• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Шілде, 2022

Загребте жалғыз алтын алдық

211 рет
көрсетілді

Өткен демалыс күндері Хорватияның астанасы – Загребте дзюдодан кезекті Grand Slam турнирі ұйымдастырылды. Әлемнің ең үздік дзюдошылары бақ сынаған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының 16 спортшысы өнер көрсетіп, жарысты жалғыз алтынмен қорытындылады. Осыдан бірер апта бұрын Будапештегі турнирде жерлестеріміз сүреңсіз күрес көрсетіп, қоржынымыз бос қайтқан еді.

Загребтегі дода – 2024 жылы Париж­де ұйымдастырылатын Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай беретін үшінші Grand Slam жарысы. Өткен айдың соңында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында ұйым­дастырылған алғашқы «Үлкен дулыға» са­натындағы жарыс­та қазақстандық дзюдошылар төрт қола медаль олжалаған болса, Будапештегі екінші турнирде үздіктер қатарынан көрі­не алмағанын жоғарыда айттық. Енді, міне, ер кезегі үшке дейін дегендей, Олим­пиадаға ұпай үлестірілетін үшінші Grand Slam жарысында қазақстандық ба­луандар алғашқы алтын медаліне қол жеткізді.

Жастар арасындағы 2015 жыл­ғы әлем чемпионы, биылғы ақ­панда Израильдің Тель-Авив қа­ласында өткен жарыста қола жүлде алған Мағжан Шамшадин (60 кг) Хорватиядағы бәсекеде барлық қар­сыласын қапы қалдырып, Загреб төрінде Қазақстанның Әнұранын шырқатты.

Хорватия татамиіндегі жа­рыс­тың алғашқы айналымдарын­да отандасымыз 22 жастағы кубалық Данни Порте Вальдивиезо, 28 жастағы америкалық Давид Терао мен 20 жастағы испаниялық Джауме Рико Бэрнабеуді жарыс жолы­нан ығыстырса, ширек финалда түрікменстандық Хакберді Жу­маевты жеңді. Жартылай финалда оның жолы жас­тар және ересектер арасындағы Еуропа ойындарының жеңімпазы франциялық тәжірибелі балуан Максим Мерлинмен қиысты. Еуропалық жарыстарда жүлде алып жүрген 24 жастағы франциялық балуан Мағжан Шамшадинмен бес жарым минут бойы күресіп, отандасымыздың осал тұсын та­ба алмады. Ал бас жүлде үшін өткен тартыста қандасымыз әлем және Азия чемпионатының, Азия ойындарының жүлдегері атанып жүрген оңтүстіккореялық Ким Вон Джуннан айласын асырып, алтын жүлдеге ие болды.

60 кило салмақтың қола жүл­десіне былтыр Ақтауда өткен жас­тар арасын­дағы әлем чемпионатында алтын алған 19 жастағы грузиялық Гиоргий Сардалашвили мен жастар арасындағы әлем және Азия чемпионаттарының жеңім­пазы жапониялық Генки Кога (Жапония) ие болды. Жапониялық балуан қатарынан екінші Grand Slam жа­рысында қола жүлде жеңіп алып отыр.

Токио Олимпиадасынан кейін 66 килоға ауысқан Елдос Сме­товтің әзірше жаңа салмақта жолы болар емес. 60 килода екі мәрте Олимпия ойындарының жүл­дегері, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алған отандасымыз Загребте небәрі жетінші орынға табан тіреді. Алғашқы айналымдарда ол былтырғы Еуро­па ойындарының жеңім­пазы түр­киялық Эйдер Токтайді, жастар арасындағы Еуропа кубогының жеңімпазы израильдік Роналд Коко­лаев және сербиялық Страхиня Бун­чич­ті жеңгенімен, ширек финалда осы жарыс­тың болашақ чемпионы әзербай­жандық Яшар Наджафовтың осал тұсын таба алма­ды. Сондай-ақ 100 килода белдескен Нұр­­лыхан Шархан да ширек финалда сүрінді.

Өзге спортшыларымыздың нәти­же­­сіне тоқталар болсақ, Бекә­діл Шай­­мер­денов (81 кг), Ерма­хан Әнуар­­­беков пен Ерсұлтан Мұзап­па­ров (90 кг), бірін­ші айналымда сүрін­се, Ерлан Серік­жанов (73 кг) пен Еламан Ерғалиев екінші айналымнан әріге аса алмады. Ал Нұр­дәулет Аманқосов (60 кг), Алмас Ғалымов (66 кг), Абылайхан Жұба­назар (81 кг), Әділ Оразбаев (+100 кг) жарысты үшінші кезеңмен аяқтады.

Әйелдер арасындағы белдесуде ел намысын Ғалия Тыңбаева (48 кг), Салтанат Сұлтанбекова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг) және Аруна Жангелдина (78 кг) қорғап, төртеуі де екінші айналымда сүрінді.

Әлемнің 69 елінен 500-ден аса балуан қатысқан Grand Slam жарысында жалпыкомандалық есепте Жапония мен Нидерланд құрамалары топ жарды. Екі елдің спортшылары Загребте екі алтын, екі қола медаль олжалады. Екінші орынға екі алтын медалі бар Канада құрамасы ие болса, бір алтын, екі күміс және екі қола жүлде алған Грузия спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Бір алтыны бар Қазақстан құрамасы 10-орынға тұрақтады.