• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Шілде, 2022

Сириядан жеңіліп, жерге қаратты

205 рет
көрсетілді

Футзалшыларымыздың былтырғы әлем чемпионатындағы таңдай қақтырарлық нәтижесінен, волейболдан қыздар арасындағы «Алтай» және «Қуаныш» командаларының қатарынан екі жыл Азияда үздік шығуынан, тағы басқа әлемдік аренада бақ сынаған клубтарымыздың тәуір көрсеткіштерінен кейін қазақстандық спортшылардың да командалық сайыстарда ұжымдық ойын көрсете алатынына жанкүйерлер сене бастаған еді. Алайда баскетболдан Азия кубогына қатысқан ұлттық құрама спортшылары осы бір жап-жақсы бастамалардың тас-талқанын шығарды.

Индонезияның астанасы – Джакартада ұйым­дастырылған баскетболдан ерлер арасындағы XXX Азия кубогында Қазақстан құрамасы Жапония, Иран және Сирия спортшыларымен бір топта өнер көрсетіп, үш елдің өрендерінен де масқара болып жеңілді. Жерлестеріміз алғашқы турда 1966 және 1971 жылдары құрлық чемпионатында топ жарған Жапония баскетболшыларымен кездесіп, 100:68 (23:22, 22:26, 29:11, 26:9) есебімен ұтылды. Күншығыс елінің өкілдері Азия рейтингінде 7-ші, әлемде 38-ші сатыда орналасқан болса, Қазақстан құрамасы Сары құрлықта 10-шы, әлемдік рейтингте 68-орынға жайғасқан.

Олег Киселев шәкірттері кейінгі турда Жапо­ниядан әлдеқайда мықты, Азияның тағы бір ал­дыңғы қатарлы құрамасы саналатын Иранмен шеберлік байқасты. Азия рейтингінде 2-ші, әлемде 23-орында тұрған Иран баскетболшылары да біздің спортшыларды бет қаратпай ұтты – 96:60.

Жарыс ережесі бойынша әр топта бірінші орын алған құрама тікелей ширек финалға шықса, 2-3-орынға ие болған құрамалар өзара плей-офф кезеңінің жолдамасын сарапқа салады. Алғашқы екі ойында сәтсіздікке ұшырап, топтағы жоғары орындардан күдер үзген Қазақстан құрамасы жарыстың плей-офф сатысына шығу үшін соңғы турда қалай да Сирия баскетболшыларын жеңуге тиіс еді. Екі құрама өкілдері былтыр қараша айында 2023 жылы өтетін Әлем кубогының бірінші іріктеу кезеңінде кездесіп, жерлестеріміз екі ретінде де Сирия құрамасын тізе бүктірген-ді. Қазақстандағы алғашқы ойында біздің жігіттер 84:74 есебімен басым түскен болса, қарымта кездесуде де 10 ұпай айырмашылығымен жеңіске жеткен-ді – 71:81.

Өкінішке қарай, плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беретін соңғы ойында рейтингте Қазақстаннан әлдеқайда төмен орналасқан (Азияда 15-ші, әлемде 83-орында) Сирия баскетболшылары жерлестерімізді сан соқтырып кетті. Бірінші он минуттықты біздің жігіттер 26:16 есебімен өз пайдасына аяқтағанымен, кейінгі екі кезеңде 7:21, 13:24 нәтижесімен қарсыластарына жол берді. Ал соңғы, төртінші кезеңде отандастарымыз 21:16 есебімен басым түскенімен, жалпы есепте 67:77 болып жеңіліп қалды. Сөйтіп, Сирия құрамасы жарыстың келесі кезеңіне жолдама алса, бірде-бір ойында жеңіске жете алмаған Қазақстан спортшылары Азия кубогындағы бәсекесін аяқтады.

Құрлықтық доданың тарихына үңілер болсақ, Қазақстан құрамасы Азия кубогына 1995 жылдан бастап қатысып келеді. Жерлестеріміз сол жылы Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған алғашқы жарысында «ә» дегеннен тәуір нәтиже көрсетіп, турнирді бесінші орынмен түйіндеді. Бесінші орын үшін өткен бәсекеде Қазақстан Сауд Арабиясы құрамасын 95:82 есебімен қапы қалдырған-ды. Ал 2007 жылы Жапонияда өткен Азия кубогында тарихи нәтиже көрсетіп, төртінші орынға ие болды. Қола жүлде үшін болған ойында жерлестеріміз Оңтүстік Кореядан жеңіліп қалды – 80:76.

Баскетболшыларымыздың Азия кубогы ойын­дарындағы ауыз толтырып айтарлықтай бар жетістігі осы. Өзге біріншіліктерде Қазақстан құрамасының нәтижесі тым нашар болды. Ең өкініштісі, 2017 жылғы және биылғы додада жерлестеріміз топтан шыға алмай, жанкүйерлері алдында ұятқа қалды.

Енді баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы 2023 жылы өтетін Әлем кубогының екінші іріктеу кезеңіне дайындалады. Алғашқы айналымда D тобында өнер көрсетіп, өз тобында 1-орынмен іріктеудің 2-айналымына жолдама алған жерлестеріміз екінші іріктеуде Бахрейн, Иран, Аустралия, Қытай және Жапония құрамаларымен жолдаманы сарапқа салады. Алғашқы үш орындағы құрамалар Әлем кубогына қатысады. Іріктеу ойындары тамыз, қараша және 2023 жылдың ақпанында өтеді деп жоспарланған.

Баскетболдан 2023 жылғы Әлем кубогы 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірден 3 мемлекетте – Индонезия, Жапония және Филиппинде өтеді. Қазақстан құрамасы 2019 жылы Әлем кубогының екінші іріктеу кезеңіне өткенімен, финал­дық сайысқа жолдама ала алмаған еді.