Алдағы қазан айында елімізде тұңғыш рет теннистен Astana Open ATP 500 турнирі ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Қазақстанның теннис федерациясы мәлімдеді.
ATP 500 турнирі «Үлкен дулыға» санатына енетін төрт ірі жарыс пен ATP Masters 1000 додаларынан кейінгі үшінші деңгейдегі жарыс болып есептеледі. Елордадағы теннисшілердің маңызды сайысы 1-9 қазан аралығында Ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді.
«АTP-дың Қазақстанға осындай деңгейдегі жарысты өткізуді сеніп тапсырғанына қуаныштымыз. Бұл – елімізде теннисті дамыту үшін әлемдік озық тәжірибені пайдаланудағы бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді», деді Қазақстан теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті Болат Өтемұратов.
Тағы бір атап өтетін жайт, қазірдің өзінде Astana Open-ге әлемдегі ең үздік 10 теннисшінің қатарына кіретін бірқатар спортшы қатысуға ниет білдіріп отыр. Олардың қатарында әлемнің 1-ракеткасы, АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы ресейлік Даниил Медведев бар.