АҚШ-тың Юджин қаласында ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. «Хейворд Филд» стадионында өткен жаһандық додада дүние жүзінің 192 мемлекетінен келген 2 мыңға жуық спортшы 10 күн бойы 49 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
1983 жылы тұсауы кесілген жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының спортшылары дербес мемлекет ретінде 1993 жылы Германияның Штутгарт қаласында жалауы желбіреген әлем біріншілігінен бастап қатысып келеді. Сол уақыттан бері жерлестеріміз 14 жаһандық додада өнер көрсетіп, 3 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, ел қоржынына жүлделерді үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова (1 күміс, 2 қола), 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Ольга Шишигина (1 күміс, 1 қола), онсайыстан Дмитрий Карпов (2 қола) және сырықпен секіруден Григорий Егоров (күміс) салған еді.
Осы уақыт аралығында жерлестерімізге әлем чемпионатының күмісі мен қоласы бұйырса да, 29 жыл бойы отандастарымыздың медаль жиынтығында бір алтынның орны ойсырап тұрған еді. Міне, сол олқылықтың орнын Юджинде алғаш өткен әлем біріншілігінде 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында өнер көрсеткен Нора Джеруто толықтырды. Финалдық бәсекеде бүкіл елдің үмітін арқалап жарыс жолына шыққан Джеруто алдына жан салмай, АҚШ төрінде Әнұранымызды шырқатты. Бұл Қазақстан үшін жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионаттарындағы алғашқы алтын еді.
Жалпы, Орегондағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының 12 спортшысы 10 бағдарлама бойынша сынға түсті. Жерлестеріміз арасында ең үздік нәтижеге Нора Джеруто ие болса да, бірқатар атлетіміз АҚШ-та өздерінің жеке көрсеткіштерін жақсарта алды. Мәселен, 400 метрге жүгіру сынында Михаил Литвиннің әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған алғашқы қазақстандық атлет екенін атап өтуге болады. Ал 35 шақырымға спорттық жүрістен жарыс жолына шыққан Галина Якушева әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарына ілінбесе де, аталған қашықтықты 2 сағат 54 минут 50 секундта жүріп өтіп, Қазақстан рекордын орнатты.
Биіктікке секіру бойынша финалда өнер көрсеткен Надежда Дубовицкая медальға қол жеткізе алмағанымен, 196 сантиметрге секіріп, 8-сатыдан көрінді. Жалпы, Надежда Дубовицкая – биікке секіруден әлем чемпионатының финалына шыққан үшінші қазақстандық атлет. Бұған дейін Светлана Залевская (1999 ж) мен Марина Аитова (2007 ж) осындай деңгейге көтерілген еді.
Осылайша, АҚШ-тағы әлем чемпионатында алғашқы алтынын олжалаған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Бұл – егемендік алған жылдардан бергі әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік көрсеткіш. Сондай-ақ бір алтын жүлде иеленген Багам аралдары, Франция, Португалия, Марокко, Қатар, Словения мен Венесуэла Қазақстанмен қатар жайғасты.
Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары қатарынан екі әлем чемпионатында топ жарды. АҚШ спортшылары 13 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль еншіледі. Екінші орынға Эфиопия құрамасы табан тіреді – 4 алтын, 4 күміс, 2 қола. Бұл – Эфиопияның әлем чемпионаттарында көрсеткен ең үздік нәтижесі. Бұған дейін олар 5-6-орыннан жоғары көтерілмеген еді. Ал үздік үштікті Ямайка түйіндеді – 2 алтын, 7 күміс, 1 қола. Желаяқтар отаны саналатын аталған ел көбіне бестіктен төмен сырғыған емес. Ал 2015 жылы Қытайда ұйымдастырылған жаһандық додада олар Кениядан кейін 2-орынға жайғасқан еді.
Кения жеңіл атлеттері АҚШ-та 2005 жылдан бергі әлем чемпионаттарындағы ең нашар орыннан көрінді. Олар 2 алтын, 5 күміс, 3 қоламен жалпыкомандалық есепте төртінші орынға түсіп қалды. Кейінгі 7 әлем чемпионатында Кения атлеттері үнемі үздік үштіктің қатарынан табылатын.
Бұл жарыста барлығы 22 мемлекеттің Әнұраны шырқалды. Одан бөлек 45 елдің туы көкте желбіреді. Сондай-ақ АҚШ-тағы әлем чемпионатында екі әлем рекорды, тоғыз әлем чемпионатының рекорды, төрт құрлықтық және сегіз ұлттық рекорд жаңарды.
Келесі әлем чемпионаты 2023 жылдың 19-27 тамызы аралығында Мажарстанның бас шаһары – Будапештте ұйымдастырылады.