• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2014

Насыбай

631 рет
көрсетілді

Арқабайдың баяғыда әскерде жүріп тапқан «пайдасының» бірі темекі деген нәрсені үйреніп келгені еді. Елге оралған соң езуінен шылымы түспейтін болды. Қораның шарбағын жөндесе де, көлігінің дөңгелегін ауыстырса да басын бір жағына қисайтып езуіндегі шылымын тілімен екі жағына кезек ауыстыра, аузын ошақ, мұрнын мұржа етіп көк түтінге көміліп отырғанын көресің. Өтпелі кезең дейтін анау жылдары жұрт бес-алты айлап айлық ала алмай, дүкен сөрелері қаңы­рап, халық дағдарған кездері темекі де басқа заттардай қатқа айналған еді. Шылымқорлар тұқыл теріп кеткен сол уақыт болатын. Арқабай болса өзгелердей көп дағдармай дереу насыбайға көшіп, бейімделіп алды. Шақша іздеп қиналған да жоқ. Бит дәрінің босаған құтысы дайын насыбай шақша екен. Күніне бір уақ соған толтырып алады да, төс қалтасына салып қояды. Екі-үш адамның басы қосылған жерде қалтасынан шақшасын алып, қырын қарай ерніне құя салатын. Арқабайдың насыбай ату мөлшерінде ерніне кемшін немесе көптеу салынғанын тілі ғана анықтайды. Бірде теледидардағы негрлерді көргенде: «Пах шіркін! Ерін деп осылардікін айт. Нағыз насыбай ататын-ақ ерін екен!» – деп оның өзіне бұйырмағанына әлдекімді кінәлағандай кейіп танытқаны бар. Арқабай құрдасы Әзімнің науқастанып қалғанын естіп, көңілін сұрап барғысы-ақ келеді. Бірақ өт­кен жолы Өсербайдың үйіндегі жиында оның мұ­ны қатты ренжітіп, көңілін қалдырғаны есінен шы­ғар емес. Сол жолы Өсербайдікіне бармақ болып жиналып жүргенде көлігі құрғыр лезде келіп қа­лып, асықтырып жүріп насыбай шақшасын үйіне қал­дырып кетіпті. Бұл насыбай шіркіннің аңсары кел­генде дүниенің бәрін ұмытып кететінің жаман. Қа­­сында отырған Әзімнің құлағына ақырын сыбырлай бір атарға шақшасын сұраған еді. Әншейінде мені­кін көрсей, өзім уқаладым деп шақшасын тық­па­лап тұратын құрдасын не түлен түрткенін кім білсін, көптің көзінше: «Шақшаңды қалтаңа салып жүр­мейсің бе? Әркімнен сұрап атып не болды? Баюдың жолына түскенбісің?» – деп дүрсе қоя бермесі бар емес пе! Мініске атының майын сұрағанда бермей жатса тура мұндай ренжімес. Аузына қалай түсе қалғаны қайдам, орнынан атып тұрған Арқабай: «Атаңның көрі! Осыдан сен өлгенде есігіңнен де қарамаспын!» – деп бір атым насыбай үшін бір атан түйе көтере алмас ренішін ақтара салған болатын. Арада біршама уақыт өтті. Ақыры ашуын ақылға жеңдірген Арқабай Әзім құрдасының көңілін сұрап шығуға бекінді. -Әй, ит-ай! Сенің келетініңді біліп жатыр едім. Өткен жолғы қылығым үшін мені кешір. Ол кезде шақшамды мен де үйде ұмытып кетіппін. Насыбайы құрғырдың кәйпі ұрып, аңсарым ауып сенен сұраймын ғой деп отырғанда, керісінше, сенің сұрамасың бар емес пе? – дей берді. – Сенде де, менде де кінә жоқ. Бар кінә ұмыт қалдырған шақшада ғой. Мә, атып көр! Кеше қисайып отырып сексеуілдің күлінен өзім дайындадым», – деп насыбай шақшасын Арқабайдың алдына шиыра лақтырды. –  Маржандай аппақ тістерден бөлек, көңілі қардай аппақ құрдастар арасындағы жарасымдылыққа дақ салған қу насыбайдан қашан құтылар екенбіз, – деді Арқабай көңілі босап. Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Оңтүстік Қазақстан облысы.