• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2014

Чемпион болар ма еді?..

314 рет
көрсетілді

Бақыт Сәдеков жасы жетпіске таяп қалса да өте тың. Жүзінде бір әжім жоқ. Жүріс-тұрысы да жеңіл. Табиғатынан ұқыпты, кірпияз адам көрінді маған. Кездескен сайын өз кәсібі туралы, оның қыр-сыры жайлы кеңінен әңгімелейді. Өзі басынан кешіп, тағылым алып отырғаннан кейін бе, нақты мысалдар келтіріп, нанымды айтады.

Бір кездері шаруашылық тарағанда «базары» кеткен Үштамның шырайын келтіріп отырған да өзі. Сенбі, жексенбі күндері бұл жерден қонақтар бір арылмайды. Аңшылық жасауға таптырмайтын жер. Сонау қаладан тамыр-таныс­тары арнайы аң аулау үшін келіп тұрса да ол шаруашылығының маңындағы аң-құстарды атқызбайды. Өзі бастап, қырғауылдардың қайда жайылатынын, түнде қайда жататынын, қай мезгілде су ішу үшін Топарға түсетінін де жақсы біледі. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сол кездегі аудандық білім бөлімінің бастығы Ерғали Нұртаевпен бірге қырғауыл атуға мен де барған болатынмын. Қолыма қос ауыз мылтық беріп қойды. Бұрындары аңшылық жасап көрмеген едім, бірде болмаса бірде оғым жаңсақ ұшып, біреуін мертіктіріп алармын деп, олардан аулақтау жүруге тырыстым. Шай қайнатым уақыт өтпей-ақ мылтықтың гүрсілдеген дауысын алыстан естіп, тым алшақ кеткенімді аңғардым. Жобалай жүріп отырып, арттарынан әрең қуып жеттім. Сонда байқағанмын, Бақыт ағам қолына мылтық тиісімен, жота жотаны кезіп, аяқ-аяғына тимей, жас жігітерше жеңіл қимылдап, жиде жиденің арасына кіріп, көзге көрінбей кеткен-ді. Сол жолы барлығынан да қырғауылды көп атқан Бақыт ағамыз болған еді. Қайтарда: – «Қақпан салып кетіп едім», – деп, үлкен жотаның астына алып барды. Шынында да құрған қақпанына қасқыр түскен екен. Онша да үлкен емес. Өз аяғын өзі шайнап тастаған болу керек. Қақпанда аяғының сүйегі кемірілген, тек сіңірі ғана ілініп тұр. – Сәл кешіккенімізде құтылып кететін екен – деп, қос ауызын алып түсті. Атуға ыңғайланып, қасына дейін жақындады. Қасқыр Бәкеңе мойынын да бұрып қараған жоқ. Тіпті, көз қырын да салмады. Құдды елемеген тәрізді. – Керемет мәрт келеді түз тағысы.Тіпті, қыңсылауды білмейді. Ажалдың алдында да кішіреймейді ғой, шіркін­дер!.. – деп, әлгі қасқырды құлақ шеке­сі­нен дәлдеп атты. Сонан соң оны қақпаннан алып, автомашинаның артына тиеді. Осы оқиғалар ойыма түсіп: – Әлі де аңшылық жасап қоятын шығарсыз? –деп сұрадым. – Анда-санда! Өздерің сияқты сыйлы қонақтар келгенде. Тіпті, әлі жеңіл жүресіз ғой деп көтермелесе , жетпіске таянған жасыма қарамай адымымды алшақтау тастап, жылдам жүріске салатыным да бар, – деді езу тартып. Осы сәтте әңгіме Бейбіт Шүменов пен Хопкинстің арасында жекпе- жекке ауысты. Бақыт Сәдеков ол жекпе-жекті көрмепті. Бірақ, Генадий Головкиннің «өз атағын» бірнеше мәрте қорғағанына риза болғанын айтты. – Нағыз дарындар ауылда ғой. Менің қазір де жақсы жүгіретінімді байқадыңдар. Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында жүгіруден ірі, түрлі жарыстарға мен де қатынасқанмын. Үнемі бірінші орын алып жүретінмін. Ол кездері мерекелерде жүгіруден ауылда да жарыс ұйымдастырылатын. Бір рет осындай жарыс болады дегенді естіп, оған ерте дайындалдым. Күніне өзімше жаттығу жасап қоямын. Ойым тігілген бас жүлдені алу. Жарыс болатын күні арнайы киініп келдім. Аяғымда кеда, үстімде трико. Ол кездері кеда да табыла бермейді. Жарысқа Топар ауылындағы Сенбек те қатынасты. Ол мен сияқты арнайы киінбеген. Үстінде костюм шалбар. Аяғында бәтеңке. Жүз метр қашықтыққа жүгірдік. Мәреге менен анағұрлым алда келді. Ол мен сияқты жүгіруге алдын ала дайындалмаған да. Алғашқы секундтарда артта қалып қойғаны да рас. Соның бәрін әп-сәтте еңсеріп кетті. Егер, Сенбек жүгіруден секцияға қатынасып, шындап дайындалса, одан чемпион шығар ма еді?!. Ол сәл үнсіз қалды. Сонан соң әңгімесін одан әрі жалғады. – Ана Қалдыбай ше? – Келген ағаға ымдады. – Өздеріңмен көрші тұрған. Соның қолы керемет ауыр болатын. Өзі аса көп сөйлемейді. Мінезі де сабырлы. Бірақ ашуланса, кімді болсын бір-ақ ұрады. Сонан соң артына бұрылып қарамайды да. Өйткені, қолын бір сілтесе, кім де болса орнынан қайта тұра алмай­тынын біледі. Егер сол Қалдыбай бокспен айналысса нағыз чемпион болар еді. Бәкеңнің әңгімесінен кейін мен де ойланып қалдым. Ауылда бұл кісі айтқандай қаншама керемет дарындар көзге ілінбей қалып жатыр. Олардың көбісінің спортпен айналысуға жағдайлары да келе бермейді. Олай ой түйіп отырған себебім, бала кезімде мен де Қосымбай атамның ауылына қыдырып барған едім. Ол кісі түйе бағатын. Әлі есімде, бір тайлақ ескі құдыққа түсіп кетіп, шыға алмай қалыпты. Құдық әжептәуір терең. Соны Сауранбай деген баласы жалғыз өзі екі өркешінен ұстап, тік көтеріп алды. Сауранбайды кейін де талай рет көрдім. Былай қарасаң, түр тұлғасында басқа жандардан ерекшеленіп тұрған ешнәрсе байқалмайды. Тіпті, тұла бойында бір артық ет те жоқ. Атан жілікті, сом білекті дегенге ғана келеді. Жақын, жанына барғанда ғана ірі екенін байқайсың. Сол Сауранбайды ел: «Бір жағына қисайып жатқан «Жигули» автокөлігін жалғыз өзі тік көтеріп, орнына қойды», деп айтып жүрді. Бәлкім сол ағамыз күреспен айналысса біраз биіктерді бағындырар ма еді... Осы тектес аңызға балауға тұрарлық әңгімелер, оларға арқау болған адамдар туралы кез келген ауылда, сирек болса да, айтылады. Естиміз де тамсанамыз. Одан әрі нақты ешнәрсе жасап жатқан жоқ тәріздіміз. Ой, ниет, талап болғанымен, тіпті, жас дарындарды іздеуге нақты қадам жасағанымызбен, сирек те болса, кездесіп қалатын, бір- туар дарындарға әлі де әр ауылда нақты жағдайлар жасалынып жатқан жоқ сияқты. «Әрбір бала – жалғызым», деген сияқты ауылдардағы әр жас жеткіншекке көзіміздің ағы мен қарасындай қарайтын болсақ, олар алда әлем және олимпиада жарыстарында Қазақстанның туын талай желбіретер еді... Алаштың ардақты ұлдарының бірегейі, аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «қазақтың түп тамыры ауылда!..». Қазаққа Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді алыптарды берген ұлы дала кенен жүрісінен алдағы уақытта да жаңылмағай деп тілейік. Марат ҚАШҚЫНБАЕВ, журналист. Алматы облысы,  Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.