• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Шілде, 2022

Қант зауыттарының қауқары

1007 рет
көрсетілді

Мемлекетімізді қант мәселесі әлі де әбігерге салуда. Өзімізде өндірілетін өнімнің мұнша қымбаттауына халық наразы. Сол өкпенің дені Жетісу өңіріне бағытталғаны жасырын емес. Елімізде ірі 4 қант зауыты болса, оның 2-еуі осы облысқа тиесілі. Әйтсе де, облыста шекердің бағасы шарықтап тұр. Көксу қант зауыты қант қызылшасын да, шикі қамысты да өңдейді. Ақсудағы өнеркәсіпте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал тұралап тұрған Алакөлдегі зауыт әлі кезегін күтуде. Дәл дүкендегі тұтынушылар секілді.

Қант өнімдерінің бағасын тұрақ­тандыру мақсатында Әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы, Көксу қант зауыты және «Магнум», «Смолл», «Тоймарт» сауда кешендері арасында 2 мың тонна қант өнімін килосын 450 теңгеден сатуға қатысты арнайы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ Ақсу қант зауытымен айналым схемасы бойынша 1 500 тоннаға келісімшарт жасалды. Әйтсе де, өңірдегі жағдай сіз бен біз ойлағандай емес. Аталған сауда орындарында баға келісімшарттағыдан әлде- қайда жоғары.

Мәселені әріден тарқатсақ, 20 млн-ға жуық халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін жылына 500 мың тоннадан астам қант қажет. Ал Жетісу облысындағы Ақсу мен Көксу, Жамбыл облысындағы Мерке қант зауыттары жылына 70 мың тонна көлемінде қант өңдейді. Осыдан-ақ қорытынды шығара беріңіз. Яғни отандық қант зауыттары өндірген шекер қазақстандықтар қажеттілігінің 13 пайызын ғана қамтамасыз ете алады деген сөз.

Экономикалық заңдылық бойынша егер азық-түлік импорты ішкі тұтыну көлемінің 20 пайызынан асса, бұл елдің нарығы импорттаушы елдер белгілеген бағаға тәуелді болады. Еліміздегі қант бағасының күрт қымбаттап кетуіне осы жағдай да себеп болуда.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәліме­тін­ше, соңғы 7 жылда қант қызылшасы егістігінің аумағы жеті жарым есеге артқан. Мәсе­лен, 2014 жылы 1,2 мың га құраса, 2021 жылы бұл көр­сеткіш 8,9 мың га жеткен екен. Сондай-ақ қайта өңдеуге өткі­зіл­ген өнім көлемі 20 есеге, нақ­тылай кетсек 9,9 мың тоннадан 196 мың тоннаға дейін ұл­ғайған. Бірақ бұл көрсет­кіш­ке қуана алмай отырмыз.

Қант өнімін облыста Көксу және Ақсу қант зауыттары өндіруде. Биыл шаруаларға өткізілген өнімнің әр тоннасына 30 мың теңгеден төленбек. Яғни зауыт тарапынан 15 мың теңге, субсидия есебінен 15 мың теңге беріледі.

Бұл былтырғымен салыс­тыр­ғанда 8 мың теңгеге артық. Десе де «Жерұйық» ком­муналдық базарындағы қант сатылатын орында ұзын-сонар кезек. Күннің аптап ысты­ғында кезегін күтіп терлеп-тепшіп, шөлдеп тұрған ақ­са­қал­ды да, ақ жаулықты ананы да, жастар мен балаларды да кездестірдік. Иін тірескен адам­дар кейде бір нәрсеге ке­ліс­­пей, бір-біріне дауыс кө­те­­ріп, қызылкеңірдек болып жа­та­ды.

«Қойды өрістен күткендей кезе­гіміз келгенше ұйпа-тұй­па­мыз шығады. Алдың­ғы жолы кешігіп, сатылымдағы қантқа қолымыз жетпеді. Бүгін таңғы сағат 5.30-да келсем, менен бұрын бірнеше адам кезек алған екен. Енді біраз күтсем кезегім келеді. Сонда алатынымыз 2-3 кило қант. Одан артық бермейді. Оның үстіне қарақұрым халық соңымызда ентелеп тұр», дейді кезекте тұрған қала тұрғынының бірі. Расымен, оның артында қант таусылып қалмаса екен деген үмітпен үздігіп тұрған жұрт­тың қатары қалың. Ара­сын­­да шыдамы таусылып, қолын бір-ақ сілтеп кетіп жат­қан­дары да бар.

«Ел аман, жұрт тынышта қант үшін осылай аласапыран боламыз деп кім ойлаған?! Ел басына күн туса мына ха­лық не істейді?» деп ренішін білдірген апамыз «Магнум» сауда орталығына бірнеше немересімен келіп, қол арбасын үш килодан қапталған қантпен толтырып алыпты. Біздің таңырқағанымызды сезе қойған апамыз: «Мына бала­лар да адам ғой. Үш килодан алуға міндетті», деді.

Бүгінде еліміздің кей өңі­рінде бір кило қанттың баға­сы мың теңгеге дейін шарықтап кеткені жасырын емес. Талды­қор­ған қаласындағы дүкен­дерде қанттың килосы 650-800 теңге көлемінде сатылуда. Мұндай баға тұтыну­шы­лардың қантқа деген сұра­ны­сын қамтамасыз ету және бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында қолға алынған «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ азық-түлік тұрақтандыру қоры тара­­пынан атқарылып жатқан ша­ралар есебінен ғана сақта­лып тұр.

«Облыстық азық-түлік тұ­­рақ­­тандыру қорында бү­гінде 1 500 тоннадан астам қант қоры бар. Оның әр килосы 280-317 теңге­ден ас­пайтын бағамен аптаның сей­сенбі, сәрсенбі, сенбі күн­дері Талдықорған қала­сын­дағы «Жерұйық» ком­му­нал­дық базарында, «Санжар», «Шойбек», SM market, «Нұралы», «Көксу» шағын мар­кеті, «Тоймарт» сауда ор­талығы және азық-түлік тұ­­рақтандыру қорымен келі­сім­ге отырған аудан орта­лық­тарындағы үй жанынан ашыл­ған дүкендерде сатылуда», дейді облыстық азық-тү­лік тұрақтандыру қорының өкіл­дері.

Былтырдан бері Көксу қант зауыты құрақ қантын өндіруді қолға алды. 2021 жылы 41 мың тонна шикізат өңделіп, 40 мың тонна құмшекер алған. Ал осы жылы 48 мың тоннаға квота алып, бүгінге 30 мың тонна шикізат өңделді. Сонымен қатар осы қараша айында Ақсу қант зауытында қамысты қайта өңдеу желісін қол­данысқа беру жоспарлануда. Осылайша, қос зауыт та жыл бойы жұмыс істеп, қа­мыс құрағы мен қызылшаны өңдемек.

Жетісуда қант қызылша­сы­ның егіс алқабы алдағы 4 жылда 15 мың гектарға дейін ұл­ғаймақ. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – егіс алаңы 8,1 мың га, 2024 жылы 10,7 мың га құраса, 2025 жылы бұл көр­сеткіш 12,2 мың га дейін же­те­ді. Жалпы, биыл бұл дақыл түрі 6,2 мың гектарға себілді. Одан 210 мың тонна өнім жинап, 20 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарда бар.

Сондай-ақ Алакөл ауда­нын­­дағы үшінші қант зауы­тын іске қосу көзделіп отыр. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл зауытты қайта қал­пы­на келтіру жөнінде үш халық­аралық қаржы институты өкілдерімен кездесуде бірне­ше ұсынысын жеткізді.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қантқа сұраныстың 25 пайызы орындалғанда сол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге болады екен. Біз осы деңгейге жету үшін кем дегенде жылына 1 млн тонна шикізат жинауымыз керек. Бұл үшін 25 мың гектар жерге қант қызылшасы егіліп, гектары­нан орташа есеп­пен 450 центнерден өнім жинау керек. Алайда былтыр жетісулық диқандар 8 925 гектар жерден қант қызылшасын қамбаласа, биыл 6 364 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен. Ауа райы, су, тыңайтқыш, тұқым, тағы да басқа күтіп-бап­таумен тікелей қатысты бо­­латын дақылдан күзде қан­ша өнім жинайтыны әзірше белгісіз. Сондықтан қантты көрші елдерден импорттауға мәжбүрміз.

Не десек те, қант үшін тайта­лас жуық арада тыйыл­май­­тын секілді. Инф­ля­ция да иық­тан тартуда. Түгін тартса, ма­йы шығатын жетісулық­тар­­­дың 6 мың га қызылшасы қа­жеттілікті қаншалық қана­ғат­­тандырады? Биыл Ақсу қант зауыты қант құрағынан қант өндіруге көшпек, ал Көк­су қант зауыты жазғы уа­қыт­та қант қамысынан қант өн­ді­руді қолға алғалы екі жыл болды. Олар қант құрағын мұ­хиттың арғы бетіндегі Бра­­зилиядан тасымалдайды. Егер бұрынғыдай жол жабы­лып қалса, не істемек? Сон­дықтан отандық қант өнді­рі­­сін өркендету үшін оны егіп, баптайтын диқандарды ынталан­ды­рудың амалын табу керек. Ала­көлдегі қант зауытын да қал­пына келтіру өзекті болып тұр.

 

Жетісу облысы