• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2022

Қызыл құрт араласқан су ішіп отыр

791 рет
көрсетілді

Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Сөгеті және Мамай елді мекендерінің тұр­ғын­дары таза судың тапшылығын көріп отыр. Қамыққан халықтың жабық­қан көңілін табуға жылдар бойы жергілікті атқарушы билік қауқарсыз болып кел­ген.

Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті елді мекеніндегі 65 аулада 328 адам қоныстанса, Мамай елді мекенінде 270 тұрғын бар. Бірнеше күн бойы ха­бар­ласқан аталған елді мекендердің тұр­ғын­да­рының бір ғана айтар уәжі бар екен. «Әкімдердің уәдесіне тойдық, оларға сенуді қойдық. Жылдар бойы қызыл құрт араласқан су ішіп келеміз. Оның өзін 1-2 сағатқа ғана қосады. Мәселеміз оңынан шешімін табар күн бар ма?», дейді ауыл халқы.

Ауыл азаматтарының арзуын тыңдау үшін аталған елді мекендерге ат басын бұрдық. Екі ауылдың жағдайы екі түрлі екен. Сөгеті ауылына тақтайдай тегіс жол бұйырыпты. Елді мекен ішінде де жол теп-тегіс. Ал Мамайда жағдай мүлде басқаша...

«Елді мекенде бас ауыртатын мәселе аз емес. Оның ең өзектісі – ауыз су. Ауыл хал­қы тәтті су деп талай рет ащы шу шы­ғарса да жағдай оңалмай тұр. Жалпы, су 150 метр тереңдіктен шы­ғады. Суды бір мезгіл бір жарым сағат­қа ғана қосамыз. Ауыл халқы қаже­тін­ше алып үлгергенімен, бөшкеге жи­на­ған­дықтан борсып кетеді. Бізге тау­дың суы жетпейді. Сондықтан бақша еккен жұрттың көбісінің еңбегі зая кетіп, бақшасы күйіп кетеді. Бірнеше жыл­дың бедерінде уәде беріп келеді. «Әне бастаймыз, міне бастаймыз» деумен уақыт сырғып өтіп жатыр. Біраз уақыт бұрын облыс әкіміне шағымданғанбыз. Ондағылар ауданға жолдаған болатын. Аудандық әкімдіктегілер ауылдық округ әкімдігіндегі мамандарға «2023-2024 жылдары мәселе шешімін табады» деген сыңайда жауап беріпті. Таудағы екі бұлақтан шығатын су арақашықтық жеті шақырым болған соң жерге сіңіп кетеді. Осы мәселе шешімін тапса екен», дейді Сөгеті ауылының тұрғыны Нүркен Сатыбалдиев жағдайды түсіндіріп.

Сөгеті шағын ауыл болғанымен, халқы тыным таппай тіршілік етеді. Ел­ді мекенде медициналық амбулатория, бастауыш сынып мектебі, ауылдық клуб бар. Сексенге жуық бала бесінші сыныптан бастап Қайыңды ауылына қатынап білім алады. Жергілікті жұрт ауыз су болса тіршілігімізді дөңгелете түсер едік дегенді алға тартады. Расында да, шаруашылыққа икемі бар жұртқа бірінші кезекте су керек екені түсінікті. Ал ауылдағы су мұнарасының жағдайын көргенімізде жаға ұстадық. Бүлінген құбырды арнайы жапсырмалармен бітеп қойыпты. Шіріген құбыр ішінде не болып жатқанын кім білсін...

Н.Сатыбалдиевтің айтуынша, тозығы жеткен су мұнарасына өзі қарап отыр. Уақтылы дәрілеу жұмыстары жүргізіліп тұр­ғандықтан, ауыл халқы таза су тұты­ну­да. «Әр үйде құдық болса деген арманымыз бар. Аудан орталығындағыдай тәулік бойы су берілсе, жұрт риза болар еді» дейді ол. Әлбетте, бұл үшін ауылдағы өзекті мәселе шешімін табуға тиіс. Ол халыққа суды молынан бергісі келсе де, мұнараның шамасы бір жарым сағатқа ғана жетеді екен. Бір қызығы, мұндағы құдықтан халық та, мал да су ішіп жатыр... Есек арбамен су тасыған жұртты көргенде, өткен ғасырға сапар шеккендей күй кештік. Ұзын сонар кезекке тұрған халықтың да жүйкесі тозған...

«Біздің ауыл әкімдіктегілерге салық үшін ғана керек сияқты. Мына су мұна­ра­сы да, таудағы су да ешкімге керек емес», дейді Н.Сатыбалдиев ашынып.

Сөгетіден шыққаннан кейін Қайыңды ауылына бардық. Ауылдық әкімдік мамандарына жолыққанымызда олар да мәселенің 2023-2024 жылдары шешімін табатынын айтты. Алайда халық: «Біз ондай уәдеден шаршадық. Мәселе толық шешілмейінше талап ете береміз», дейді.

Қайыңдыдан кейін Мамай ауылына аттандық. Сөгетінің жолы тақтайдай тегіс болса, мұнда шағал төселгенімен, асфальт жабындысы жабылмапты. Жер­гі­­лікті атқарушы биліктің айтуынша, Мамай ауылындағы ауыз су мәсе­ле­сі шешімін тапқаннан кейін ғана жол салу жағы қарастырылмақ. Ауылға кел­ге­німізде құдық басындағы халықпен бірге төрт түліктің төресі жылқылар да жүргенін байқадық. Су аққан сәтте елден бұрын сол жылқылар шөлін басты. Бір сөзбен айтқанда, бір құдықтан халық та, мал да бірге су ішіп отырғанын тағы да көз көрді.

«Осы ауылға келін болып түскеніме отыз үш жыл болыпты. Содан бері су тасумен келемін. Көшеде бір ғана жерде су ағады. Сосын үш-төрт үйдің ауласында құдық бар. Сол үйлерге барып, әкелеп, көкелеп, таласып су аламыз. Тілін таппасаң ешкім үйіне кіргізбейді. Алған суды малға беремін, қалғанымен ыдыс-аяқ, кір-қоңды жуамыз. Үнемдеп отырып, әзер дегенде жеткіземіз. Осы тіршілік күн­де қайталанады. Ауылда жұмыс жоқ болған соң балалар қалаға кеткен. Кү­йеуім бір мекемеден қарауылдық жұмыс тапқан. Қысқасы, суды өзім тасимын. Ауламызда сарқырап тұрса, басқа ауыл­дардың тұрғындары секілді біз де көкөніс егер едік. Қазір қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған шақта өз аулаңнан табиғи өнім алған әлдеқайда пайдалы ғой. Оған шама жетпейді.

Жыл сайын улап-шулап осы мәселені жырлап жүрміз. Қайбір жылы су мұнарасына жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп қаржы бөліпті. Сондағы тындырғаны мұнараны бірнеше метр әрі жылжытып қойған. Сонымен іс біткен. Бұзылған кезде жөндеп береді, болды. Ішіп отырған суымызда қызыл құрт бар. Сол себепті қайнатып, мұздатқышқа салып салқындатып ішеміз. Әкімдер келіп есеп берген кезде алдымен су тартып, сосын жолды жөндейтіндерін айтқан еді. Ондай уәдені ести-ести құлағымыз жа­уыр болды. Ауыл әкімі аудандағылардың айтқанына сеніп, бізге солардың сөзін жеткізетін шығар. Алайда уәде орындалуы­мен құнды ғой», дейді Мамай ауылының тұрғыны Ләззат Шілдебаева ашынып.

Бұл ауылдағы көрініс Сөгетідегіге ұқсас. Су берілген сәттен бастап есек ар­ба­­сына отырған жұрт «көне көлігімен» құдыққа қарай асығып барады. Бір сағат бедерінде оларға судан басқа ешқандай қызық жоқ. Содан кейін ғана аптығын басады.

 «Әй, айналайын, мен қазір алпыс бес жасқа келдім. Ес білгелі тәтті судың ащы айқайын естіп келеміз. Біздің ауыл­ға тірі журналист келгенін енді кө­ріп тұрмын. Қанша әкім келіп, қанша әкім кетпеді? Бәрінің айтатыны: «Болды, мәселені шешеміз». Бірақ нәтиже жоқ. Уәдені ауданның ғана емес, облысты басқарған басшылар да үйіп-төгіп жатады. Бәрі солар айтқандай болса, біздің елді мекен үлгілі ауыл болып кетер еді. Су мұнарасының құбыры да елу жасқа келіп қалды. 1974 жылы қойылды ғой. «Елу жылда ел жаңа» деп жатамыз. Алайда біздің мұнарамыздың құбыры жаңармай-ақ қойды.

Мен мектепте мұғалім болған адаммын. Білім ошағына су жүргіземіз деген кезде құбырдың іші үгітіліп жатты. Сол кезде құбыр ішіндегі темір қоқыстардан су жүрмейтінін, полиэтилен құбыр керегін айттым. Ол шірімейді. Солай тоқтат­тым. Ақшаны босқа шашуға болмайды. Судан майда қызыл құрт шыққан соң хлор салып тұрамыз. Уақытпен қосады. Бір сағатта үлгерсек үлгердік, әйтпесе, сусыз қаламыз. Әкімдердің бүй­ре­гі Сөгетіге бұра ма, әйтеуір көрші ауыл­да жол бар, бізде ол да жоқ. Олардың жас жі­гіттері пысық.

Ауыл халқы ауыл әкімдерінің мықты бол­ғанын қалайды. Ешкімді жаман деу­ге болмайды. Бірақ мықты маманды мақтағанда тұрған ештеңе жоқ. Айбек Әбіш деген жігіт ауыл әкімі болған кезде көп жұмыс істеді. Көшеге жарықты сол орнатты. Ақыртөбе ауылында жүрген кезінде де көп тірлік тындырды. Барлық әкім сондай болса, шіркін.

Қысқасы, ауылдағы ауыз су мәсе­ле­­сімен аудан әкімдеріне барсақ, «қа­ты­рамыз» дейді. Сол қатқан күйінде әлі ерімей тұр. Соңғы рет бес адам бар­ған­быз. Аудан әкімі қыруар жұмыс атқа­рып жатқанын айтып жіпке тізді. Бірақ ол жұмыстардың бізге қажеті жоқ. Жоба­лық-сметалық құжаты жасалғанын айтып, арқамыздан қағып шығарып салды ғой. Ауылда интернет жоқ, су жоқ, жол жоқ», дейді ауыл ақсақалы Нұрлан Әбдіқұлов.

Соңынан Құлан ауылында орналасқан аудандық әкімдікке бас сұқтық. Аудан басшысы Ернар Есіркепов іссапарда жүр екен. Біз аудандық тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Өмірқұловпен жолығып, мәселенің мәнісін сұрадық.

«Мамай мен Сөгеті ауылдары бойын­ша алдыңғы жылы жобалық-смета­лық құжат әзірлегенбіз. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамада жатыр. Осы айдың аяғында немесе келесі айдың басында мемлекеттік сараптамадан шыға­ды. Одан кейін біз республикалық бюджеттен қаражат сұрап, республикаға ұсынамыз. Келесі жылы қаржы бөлінсе, сол кезде бірден жұмысты бастаймыз. Әрі кеткенде 2024 жылы жұмысты қолға аламыз. Бәрі де қаражатқа байланысты ғой. Қысқасы, екі ауылда 2023 немесе 2024 жылы ауыз су болуы керек. Ол кезде аталған ауылдарда ауыз су тәулік бойы беріледі. Сонымен қатар ауыз су жүйесі жүргізілмейінше, жол мәселесі шешілмейді. Өйткені су мәселесі шешіл­ген соң жол салынса, көшелердің талқаны шығады. Тиісінше, қосымша шығын кетеді. Бұл мәселені халыққа мықтап түсіндірдік», дейді ол.

Талай әкімнің алдын көрген ауыл жұрты соңғы рет ауыз су мәселесімен об­лыстың бұрынғы басшысы Бердібек Сапарбаевтың, жақында ғана басқа қызметке ауысқан ауданның бұрынғы әкімі Ерболат Садырқұловқа барғандарын айтады.

«Облысқа да, ауданға да басшылар жаңадан келгенін білеміз. Олар да біздің ауылдың мәселесіне зер салса екен. Аудан тізгінін қолға алған Ернар Есір­кепов жергілікті азамат. Біздің ауданды кім басқармады? Енді Ернар Есіркепов туған жеріне келген соң біздің өтінішімізді аяқасты етпейтін шығар. Алпыс жыл бойы ауыз судың зардабын шеккен халық облыстың жаңа басшысы Нұржан Нұржігітовке сенім артады. Мәселемізді шеше алмаса, оларға сын», дейді тұрғындар.

Ауыл халқының тілегі шенеуніктер айтқан уақытта шешімін таба ма, әлде алпыс жыл бойы жалғыз құдықтан таласа су тасыған халық тағы да ұзақ уақыт мәсе­ле­мен бетпе-бет келе ме? Қалай болған күнде де Мамай мен Сөгеті ауылындағы өткір мәселе назарымыздан тыс қалмақ емес.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы