Мысырдың бас шаһары – Каирде бір аптаға жалғасқан семсерлесуден кезекті әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүние жүзінің ең үздік деген спортшылары бақ сынаған жаһандық додада қазақстандық спортшылар да жүлдеге таласып көрген еді. Өкінішке қарай, Африка құрлығына аттанған 15 спортшымыздың бірде-біреуі жүлдеге іліне алмай, қоржынымыз тағы да бос қайтты.
Тағы да деп екпін түсіріп айтуымыздың себебі, тәуелсіздік алған жылдан бері әлем чемпионаттарына қатысып келе жатқан Қазақстан құрамасы осы күнге дейін бірде-бір мәрте жүлде ала алмай келеді. Жерлестеріміз биыл да сол «жетістіктерін» қайталап, Каирден жүлдесіз қайтты.
Дегенмен семсерлесушілеріміз Мысырда жүлдеге ілікпесе де, екі спортшымыз ширек финалға дейін жетіп, Қазақстан құрамасының тарихи жетістігін тіркеді. Бұған дейін ешбір спортшымыз іріктеу кезеңінен әріге аса алмай келген еді. Атап айтар болсақ, шпага сайысында бақ сынаған 2013 жылғы жазғы Универсиада ойындарының күміс медаль иегері, Әлем кубогы мен бірнеше халықаралық жарыстың жүлдегері Руслан Құрбанов әлем чемпионатындағы тұсаукесер кездесуінде германиялық Люк Беллманнан 15:12 есебімен басым түссе, кейінгі айналымда Токио Олимпиадасының қатысушысы қытайлық Лан Минхаоны (15:14), ширек финалда испаниялық Джерард Госнеллді (15:8) жарыс жолынан ығыстырды. Өкінішке қарай, жартылай финалға жолдама беретін бәсекеде жерлесіміз Токио Олимпиадасының чемпионы, осы жарыстың болашақ жеңімпазы франциялық Ромен Канноннан екі ұпай айырмашылығымен жеңіліп қалды – 15:13.
Ал екінші топта өнер көрсеткен Азия біріншілігінің жеңімпазы, Азия ойындарының жүлдегері Эльмир Әлімжанов бастапқы бәсекелерде чехиялық Михал Чупр (15:9) мен Хоссам әл Корсты (15:12) жеңсе, кейіннен 2019 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері мажарстандық Гергей Шиклошинен 15:9 есебімен айласын асырып, ширек финалға жолдама алған еді. Алайда жартылай финалда осы әлем біріншілігінің болашақ қола жүлдегері бельгиялық Нейссер Лойолаға есе жіберді – 15:8.
Ерлер арасындағы командалық жарыста сынға түскен Қазақстан құрамасы екінші айналымда Швециямен кездесіп, 43:39 есебімен жеңіліп қалды. Бұл сында Франция құрамасының бағы жанып, әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей жарыстарда бақ сынаған өзге жерлестеріміз іріктеудің екінші айналымынан аса алған жоқ.
Бір аптаға жалғасқан әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде 8 медаль (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалаған Франция құрамасы топ жарды. Кейінгі орындарға Оңтүстік Корея (3 алтын) және Италия (2 алтын, 4 күміс, 2 қола) спортшылары жайғасты. Енді 2023 жылғы әлем чемпионатын Италияның Милан қаласы қабылдайды.