• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Шілде, 2022

«Президент кубогы» – Сафиуллинге бұйырды

95 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық теннис орталығының жазғы хард корттарында ATP Challenger Tour және ITF Women’s World Tennis Tour сериясына енетін дәстүрлі «Президент кубогы» жарысы аяқталды. Еліміздің ең үздік теннисшілері мен әлемдік рейтингте алғашқы 200-орында тұрған шетелдік спортшылар шеберлік байқасты.

Бір аптаға жалғасқан турнирдің ерлер арасындағы финалдық бәсекеде алматылық Денис Евсеев пен әлемнің 151-ші, осы жарыстың 1-ракеткасы ресейлік Роман Сафиуллин бас жүлдені сарапқа салды. Бұл – әлемдік рейтингте 341-орында тұрған 29 жастағы қазақстандық теннисшінің карьерасындағы алғашқы Челленджер турнирінің финалы болатын. Бұған дейін ITF санатындағы ең төменгі Фьючерс жарыстарында топ жарып жүрген отандасымыз, өкінішке қарай, Челленджер додасында топ жаратын алғашқы мүмкіндігін пайдалана алмады.

Финалдық сайыстың бірінші партиясын Денис Евсеев тәуір бастап, сегіз сетте 6:2 есебімен жеңіске жеткенімен, екінші партияда Р.Сафиуллин есе қайтарып, таразы басын теңестірді – 6:4. Ал үшінші, шешуші партияда ресейлік спортшының тай-брейкте бағы жанып, жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2). Осылайша, Роман өз спорттық жолында екінші рет Челленджер турнирінде жеңімпаз атанып, рейтингтік 80 ұпай мен 7 200 АҚШ доллары көлемінде сыйақыға ие болды. Финалда жеңіліп қалғанына қарамастан, Евсеев дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингте 341-ден 269-орынға көтерілді.

Әйелдер арасында «Президент кубогы» аясында өткен ITF World Tennis Tour W60 додасында жапониялық Моюка Учиджима үздік шықты. Ол финалда сербиялық Наталья Стефановичті ұтты – 6:3, 7:6 (7:2). Айта кетейік, жыл сайын дәстүрді түрде ұйымдастырылатын еліміздегі ең беделді жарыстардың бірі саналатын «Президент кубогы» турнирі әрқашан жоғары мәртебеге ие. Бір жылдары бұл жарыста әлемнің ең үздік теннисшілері, атап айтқанда, Даниил Медведев (ATP №1), Андрей Рублев (ATP №8), Ка­рен Ха­ча­нов (ATP №22), Миомир Кец­ма­но­вич (ATP № 30), Себастьян Корда (ATP № 46), Макс Перселл және басқа да көп­теген танымал ойыншы өнер көрсеткен.

Сондай-ақ әр жылдары «Президент кубогында» қазақстандықтардан Михаил Кукушкин мен Андрей Голу­бев, украиналық Илья Марченко, аустрия­лық Себастьян Оффнер, Герма­ния құрамасының қазіргі капитаны Рай­нер Шаттлер, Аустралия ашық чемпио­натының және «Ролан Гаррос» чемпионы хорват Иван Додиг, жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін жеңімпазы қытайлық Чжан Шуай және тағы басқа теннисшілер жеңіске жеткен.