Өткен аптада қазақстандық футбол клубтары УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойындарын өткізіп, «Тобылдан» басқасының бәрі жанкүйерлерін жерге қаратты. «Қызылжар» мен «Қайрат» өз алаңында қарсыластарына жол берсе, «Астана» Польшада ірі есеппен ойсырай жеңілді.
«Ракув» – «Астана» – 5:0
Биылғы Еурокубок ойындарына қатысып жатқан қазақстандық командалардың арасындағы ең тәжірибелісі, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде ойнаған «Астана» екі жылдан бері жанкүйерлер сенімін ақтай алмай келеді. Елордалық клуб кейінгі екі жылда Еурокубок бәсекелерінің үшінші айналымынан әріге аса алмайтын халге жетті. Тіпті биыл сол межеден көрінудің өзі үлкен жетістік болайын деп тұр. Себебі Қазақстанның алты дүркін чемпиондары екінші іріктеу кезеңнің сырт алаңдағы алғашқы матчында Польшаның «Ракув» клубынан 5:0 есебімен оңбай жеңілді. Енді «Астана» келесі кезеңге шығу үшін алдағы бейсенбі күні болатын матчта қарсылас команданың қақпасына жауапсыз алты гол соғуы керек. Ал өз алаңында бес гол соққан «Ракув» сырт алаңда алты гол өткізе қоймас...
Қазір «Астана» клубының ішінде қандай жағдай болып жатқаны бізге белгісіз, бірақ Еуродода турнирлерінің тұрақты қатысушысына айналған клуб биыл алғаш рет сырт алаңдағы кездесуге матч болатын күні әрең жетті. Әдетте командалар сырт алаңдағы ойындарға екі күн бұрын барып, кездесу болатын стадионда жаттығу өткізіп, жергілікті уақыт белдеуіне бой үйрететін. Ал клуб басшылығын биыл не түлен түрткені белгісіз, әйтеуір футболшыларын екіге бөліп, жолаушылар ұшағымен әрең дегенде Польшаға жеткізді. Әйтпесе, іріктеу ойынының жеребесі өткен айдың 15-і күні тартылып, қарсылас команда 35 күн бұрын белгілі болды. Егер «Астана» клубының басшылығы чартер жалдауға қаржы таппаған болса, футболшыларын жаяу жіберсе де матчқа белгіленген мерзімнен бұрын жеткізуге уақыты болды ғой.
Егер мұндай жағдай Еурокубок жарыстарына тұңғыш рет қатысып жатқан тәжірибесі аз клубтарда болса, жанкүйерлер түсіністікпен қарайтын еді. Алайда атағы Еуропаға жайылған, жылдық бюджеті бес миллиардқа жуық «Астананың» өзі осындай жағдайға душар болып жатса, басқа клубтардың жеңілісіне ренжудің өзі әбестік болар.
Ең өкініштісі, Польшадағы матчтың аяқталғанына бақандай төрт күн өтсе де, әлі күнге дейін «Астана» клубының басшылығы жанкүйерлердің алдына шығып, жеңілістің себебін түсіндірген жоқ. Жарайды, ақталуға өтірік таппай жатса, ең құрығында, әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы футбол жанкүйерлерінен кешірім сұрауына болар еді ғой. «Аш құлақтан, тыныш құлақ жақсы» деді ме екен, клуб басшылығы сол бойы жұмған аузын ашқан жоқ.
«Тобыл» – «Линкольн Ред Импс» – 2:0
Өзге командалардың ойындарына тоқталар болсақ, Конференция лигасының биылғы іріктеу кезеңіне қатысып жатқан төрт команданың ішінен Қостанайдың «Тобылы» ғана екінші айналымдағы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Гибралтардың 26 дүркін чемпионы – «Линкольн Ред Импс» клубын қабылдаған ел чемпиондары Қостанайдағы «Орталық» стадионда өткен матчта 2:0 есебімен басым түсті.
Гибралтар құрамасының, ішкі чемпионатының деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанымен, «Линкольн» Еурокубокта тәжірибелі команданың бірі саналады. Сондықтан футбол мамандары бұл ойында «Тобылды» тағы бір қиын матч күтіп тұр деп болжаған еді. Қостанайдағы кездесудің алғашқы бөлігінде алаң иелері қарсылас команданың қақпасына толассыз шабуыл ұйымдастырғанымен, «Линкольн» қорғаушылары мен қақпашысы өте сауатты ойын көрсетті. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
«Тобыл» үзілістен кейін де бірінші таймдағы қарқынын бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ. Нәтижесінде, матчтың 65-минутында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Айбар Жақсылықов бұрыштамадан гол соғып, «Тобылды» есепте алға шығарды. «Линкольн» да қарап алмай, голдың қарымтасын қайтарудың амалын қарастырды. Алайда жасаған соққылары бірде Мокин қорғаған қақпаның бағанына тисе, келесіде маңдайшаға тиіп, кері серпілді. Кездесудің 90-минутына дейін таблода 1:0 есебі тіркеліп тұрған еді. Төреші қосқан қосымша минуттың алғашқысында «Тобылдың» қорғаушысы Жарко Томашевич баспен гол соғып, ойынның есебін 2:0-ге жеткізіп, матчтың нүктесін қойды. Алғашқы кездесуден кейін екі доп басымдығына ие болған «Тобыл» сырт алаңдағы қарымта матчта да аянып қалмайды деп үміттенеміз.
Турнир ережесіне сәйкес, екі команда арасындағы жауапты матч бейсенбі, яғни 28 шілдеде Гибралтарда өтуге тиіс болатын. Кейінірек бұл кездесудің уақыты сейсенбіге ауыстырылғаны белгілі болды. Енді «Линкольн» мен «Тобыл» арасындағы қарымта матч 26 шілдеде өтеді.
«Қайрат» – «Кишварда» – 0:1
Қазақстандық командалардан бірінші болып Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнаған Алматының «Қайраты» күтпеген жерде өз алаңында Мажарстанның ортаңқол командасы саналатын «Кишвардадан» жеңіліп қалды. Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойын 0:1 есебімен мажарстандық клубтың пайдасына шешілді.
90 минут бойы ойын тізгінін өз қолдарына алған алматылық клубтың ойыншыларына бұл кездесуде сәттілік жетіспеді. Шеберлік бойынша қарсыластарынан бір бас жоғары тұрған «Қайрат» футболшылары гол соғуға қанша тырысқанымен, оған қарсылас команданың өкілдері мүмкіндік бермеді. Ал қарсы шабуылға иек артқан «Кишварда» футболшылары өздеріне берілген бір ғана мүмкіндікті сәтті пайдаланып, «Қайрат» қақпасына гол соғып кетті. Кездесудің 82-минутында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ясир Асани командасының жеңіс голын салды. Екі команда арасындағы жауапты кездесу 28 шілдеде Мажарстанда өтеді.
«Қызылжар» – «Осиек» – 1:2
Еурокубок бәсекелеріне биыл тұңғыш рет қатысқан Петропавлдың «Қызылжары» да хорватиялық «Осиектің» осал тұсын таба алмады. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен кездесуде қонақтар 1:2 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы, екінші таймда «Қызылжар» қақпасына соғылған екі голды да бұрын Қазақстан чемпионатында доп тепкен футболшылар өз еншілеріне жазды. Атап айтар болсақ, бірінші голды кездесудің 58-минутында 2014-2015 жылдары Қарағандының «Шахтерінде» ойнаған аустриялық шабуылшы Михрет Топчагич салса, жеті минуттан кейін мажарстандық жартылай қорғаушы Ласло Кляйнхайслер мергендігімен көзге түсті. Қазақстандық футбол жанкүйерлерінің есінде болса, Ласло 2018 жылы «Астана» сапында өнер көрсетіп, ел чемпионы атанған болатын. Ал матчтың аяқталуына алты минут қалғанда, яғни 84-минутта хорватиялық жартылай қорғаушы Дарко Неяшмич абайсызда өз қақпасына гол соғып алып, таразы басын қысқартты – 2:1. Енді қарымта матч 28 шілде күні Хорватияда өтеді.