылған мына сөздердi дауыстап оқыды. «Қымбатты дивизия командирi! Денiңiздiң сау, творчестволық еңбегiңiздiң жемiстi болуын тiлеген осы жаңа жылдық құттықтауымды қабыл алыңыз. Мына газет қиындысын да қоса салып отырмын. Мұны ұмытылмас, қадiрлi дивизия командирiме менiң жұмысым туралы рапорт деп ұғарсыз.
Өмiрiңiз, әдеби еңбегiңiз жөнiнде қысқаша хабарлауға уақыт тапсаңыз, өте қуанар едiм. Прибалтика бойындағы ұрыстар туралы кiтап жазып жүрсiз бе? Сiзге шын берiлген комбат А.Шарыпов».
Баукең құттықтау хатты үстел үстiне қойып, «Майдандағы достық ұмытылмайды» деген атпен жарық көрген газет мақаласы қиындысын «мә, өзiң оқы» деп маған ұсынды. Онда Дивнегорск қаласында тұратын запастағы гвардия майоры Александр Олимпиевич Шарыповтың майдандас достарымен байланысы туралы әңгiмеленедi екен. Мақаланың бiр жерiнде: «Панфилов дивизиясының бұрынғы полк командирi, кейiннен 9-шы Қызыл Ту ордендi гвардиялық атқыштар дивизиясының командирi болған гвардия полковнигi Бауыржан Момышұлының «Москва үшiн шайқас» (офицер жазбалары) атты кiтабы Александр Олимпиевичке ерекше қымбат. Себебi, майор Шарыпов оның қарамағында қызмет етiп, соғысқан», депті.
Кiтаптың бiрiншi бетiнде: «Жазған хатыңыз және жылы сөздерiңiз үшiн алғысымды бiлдiремiн. Қызметiңiз үшiн рахмет. Аман-есендiгiңiзге қуаныштымын. Сiз бiздiң дивизияның ержүрек жауынгерi, батыл батальон командирi ретiнде есiмдесiз.
Дивизия командирi Б. Момышұлы, Москва қаласы» – деген автор қолтаңбасы бар.
Баукең газет қиындысын менен алып:
– Жоғарыдағы сөздердiң астарына көңiл бөл, – дедi. – Ерекше қымбат дегеннiң астары терең.
Шарыпов ол кезде түрмеде отырған едi. Жоғарыдағыдай қолтаңбам бар кiтапты алады. Кiтап қолдан қолға өтедi. «Ой, мынаның өзi қалай?» деп бастықтар ойланып қалады. Бұрынғы дивизия командирi «ержүрек жауынгерiм» деп отыр, өзiмен сөйлесiп көрейiкшi, деп шақырып сөйлеседi. Көп ұзамай оны күзет бастығы етедi. Бұл – үлкен жеңiлдiк. Менiң қолтаңбам, шындығына келгенде, кепiлдеме орнына қызмет атқарады. Жалақысы көбейiп, жағдайы жақсарған соң Шарыпов отбасын Дивнегорскiге көшiрiп алады. Өзiн бұрын да жақсы, тәртiптi ұстаған, ендi тiптен жақсы деп бастықтар қалған жылдарын кешiрiп, бостандыққа шығарады. Ол сол жерде бiржола қалады.
Менiң қолтаңбам оған шын мәнiнде пропуск орнына жүредi. Кез келген адвокат дәл бұлай ара түсе алмас едi. Шарыповтың аузынан тастамай, қайта-қайта хат жазуының себебiн ендi түсiндiң бе?
«Жек көрушiлiк пен жақсы көрушiлiктiң арасы қас пен кiрпiктiң арасындай ғана» дейдi халық. Қазақтың «көңiл бiр атым насыбайдан қалады» деген де сөзi бар. Соғыс кезiнде мен оны батальон командирiнен алып, майорлық дәрежесiнен айырып, айып батальонына жiберген едiм. Бұл өлiм жазасына кескенмен бiрдей. Осыған қарамастан, ол жек көрушiлiк сезiмiн ұмытып, маған хат жазды.
Түрмеде отырған кiсi ғой, «Сен неғып отырсың?» демей, көп ойды, көп адамгершiлiк сезiмдi «сiз бiздiң дивизиямыздың ержүрек жауынгерi, батыл батальон командирi ретiнде есiмдесiз» деген сөзге сыйғызып, қолтаңба жазып, кiтабымды салып жiбердiм.
…Айып батальонында ол жараланады. Тәртiп бойынша, кiнәсін қанмен жуды деп жараланғандарға кешiрiм жасалады. Ол бұрынғы орнына қайта баруы керек. Оны тек генерал Чистяков қана шешуi тиіс.
Бiр хатында майор Шарыпов: «Генерал менi өте суық қарсы алды. Моншадан кейiн түктi халат киiп, шай iшiп отыр екен, ұрысты», – деп жазыпты. Оның хатын оқып, генералдың адъютанты Гончаровтың айтқаны есiме түстi. Шарыпов бiздiң дивизияға қайта сұранса, Чистяков:
– Жоқ, рұқсат ете алмаймын! – дептi. Жалынып, өтiнген екен:
– Сенi неге онда жiбермейтiнiмдi ақылың болса, түсiн. Егер тағы бiр рет сүрiнсең, Бауыржан сенi сөзге келмей аттырып тастайды, – дептi генерал.
Менiңше, Чистяковтың шешiмi дұрыс. Мен «е, жақсы келiпсiң» демеймiн ғой. Соны Чистяков сезген. Ол кiсi менi бiледi. Сондықтан да бұрынғы қарым-қатынастары болмайды деп анаған жаны ашыған.
Майор Шарыпов өкпелеу орнына генерал Чистяковты бағалауы, оған алғыс айтуы керек. Ол кiсi үлкен адамгершiлiк жасады емес пе? Екiншiден, майор Шарыпов күллi дивизияға мәлiм. «Е, мына байғұс тiрi келiптi ғой», деп бәрi тiксiне қарайды. Бiлсе, генерал Чистяков оны сол екi қолайсыздықтан да құтқарды. Шарыповтың генералға өкпесi мүлде орынсыз. Оны өзi түсiнер деп хатта жазғаным жоқ.
Баукең сөзiн кiлт доғарып, маған ұзақ ойлана қарап:
– Мұны саған не үшiн айтып отырмын? – дедi де, жауабымды күтпей өзі сөйлеп кеттi. – Адамды адам түсiну оңай емес. Жоғарыдағы оқиғадан майор Шарыповтың да, генерал Чистяковтың да, менiң де кiм екенiмiз көрiнiп тұрған жоқ па?
– Көрiнiп тұр.
– Көрiнгенде қандай?! Иван Васильевич Чистяковты мен қабiлеттi, адам танитын, әдiлеттi кiсi деп санаймын.
Екi оқиға
Баукең темекi қалдығын үстел шетiндегi күлсалғышқа тастап, сөзiн жалғады.
– Солдаттар өлiмге көзбе-көз қарап үйренген жандар ғой. Олар кiнәсiн мойнына ала бiледi. Әдiлеттi қаталдығыңа ешуақытта өкпелемейдi. Бәрiн айт та бiрiн айт, екi оқиға есiме түсiп отыр. Тыңдағың келсе…
– Тыңдаймын.
– 6-шы армияның инженерлiк әскери бөлiмi бастығының орынбасары генерал-лейтенант едi. Өзiнiң штабы, адъютанты, шоферi бар. Орман шетiндемiз. Солдаттар Балтық теңiзiне таяу, енi жиырма екi шақырымдай келетiн көлденең кеңiстiкте қатар түзеп, автоматтарын кезене алға жылжып барады.
Әлгi генерал-лейтенант жаудан түскен олжаны екi машинаға тиеп, қайтып келе жатады. Оны бiздiң адамдар көрiп, тоқтатады.
– Машинаға жолатпаймын! – деп шофер қару кезенiп, бiздiң адамдарға қарсылық бiлдiредi. Осылай деген маған хабар жеттi. Келсем, аға лейтенант автоматын серт ұстап тұр. Төңiрегiнде оншақты адам.
– Не болып қалды?
– Осындай да осындай.
– Кiмсiңдер?
– Пәлен генерал-лейтенанттың адъютантымын, шоферiмiн. Сол кiсi жұмсап едi.
– Мен 9-шы дивизияның командирiмiн. Жолдас аға лейтенант, қаруыңызды тастаңыз!
Ақылы бар екен, бұйрыққа бағынды. Шофер:
– Жоқ, мен қоймаға барып өткiземiн! – дедi байбалам сап. Мiне, тәртiптiң бұзылуының бiр көрiнiсi.
Бiр сарбазым артынан кеп, қаруының дүмiмен перiп кеп жiбердi. Шофер құлаған кезде автоматы тырр-р ете қалды. Бiр жақсысы, оқтар менi жанай өттi.
– Ұруды доғар! – Сарбазым кiлт тыйылды. Аға лейтенантқа қарап:
– Жолдас аға лейтенант, сiздiң де қолыңызды байлауға тура келедi, – дедiм. Байлап, Балтық теңiзiнiң жағасындағы қыстаққа әкелдiк. Бiр үйдiң жертөлесіне түсiрiп, он тәулiкке қамадық. Белдiк, ұстара, тарақ дегендер берiлмейдi. Ешкiмге жолықтырмайды. Қорегi күнiне 250 грамм нан, бiр кружка су ғана.
Он тәулiктiк қатаң жазаны жоғары жақ өзгерте алмайды. Заң солай. Екеуiн бөлек қамадық. Он тәулiк өткен соң:
– Босатайық, – деп сыртқа шығардық. Екеуi де қу сүйек, сақал-мұрты өсiп кеткен. Киiмдерi де мәз емес.
– Сендер жазаларыңды өтедiңдер, – дедiм. – Ендi өз бөлiмдерiңе барасыңдар.
– Жолдас полковник, қырынуға рұқсат етiңiз? – дедi аға лейтенант.
– Жоқ. Бөлiмдерiңе барған соң қырынасыңдар!
Тамақтандырдық. Кiшкене автобусымыз болушы едi, соған отырғызып, белдiктерiн бердiк. Аға лейтенантқа:
– Генерал-лейтенантқа өзiң барып мәлiмдейсiң, – дедiм. Кеттi. Ол барып мәлiмдейдi. Генерал-лейтенант таңғалып, ұяла қызарып:
– Бұл Момышұлы жолдастың iсi ғой, – десе, сақал-мұрты өсiп, сүмiрейiп түрған шофер солдат:
– Жоқ, жолдас генерал-лейтенант, бұл Момышұлының емес, сiздiң iсiңiз, – дептi. Оның әлгi сөзiнде «сен жұмсамасаң, Момышұлы бiздi қамамас едi» деген әдiлеттiк бар ғой. Ол менен қорлық көрдi, атыла жаздады, он күн аш болды. Ал айтқан сөзi анау. Бұл, түсiнсең, генерал-лейтенантты тiрiдей жерлеу ғой.
Мұны маған автобусымның шоферi айтып келдi.
– Әдiлеттi, ақылды солдат екен, – дедiм де қойдым.
Екi-үш ай өттi ме, өтпедi ме, әскери кеңес болып, соған бардым. Кеңес үш күнге созылды. Үзiлiс кезiнде машинама қарай келе жатсам:
– Здравия желаем, товарищ полковник, – дедi бiр солдат. Бұрылып қарасам, мен қамаған шофер-солдат.
– Халiң қалай?
– Бәрi дұрыс, тек сiздiң бiздi қырынуға рұқсат етпегенiңiзге ренжiдiм. Соны аға лейтенантқа айтып едiм, ол:
– Сол жазасына да рахмет, әйтпесе ол бiздi атар да едi дедi, – деп күледi.
– Менен сәлем айтыңыз, ол жаман офицер емес екен.
Баукең бiраз ойланып:
– Солдаттың өзi келiп сәлем бергенi әдiлеттiлiгi, адалдығы ғой. Оны арамдыққа жұмсаған ана генерал-лейтенант, – дедi қатулана қабақ түйiп. – Солдаттар әдiлеттi қаталдығыңа кек сақтамайды. Мұндай мысал көп. Белi ауырмай байымақ болған генерал-лейтенантпен күресемін деп солдаттарды бұрынғыдан да жақсы көре түскенiм бар.
Баукең ойға бата отырып:
– Солдаттың сырын бiлсең, жеңiске жетудiң жолы бiршама айқындала түседi, – дедi тұнжырай. – Ол үшiн онымен тiл табыс. Сонда ол командирге өз көзқарасын айтады.
«Iш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», деген мақал бар. Мұны сен кең түсiн. Солдат қауымы сыншыл келедi. «Қап, мына жерден командирiмiз мүлт кеттi-ау» деп ойлайды. Себебi, бiрi жараланып, бiрi өлiп, жеңiлiп жатыр. Қайнаудың iшiндегi кiсi ғой. «Мына жерде жау мықты екен, бiздi мұнда бекер салды», – деп өкiнедi. Жеңсе: «Командир жаудың осал жерiн бiлiп алған екен», деп командир қимылына оң баға бередi.
Тiрi қалған солдат жеңiлгенiне: «Қап!» деп өкiнедi. «Iш қазандай қайнайды» деген сол. Командирiне батып ойын айта алмайды. Соғыс – жатқан жұмбақ. Бiздiң заманда сыр айтып, ашық соғысу жоқ. Командир байғұс кей кезде дұрыс, кей кезде бұрыс шешедi. Бiрде жағдайды дұрыс бағалайды, бiрде қателеседi. Бiрде жеңiс, бiрде жығылыс содан шығады. Бұл екеуiнiң де ең ауыртпалығы алдыңғы шептегi солдаттың мойнында, солдаттың иығында.
Солдаттың бетпе-бет ұрыстағы ең басты командирi – азаматтығы мен патриотизмi. Бетпе-бет ұрыс жағдайында оның өз еркi өзiнде. Атамын десе, атады, жатамын десе, жатады. Оған атқын деушi де, алға жүгiр, керек кезiнде жата тұр деушi де – ар-намыс, азаматтық парыз.
Оның бәрiн бiз көре бiлмеймiз, жасыратыны жоқ, көргендi түсiне де бiлеймiз. Ол мүмкiн де емес.
Бұл заманның бетпе-бет ұрысында кiмдi кiм байқайды? Ол оңай ма? Түсiнсек, солдат қауымының ниет, ар-намыс бiрлiгi – бас командир.
Терең ой
– Асығып отырсың ба?
– Жоқ. Онда тыңда. Литва мен Латвияда тұрмыз. Қайда барсаң да тоғай, орман. Тоғайлары қалың келедi. Iшiне енсең, шалшық, одан шығудың өзi азап. Қазекеңнiң құмға үйренгенiндей жергiлiктi тұрғындарға ол ойыншық. Бәрiнен бандиттердiң зәулiм ағаш басынан тырр-рр, тыр-рр еткiзiп ататыны қиын. Жүгiрiп барсаң, iзi жоқ. Шалшықта iз қала ма?
Мен үш уездiң әскери бастығымын. Майдан қолбасшысы маршал Иван Христофорович Баграмян. Ұзын бойлы, қасқа кiсi.
– Дивизияңда 12 мың жауынгер бар, ал бандиттер 30-40 адам ғана. Олардың көзiн неге жоймайсыңдар? – деп жоғары жақтағылар әкемiздi танытады.
Бiр күнi корпус қолбасшысын, дивизия командирлерiн Ригаға шақырды. Маршал Баграмян бәрiмiздiң басымызды қосып:
– Осылай, мiндеттерiңдi орындамай жүрсiңдер, – деп сынға алды.
Салдус деген қала бар едi. Айналасы ну тоғай. Ол менiң учаскем. Сонда бандиттердiң тобы пайда болыпты. Оны милиция органы сезiп, құртыңдар деп елу шақты адам жiбередi. Барса, күнi бұрын хабарланған бандиттер бәрiн өлтiредi.
– Ой, бұл кiмнiң участогында болды?
– 9-шы гвардиялық дивизияның участогында.
– Командирi кiм?
– Бауыржан Момышұлы.
Маршал Баграмян қатты ашуланыпты. Мен елудiң өлгенiн естiген емеспiн. Жиналыста ол кісі:
– Салдус пен Вильнюс арасында бандиттер елу адамды өлтiрiп, құтылып кетiптi, – деп айқайлап, елдiң көзiнше масқарамды шығарды.
Орнымнан түрегеп тыңдап тұрмын. Үш республика басшылары да отыр. Маршал Баграмян үстелін перiп кеп жiберiп:
– Бұған не дейсiз, полковник Момышұлы?! – дедi.
Мен сұп-сұр болып тұрмын. Жиналғандар өңкей генералдар, өкiметтер.
– Егер рұқсат етсеңiз, Әскери кеңеске баян етейiн.
Маршал Баграмян:
– Қысқа айтыңыз! – деп тастады.
– Жолдас қолбасшы, мен де қысқа, бес минөт iшiнде баян етпекпiн. – Үш республиканың басшысы қарап қалды. Жап-жаспын ғой.
– Жолдас қолбасшы, мен бар-жоғы дивизия командирiмiн. Маған Прибалтика республикаларының iшкi iстерiне араласуға құқық берiлген емес. Үш республиканың территориясында бандиттердiң қанша ұясы барын бiлу менiң мiндетiме кiрмейдi.
Маршал Баграмян көзiмен атып жiбере жаздап, айқайлады.
– Сiздiңше, кiмнiң мiндетiне кiредi?!
– Жолдас қолбасшы, бұл Прибалтика республикалары үкiметiнiң, iшкi iстер министрлiгiнiң және ОГПУ-дiң мiндетiне енедi. Олардың өздерiнiң iшкi барлаушылары бар. Бандиттердiң жасырынған орнын олар менен бұрын бiлген. Бiрақ маған хабарлаған жоқ. Егер де осылай деп жәрдем сұраса, мен жәрдемiмдi аямас едiм. Әрi-берiден кейiн елудiң қырылғанын қазiр бiрiншi рет естiп тұрмын. Сол себептi, жолдас қолбасшы, сiздiң маған қойған айыбыңызды мойындай алмаймын.
«9-шы гвардиялық дивизияның командирiне ескертiп едiк, осылай жәрдемдескен жоқ», деп кiм айта алар екен? Айттық десе, құжатпен дәлелдесiн. Кiм бар, кiм жоқ деп қару-жарағымды алып, беталды тоғайдың iшiн атқылап жүруiм керек пе? Қайталап айтқанда, мен сiздiң таққан айыбыңызды мойындамаймын.
Маршал Баграмян қып-қызыл болып кеттi. Тағы айқай салды.
– Сiз немене, жолдас полковник, үш республика Орталық партия комитетiн, үкiметiн айыптамақсыз ба?! Сiздiңше, кiнәлi солар, сiз емес қой?!
Генералдар: «Бұлай сөйлеуге бола ма, құрыдың», – деп отыр.
Маршал Баграмян тағы дауысын көтерiп келе жатқанда Эстония Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы аласа бойлы, қараторы кiсi екен, орнынан тұрып:
– Иван Христофорович, – деп сөзiн бөлiп жiбердi. – Менiңше, полковниктiң айтып тұрғаны дұрыс.
Маршал Баграмян ол кiсiге қызара қарады.
Литва Республикасы Жоғарғы Советi Президиумының төрағасы ұзын бойлы, қасқаланып келе жатқан кiсi екен, ол да орнынан тұрып:
– Жолдас қолбасшы, мен Эстония Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысымен келiсемiн, – дедi. Одан кейiн Латвия Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы орнынан тұрып:
– Жолдас Баграмян, мен жаңа сөйлеген екi жолдаспен де келiсемiн. Полковник бiздiң iшкi iсiмiзге араласуға өкiлеттiк алған емес, – дедi.
Маршал түтiгiп кеттi. Үшеуi де Әскери кеңес мүшесi. Баграмян сағатына қарап:
– Жолдастар, үзiлiс жарияланады. Кеңес ертеңгi сағат таңғы онда қайта жұмысын бастайды. Ешкiм кетiп қалып жүрмесiн, – деп жиынды жапты.
Орнымыздан тұрып, тысқа беттеп бара жатырмыз. Генерал-майор Иван Чистяков менi қуып жетiп, құлағыма сыбырлап:
– Сен немене, – дедi. Тағы бiрдеме демек едi, Әскери кеңестiң мүшесi Абрамов анандай жерде бара жатыр екен, есітiп қалып, бұрылып кеп:
– Иван Михайлович, Бауыржанға ешқандай кiнә таға алмаймыз, – дедi.
Чистяков көзiн алартып, маған тағы бiрдеме деп келе жатыр едi:
– Иван Михайлович, полковник Момышұлының айтқаны әдiлеттiк, – деп Абрамов оны өзiмен ертiп әкете бастады.
Иван Михайлович ұзай бере, маған тағы ала көзiмен қарап:
– Фу, енеңдi ұрайын! – дедi терiсiне сыймай.
– Иван Михайлович, менiң енеммен о дүниеде ғана кездесе аласыз.
Чистяков қып-қызыл боп, кiлт кiдiрдi. Абрамов төмен қарап мырс етiп күлiп жiбердi де:
– Жолдас Бауыржан Момышұлы, барыңыз, ештеңеге абыржымаңыз. Ертеңге дейiн уақыт мол, жақсылап демалыңыз, – дедi.
Бәрi ойлануы керек, ешкiм мазалап, шақырған жоқ. Адъютантым майор, жақсы кiсi едi. Екеумiз мейрамханаға ендiк. Ойым алай-дүлей. Жүз грамм коньяк алдырып, серпілейінші деп едiм:
– Жолдас полковник, сiзге бүгiн де, ертең де татып алуға болмайды, – дедi. Маған жаны ашығандығы ғой. Iшпейтiн де кезiм. Күлкi де, ұйқы да жоқ. Кiшкене сергиiншi деп ойлап, төсекке жаттым. Көз шырымын таңсәрiде ғана алсам бола ма?
Сағат онда әскери кеңес жұмысын бастады. Маршал Баграмян сөйледi. Кешегi шатақ туралы бiр сөз айтқан жоқ. Одан соң мiнбеге Литва Республикасы Жоғарғы Советi Президиумының төрағасы көтерiлдi:
– Мен өз атымнан емес, үш республика атынан сөйлеп тұрмын. Кешелi-берi талай мәселе ортаға салынды. Мұны ақылдасу деп бiлемiз. Әркiм өз пiкiрiн айтты. Оның көбiн бiз дұрыс деп санадық. Сiздер де бiзге кiнә тақпаңыздар. Прибалтика республикалары – өзiндiк қиындығы бар республикалар. Бiр-бiрiмiздiң бетiмiздi тырнауды қояйық, мәселенi ынтымақтасып шешейiк. Бұл жөнiнде Баграмян жолдаспен алдын ала сөйлестiк, келiстiк, – деді ол.
Соғыс кезi ғой. Прибалтика республикалары басшыларына осы уақытқа дейiн ризамын, менi маршал Иван Баграмянның ашуынан арашалап алды. Терең ойлы адамдар екен…
Мамытбек Қалдыбай,
жазушы.