Франция тас жолдарында өтіп жатқан «Тур де Франс» веложарысының 14-ші кезеңі аустралиялық Майкл Мэттьюстің жеңісімен аяқталды.
Team BikeExchange – Jayco командасының велошабандозы Майкл Мэттьюс Сент-Этьен – Манд қалаларын жалғаған 192,5 шақырымдық жолды 4 сағат 30 минут 53 секундта жүріп өтті. Екінші және үшінші орынға италиялық Альберто Беттиоль (EF Education-EasyPost) мен франциялық Тибо Пино (Groupama – FDJ) ие болды. Олар мәре сызығын жеңімпаздан 15 және 34 секунд кейін кесті. Бұл кезеңде «Астана» капитаны Алексей Луценко мәреге 34-ші болып жетті.
14 кезеңнің қорытындысы бойынша, жалпы есепте даниялық Йонас Вингегор (Jumbo – Visma) көш бастап тұр. Оны кейінгі төрт жылдағы «Тур де Франстың» жеңімпаздары словениялық Тадей Погачар (UAE Team Emirates) мен британиялық Герайнт Томас (INEOS Grenadiers) өкшелеп келеді. Ал Алексей Луценко үздік ондықтың қатарынан шығып қалды. Қазіргі таңда ол 12-орында тұр.