• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2014

Үйін ит емес, түйеқұс күзетеді

442 рет
көрсетілді

Әлгі америкалық мультфильмдерде көрсететін түйеқұс есіңізде шығар. Көпшілік айтатынындай, құмға басын тығып тұрып алатын ше? Өзі есерсоқтау көрінетін анимациялық фильмдердің осы бір кейіпкерін көрсе бала біткен ішек-сілесі қатқанша күледі. Түйедей болған құстың басын құмға сұғып жіберіп, тығылған кейіп танытқаны күлкі шақырмай тұрмайды енді. Міне, сондай түйеқұс Қызылорданың Қазалы ауданында бар екен. Ол қайдан келген, неғып жүрген құс? Біздің аймаққа қалай жерсінген? Қазалылық Бауыржан Серімбетов деген азамат осы тұқымдас түйеқұсты алу үшін бір жыл кезекте тұрыпты. Сөйтіп, 2011 жылы Алматыдан алған төрт балапанын елге әкеледі. Бірақ оның екеуі жолда өліп қалады. Суық тиген көрінеді. Біздің өңірде көп кездесетін түйетауықтың балапандары да бастапқыда дұрыстап қарамасаң, өз аяғына өзі шалынып, мойыны қайырылып қала береді. Суыққа төзімсіз. Сол сияқты, мына түйеқұстың балапаны да алғашқы кезде әлсіз болған-ау шамасы. Ал екеуі аман-сау Қазалыға жетеді. Солайша, бір қораз бен бір мекиен балапанды асырай бастайды. Бірақ қораз балапан да ұзақ тұрақтамайды. Ол да өліп қалыпты. Бүгінде Бауыржан Серімбетовтың қорасында төрт балапаннан қалған жалғыз түйеқұс өмір сүріп жатыр. Өзі нән. Бойы 3 метрден асады. Жарықтық, күніне 1 сантиметр өседі екен. Ал салмағы 70 кило көрінеді. Түйеқұс десе, дегендей-ақ. Негізінен жоңышқа мен дәнді дақылдарды қорек етеді. Дей тұрғанмен, дене тұрпаты дәу болғандықтан шығар, аса тамақ талғамайтынға ұқсайды. Баукең өзі асылтұқымды жан-жануарларды асырап, жерсіндірумен айналысады. Қорасында Ақмешіт атырабына белгілі арғымақтары да бар. Мұны мақтан үшін емес, өзіндік хоббиі санайды. Түйеқұсты да сондай қызығушылықтың арқасында асырап, жерсіндіріп отыр. Ал оларды күтіп-бағу мен баптауды ғаламтор арқылы меңгерген. Түрлі жан-жануар асырайтын Серімбетов үйінде ит ұстамайды екен. «Үйге иттің қажеті жоқ. Түйеқұстың өзі аулаға бөтен адамдарды кіргізбейді»,– дейді күліп. Десек те, түйеқұсыңыз әйел адамдарға тиіспейтін болып шықты. Бірақ танымайтын ер адамдар келсе, тырқыратып қуып кеп береді екен. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.